Қазіргі кезде робототехника мен жасанды интеллект саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары қарқынды дамуда.
Бүгінде роботтардың адам өміріне әсері айқын сезіле бастады. Оның тұрмысқа тигізер әсері, қажеттілігі уақыт өткен сайын арта түсті. Технология дами түскен сайын роботтардың саны артып, түрлі салаларда оң өзгерістер болып жатыр.
Робототехника саланың жетістіктері өндірістік процестерді оңтайландырудан бастап, күнделікті өмірдегі түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге дейінгі кең ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Осы орайда, Қостанай қаласындағы IT STEP Академиясында «Шаг» деп аталатын робот әзірленді. Бұл робот білім беру, зерттеу салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатын инновациялық жоба.
– «Шаг» атты жүйе – робототехника саласындағы соңғы жетістіктерді біріктірген бионикалық робот. Ол әртүрлі ортада жоғары тиімділікпен жұмыс істеуге қабілетті, көп функционалды құрылғы ретінде жасалған. Білім беру, зерттеу және кәсіби қолдану салаларында кеңінен пайдалануға арналған,-деді Халықаралық IT STEP Академиясының директоры Динара Түркістанова.
Жоғары мобильділік қабілеті. Робот төрт бионикалық аяқпен жабдықталған, бұл оған күрделі жерлерде, мысалы, ойлы-қырлы беткейлерде немесе баспалдақтарда сенімді қозғалуына мүмкіндік береді. Оның осы қасиеттері, сонымен қатар, тар кеңістіктерде де жоғары мобильділік қабілетін қамтамасыз етеді.
Зияткерлік функциялар. Роботтың жасанды интеллект жүйесі оның навигациялық және қоршаған ортаға бейімделу мүмкіндіктерін арттырады. «Шаг» роботы нысандарды тану, кедергілерден айналып өту, және автономды түрде бағытты жоспарлау сияқты міндеттерді өз бетімен атқара алады. Бұл қасиеттері оны жүктерді жеткізу және қоршаған орта туралы деректер жинау сияқты күрделі тапсырмалар үшін тиімді құрал етеді.
Ықшамдылық және беріктік. Роботтың салмағы жеңіл әрі көлемі шағын, бұл оны тасымалдауды және әртүрлі ортада пайдалануды жеңілдетеді. Оның материалы мен құрылымы берік болғандықтан, зертханаларда, өндірістік орталарда, ашық алаңдарда да қолдануға жарамды.
Білім беру және зерттеу саласында қолдану. «Шаг» роботында ашық бағдарламалау интерфейстері мен икемді бағдарламалық мүмкіндіктер қарастырылған, бұл оны оқыту процесінде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Студенттер мен зерттеушілер роботтың негізінде бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллект салаларында тәжірибе жинақтай алады.
«IT STEP Халықаралық Академиясы» 1999 жылдан бері ақпараттық технологиялар саласында мамандар даярлап келе жатқан білім беру орталығы. Бүгінгі күні Академия әлемнің 22 елінде жұмыс істеп, халықаралық деңгейде білім беру мекемесіне айналды. Қазақстанда алғашқы филиал 2013 жылы Астанада ашылды, қазіргі таңда барлық ірі қалаларда күндізгі және қашықтан оқыту мүмкіндіктерін ұсынып отыр.
– IT STEP Академиясы – IT саласына алғашқы қадам жасап, болашақ маман ретінде қалыптасу үшін таптырмас мүмкіндік. Академияның басты ерекшеліктерінің бірі – оқытудағы инновациялық тәсілдер, жайлы оқыту ортасы және тәжірибелі мамандардан білім алу мүмкіндігі. Мұнда 7-14 жас аралығындағы балаларға арналған Кіші Компьютер Академиясы жұмыс істейді, онда балалар бағдарламалау мен дизайнды бастапқы деңгейден меңгереді. Ересектерге арналған бағдарламалар да кең ауқымды қамтиды: 3D-дизайн, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, интернет-маркетинг сияқты IT саласының түрлі бағыттарында оқыту курстары ұсынылады. Оқуды сәтті аяқтаған студенттерге мансап орталығы жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді, – дейді Динара Түркістанова.
Академияда оқу әзірге тек орыс тілінде жүргізіледі, алайда келесі жылдан бастап қазақ тілінде де оқыту топтары ашылады деп жоспарлануда.
Оқытушылар құрамы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, бұл студенттерге өздеріне қолайлы тілде білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Академияда балалар мен ересектерге арналған IT саласымен танысу мақсатында тегін шеберлік сабақтары өткізіледі. Бұл сабақтарда балалар бағдарламалау тілдерімен танысып, 3D моделдеуді үйренеді, 3D принтердің жұмысын көріп, виртуалды шындық әлемін зерттейді. Ересектер де шеберлік сабақтарына қатысып, жаңа білім мен дағдыларды игереді.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған
кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77