Образование

Атырау қаласында «Saraishyq Upgrade-2024» халықаралық жастар форумы өтті

Бұл форум халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу, шекаралық ынтымақтастықты нығайту және жаңа білім алудың бірегей алаңына айналды

Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан сияқты көрші елдерден және Қазақстанның 8 өңірінен келген талантты жастар осы іс-шарада бас қосты.

Жастардың шығармашылық, интеллектуалды және кәсіби дамуына бағытталған бұл форумға 1000-нан астам жастар қатысуға ниет білдіргенімен, олардың тек 300-і іріктеуден өтіп, осы маңызды іс -шараның қатысушылары қатарынан табылды. Форум биыл 2-ші рет ұйымдастырылып отыр, әрі оның басты мақсаты – креативті индустрияны қолдау және ұлттық брендті ілгерілету, сондай-ақ халықаралық деңгейде инновациялық идеялармен алмасу.

Қостанай облысынан «Қуыршақ театрының» әртісі Даниил Норка  мен Қостанай жоғары политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Еркебұлан Төлегенов форумға қатысып, «Театр» және «Жасанды интеллект» бағыттары бойынша жүлделі болды. Жас мамандардың заманауи технологиялар саласындағы білімдері мен қабілеттері озық болып танылды.

– Форумда өткізген екі күн менің кәсіби қызметімде үлкен тәжірибе жинақтауға септігін тигізді. Сонымен қатар, мен ішкі өсуді сезініп, өз күшіме деген сенімімді одан сайын арттырдым. Форум барысында бізге серіктестің сезімін көрсетуге арналған этюд жасау тапсырылды. Бұл тапсырмада біз өз кәсіби дағдыларымыз бен шеберлігімізді барынша көрсетуіміз керек болды. Мен Жангелдин ауданынан келген режиссер Фариза Бүркітбаймен және Ақтөбе драма театрының әртісі Руфина Ибрагимовамен бірге «Театр» бағыты бойынша байқаудың күрделі тапсырмаларын сәтті орындап, үздік нәтиже көрсеттік. Бірлесе отырып, біз «Операдағы оқиға» атты тамаша және импровизациялық этюд жасадық. Біздің өнеріміз кәсіби қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, бұл бағытта жеңімпаз атандық. Бұл тәжірибе мен үшін ерекше әрі есте қаларлық болды,- дейді Даниил Норка.

Екі күнге созылған форум барысында «Кинемотография», «Музыка», «IT және жасанды интеллект», «Маркетинг», «Театр», «Хореография» сынды алты бағытта республикалық деңгейдегі белгілі спикерлер семинарлар өткізіп, қатысушылармен тәжірибесімен бөлісті. Спикерлер арасында мәдени және креативті индустрияда табысқа жеткен тұлғалар болды. Мысалы, «Oyu» музыкалық жобасының және танымал «Oyu Fest» жастар фестивалінің негізін қалаушы Еркебұлан Күрішбаев, кинорежиссер, сценарист және продюсер Әлішер Утев, маркетолог Расул Абдулла, Ninety One тобының хореографы Асия Айешова сынды мамандар өздерінің шеберлік сыныптарын өткізді.

– Біз форумда екі күн бойы спикерлермен жұмыс істедік, тапсырмалар орындап, жаңа ақпараттар алып, жасанды интеллектімен қалай жұмыс істеуді тәжірибеден өткіздік. Жасаған жобамның нәтижесі бойынша жүлдеге ие болдым. Менің жобам басқалардан ерекше көзге ілінді. Ең басты мәселе – экология. Жоба – Атырау облысының экологиялық жағдайы туралы ақпараттық жүйе құруға арналды. Бұл жүйе жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейді. Мен прототипті, оның суретін және сипаттамасын жасанды интеллект арқылы жасаған едім. Бұл тәжірибе мен үшін өте пайдалы әрі маңызды болды, – деді Еркебұлан Төлегенов.

Форумның ерекшелігі – жас креаторларға алған білімдері мен дағдыларын тікелей іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік беруінде. Олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша нақты тапсырмалар орындап, өзара бәсекеге түсіп, шығармашылық шеберліктерін сынға салды. Бұл үдеріс жас мамандардың кәсіби өсуіне үлкен септігін тигізді.

Жеңімпаздар 300 000 теңге көлемінде ақшалай сертификаттармен марапатталды, бұл олардың шығармашылық және кәсіби дамуына елеулі қолдау болары сөзсіз. «Saraishyq Upgrade-2024» форумы – креативті ойлау, кәсіби шеберлік пен жаңа идеялармен алмасу арқылы жастарға өз мүмкіндіктерін дамытуға ықпал еткен маңызды іс – шара ретінде танылды.

 

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВАсуреттерді ұсынған кейіпкер

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77