Біздің Қостанай Социум

Аманкелді Имановтың атымен аталған көшенің бүгінгі келбеті мен тұрғындарының пікірі

«Қала көшелері» жобамыз бойынша келесі көше Амангелді көшесі. Амангелді Иманов – қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі, 1916 жылғы көтерілісті ұйымдастырған тұлғалардың бірі. Ол Кенесары Қасымовтың жақын серіктесі болған Иман Дулатұлының немересі

Батырдың ерлігі мен өмірі қазақ тарихында мәңгі есте қалатын маңызды оқиғалардың бірі болып саналады. Амангелді көшесі осы есімді мәңгі есте сақтап қалу мақсатында берілген.

Аманкелді көшесінің тарихына көз жүгіртсек, бұрын бұл көшенің атауы Томская болған екен. Көше Жағалау көшесінің қиылысынан бастау алады және қаладағы маңызды нысандарды байланыстыратын негізгі көшелердің бірі болып табылады. Көшенің қиылыстарында орналасқан көше атаулары жазылған тақталардың кейбірі тозған, бұл тұрғындардың назарын аударып отыр.

Көше бойында Аманкелді Имановтың мүсіні орнатылған. Алайда, сол ескерткішке орнатылған QR-код алынып тасталған, сондықтан мүсін жайлы қосымша ақпарат алу мүмкіндігі шектелген. Бұл мәселе тұрғындар арасында талқыға түсіп, кейбіреулері “заманауи технологияларды неге қолданбаймыз?” деп ойларын білдірген.

Көшеде мектеп, балабақша және облыстық аурухана секілді маңызды әлеуметтік нысандар орналасқан. Әсіресе, 1 мамыр көшесімен қиылысқан жеріндегі облыстық аурухана ерекше көзге түседі. Тұрғындар бұл ғимараттың көлемін сараймен салыстырып жатады, оның айналасы да кең әрі ғимараттың архитектурасы әсерлі.

Көше тұрғындары бұл ауданның тыныштығын мақтайды.

-Біз үшін бастысы – тыныштық пен қауіпсіздік, осы жерде тұрып жатқанымызға ризамыз, – дейді көшеде кездестірген орта жастағы бір әйел.
-Жақын маңдағы мекемелердің барлығы қолжетімді болғандықтан, балалар мектепке, ата-аналар жұмысына оңай жетеді. Бәрі қолдың астында болған соң, көше ыңғайлы, – дейді тағы бір тұрғын.

Аманкелді көшесі осындай тарихы мен тыныш тұрмысымен қаланың маңызды бөлігіне айналған. Мұнда тұрғындардың өмірі мен тарихи ескерткіштер үйлесімділік тапқан. Тұрғындар болашақта көше атаулары жазылған тақталарды жаңартып, ескерткіш туралы ақпаратты қалпына келтіруді сұрайды, бұл тарихи тұлға жайлы халыққа қосымша ақпарат беруге мүмкіндік жасайды.

Көше тұрғындарынан және өтіп бара жатқан адамдардан Аманкелді Имановтың кім екенін сұрағанымызда, жауап бергендер аз болды. Он адамның тек біреуі ғана батырдың қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушы екенін білді. Қалғандары бұл тарихи тұлға жайлы хабарсыз болып шықты.

-Мүсін бар, бірақ кім екенін нақты білмедім, – деп жауап берді бір тұрғын.

Иә, бұл жағдай шынымен көңіл қынжылтады. Тарихи тұлғалардың есімдері берілген көшелерде тұратын адамдар олардың кім екенін білуі маңызды. Аманкелді Иманов секілді ұлт батырының ерліктері туралы ақпараттың ұмытылуы – тарихымызды ұрпақтарға дұрыс жеткізуді әлі де жетілдіру қажет екенін көрсетеді. Мүмкін, мұндай жағдайды болдырмау үшін мүсін жанындағы QR-кодты қалпына келтіріп, тұрғындарға арналған ақпараттық тақталарды орнату секілді шаралар қолға алынуы керек шығар.

Аяжан СЕРІК, суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77