Біздің Қостанай Образование

Қосымша білім беру ұйымдарының рөлі мен «Миндал» электрондық жүйесі

Қостанай қаласындағы қазақ тіліндегі үйірмелер туралы ақпарат өте маңызды әрі қазіргі уақытта ерекше назар аударуды талап етеді

Қазақстанның барлық өңірлерінде, оның ішінде Қостанай қаласында да балалар мен жасөспірімдерді дамытудың маңызды құралдарының бірі — қосымша білім беру ұйымдары. Балалар бос уақытында тек қана білім алумен ғана емес, өздерінің қызығушылықтарын арттырып, шығармашылықтарын дамытуға мүмкіндік алады. Бұл бағытта заманауи ақпараттық технологияларды қолдану ерекше орын алады, соның ішінде «Миндал» электрондық жүйесінің қосымша білім беру саласындағы рөлі зор.

Миндал электрондық қосымша білім беру жүйесі қаламызда қосымша білім беруді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл жүйені енгізу бірнеше маңызды мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Біріншіден, бұл жүйе қосымша білім беру саласында қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Яғни ата-аналар үшін үйірмелерге қабылдау үдерісінің барлығы көрініп, әділдіктің сақталуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, ата-аналарға үйірмелер, секциялар мен ұйымдастыру мәселелері бойынша толық ақпарат беріліп, олар балаларына ең ыңғайлы және қажетті үйірмені таңдауға мүмкіндік алады.

– Ата-аналардың барлығы «Миндал» қосымшасына тіркеліп, балаларына керекті үйірмелерді қарай алады. Ол жерде қаламыздағы барлық үйірмелер бар. Сонымен қатар уақыты, қай тілде екендігін, қандай жасқа арналған үйірме, барлығы анық көрсетілген, – дейді қаламыздағы білім бөлімі.

Қостанайдағы қосымша білім беруді дамыту — балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануға бағытталған, сонымен қатар олардың әртүрлі салаларда білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. IQostanay орталығы — қаланың қосымша білім беру саласында жетекші мекемелердің бірі. Бұл орталық үш негізгі бағытта — ғылыми-техникалық, экологиялық-биологиялық және көркемдік-эстетикалық бағытта 32 үйірме жұмысын ұйымдастырады. Барлығы екі тілде өткізіледі.

Ғылыми-техникалық бағыт — бұл орталықтың басты бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағытта 16 үйірме жұмыс істейді. Ғылымға қызығатын балалар физика, математика, информатика сияқты пәндер бойынша өз білімдерін жетілдіре алады, сондай-ақ технологиялық жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Бұл балалардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға және шығармашылық тұрғыдан өсуіне септігін тигізеді.

Экологиялық-биологиялық бағыттағы үйірмелер саны — 12. Бұл үйірмелер табиғатқа деген қызығушылығы бар балалар үшін маңызды. Олар экология, биология, қоршаған орта туралы білімдерін тереңдетіп, табиғатты қорғауға және табиғат ресурстарын дұрыс пайдалануға үйренеді. Осы бағыттағы үйірмелерде экологиялық мәселелерді шешуге байланысты түрлі жобалар мен зерттеулер жүргізіледі.

Көркемдік-эстетикалық бағыт — балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл бағытта орталықта 4 үйірме жұмыс істейді. Олар түрлі өнер түрлерін қамтиды — бейнелеу өнері, музыка, театр. Балалар көркемдік қабілеттерін дамытып, өздерінің сезімдерін және эмоцияларын өнер арқылы білдіруге үйренеді.

Орталықта барлығы 184 топ жұмыс істейді, оның ішінде қазақ тілінде оқытатын топтар саны — 93, ал орыс тілінде — 91 топ. Бұл көрсеткіш Қостанай қаласында қазақ тілінде қосымша білім беру ұйымдарының дамып келе жатқандығын көрсетеді. Қазақ тіліндегі үйірмелер балалардың ана тілінде білім алып, өздерінің мәдени және ұлттық құндылықтарын танып, оларға құрметпен қарауға тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақ тілінде білім алу олардың ана тілін жетік меңгеруіне, сөйлеу дағдыларын жақсартуға көмектеседі.

– Біздің қалада орыс тілді үйірмелер көп сияқты. Өйткені қайда бармасақта, 1 топ қазақ тілінде, ал 3-4 топ орыс тілінде. Сондықтан осындай қосымша арқылы қарап отырған ыңғайлы тәрізді. Көбінесе орыс тілді үйірмелерде әлеуметтік желі бар, мен балаларыма инстаграмм арқылы қарастырған болатынмын. Осы себептен кішкене қиындық туды, – дейді қала тұрғыны Кәусар Жұмағалиева.

Қазақ тіліндегі үйірмелердің рөлі — балаларды ұлттық мәдениетке баулып, олардың бойында патриоттық сезімдерді ояту болып табылады. Орталықта қазақ тіліндегі үйірмелер санының көбейтілуі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл — қазақ тілін қоғам өмірінің барлық саласына енгізу және қазақ тілін оқыту сапасын арттыру бағытында жасалған маңызды шара.

Қазіргі уақытта ата-­аналар мен балаларға арналған қосымша білім берудегі технологиялар мен қолжетімділікті арттыру «Миндал» сияқты электрондық жүйелердің арқасында іске асырылуда. Мұндай жүйелер ата-аналар үшін балаларын үйірмелерге жазу кезінде еңбек, уақыт және қаржы шығындарын азайтады. Сонымен қатар, педагогикалық құрамға түсетін жүктемені төмендетуге де мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыруға жағдай жасайды.

Қостанай қаласындағы қосымша білім беру жүйесі — балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына жағдай жасайтын маңызды құралдардың бірі. Қазақ тіліндегі үйірмелердің санының артуы мемлекеттік тілдің дамуына, балалардың ұлттық құндылықтарға жақын болуына жағдай жасайды. Сонымен бірге, электрондық жүйелерді енгізу арқылы ата-аналарға қолайлы жағдай жасалады, бұл балалардың оқу үрдісіне белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Ата-аналар мен балалар үшін қосымша білім беру саласы тек бос уақытты өткізу емес, сонымен қатар болашақтағы жетістіктердің негізін қалаушы құрал екенін ұмытпаған жөн.

Баланы ұйымға қабылдау үшін ата аналар электрондық платформаға кіруі керек mindal24.kz.. «өтініш беру» функциясын таңдаңыз, бұдан әрі – «Қостанай» қаласы және «Ikostanay оқушылар сарайы». Осыдан кейін сіз баланың суретін және 027/у формасындағы медициналық анықтаманы жүктеп, содан кейін бағыт пен шеңберді таңдауыңыз керек.

Жалпы мемлекеттік тілде үйірмелер жетерлік, тек дұрыс іздестіру қажет. Әрине, оған алдын ала тіркелу қажет, өйткені көбінесе орын саны шектеулі.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Абиль ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77