Біздің Қостанай Социум

Ерлік, жауапкершілік және адам өмірін құтқару жайлы

№10 өрт сөндіру бөлімі Қостанай ауданының барлық елді мекендеріне қызмет көрсетеді. Штат бойынша 42 адам жұмыс істейді.

Үш өрт сөндіру бөлімі бар. 50 елді мекенге қызмет көрсетеміз. Азаматтық қорғау капитаны және қарауыл бастығы Бауыржан Бекболатов қызметте сегіз жыл жұмыс істеп келеді, оның алты жылын қазіргі лауазымында атқарып жүр. Осы уақыт ішінде ол адамдарды құтқарып, өртпен күресу кезінде көптеген қиындықтар мен қауіп-қатерлерге тап болды. Өз сұхбатында ол жұмысындағы маңызды сәттерімен бөлісіп, жас қызметкерлердің стресті жағдайларға қалай бейімделетіні туралы әңгімеледі.

Бауыржанның айтуынша, оның жұмысы үлкен қауіп-қатерлерге толы, әсіресе, ғимарат толықтай өртке оранған сәтте ішінде адамдар немесе қауіпті заттардың бар-жоғын білмей жұмыс істеу қиын. Дегенмен, капитан көбінесе өзін емес, әріптестері үшін алаңдайтынын айтады, себебі өрт сөндіру барысында қарауыл бастығы жеке құрамның қауіпсіздігі үшін жауап береді.

-Қорқыныш өзім үшін емес, әріптестерім үшін болады, — деп бөліседі капитан.

Сонымен қатар, Бауыржан Тобыл қаласында болған бір оқиғаны еске алады, онда оның тобы бір адамды құтқарып қалған. Оқиға орнына жеткенде, ғимарат қатты түтіндеп, көріну мүмкіндігі мүлдем болмаған. Бөлмелердің бірінде диванда ес-түссіз жатқан ер адам табылып, оны таза ауаға шығарып, өмірін аман алып қалған.

Бауыржан жас қызметкерлерді дайындауға ерекше мән береді. Оның айтуынша, жаңа қызметкерлер арнайы тыныс алу аппараттарын киіп, түтінге толы бөлмелерге кіргенде алғашында қатты қорқып, кейбірі тіпті үрейге бой алдырады. Сондықтан, өрт сөндірушілер арнайы дайындықтан өтеді, мұндай жаттығулар оларды қиын жағдайларда салқынқандылықпен әрекет етуге үйретеді.

-Адам үрейге бой алдырса, оттегі жылдамырақ таусылады-, — деп түсіндіреді Бауыржан.

Ол жүйелі жаттығулардың жас мамандарды стресті жағдайларға бейімделуге қалай көмектесетінін айтады.

Қазіргі уақытта Бауыржанның ұжымында бірнеше жас маман жұмыс істейді, олардың жетістіктеріне капитан мақтанышпен қарайды. Тәжірибелі қызметкерлер де өз білімі мен тәжірибесімен бөлісіп, жаңадан келгендерге көмектеседі.

Капитан өз жұмысындағы ең қорқынышты сәттерімен бөлісті, әсіресе, өрт кезінде қаза тапқан адамдарды тапқан оқиғалар оны қатты толғандырады. Мұндай жағдайлардың бірі Носков ауылында болған, онда өрт кезінде үйде кішкентай бала қалғаны туралы хабарланған. Бақытына орай, құтқарушылар келгенге дейін баланы көршісі терезеден шығарып үлгерген. Алайда, капитанның айтуынша, жағдай әрқашан жақсы аяқтала бермейді. Бауыржан қызметте бірнеше рет өрттен қаза тапқан адамдарды тауып алған кездері де болғанын айтты.

-Ең қорқынышты сәт – адамдарды құтқара алмаған кезде-, — дейді капитан.

Ол өзінің еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастаған. Алты ай стажер болып жұмыс істеген соң алғашқы тәжірибесін жинақтайды. Көп ұзамай, жоғары білімінің арқасында қарауыл бастығы лауазымына тағайындалады. Отбасында бұл салада ешкім жұмыс істемесе де, ол дәл осы мамандықты таңдаған, себебі оны жауапкершілік пен адамдарға көмектесу мүмкіндігі қызықтырған.

-Жұмыс өте абыройлы, адамдарды құтқарасың. Бұл – тәртіптілік пен жауапкершілікті талап ететін іс, маған бұл өте ұнайды, — дейді ол.

Бауыржан мен оның командасы оқушылар арасында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізеді. Олар өрт сөндіру бөліміне экскурсиялар ұйымдастырып, жұмыстың ерекшеліктері, құрал-жабдықтары мен өрт сөндіру көліктері туралы айтып береді. Оның айтуынша, оқушылардың барлығы бірдей бұл салаға қызыға бермейді, көпшілігі заманауи мамандықтар – бағдарламалау мен IT саласына бет бұруда. Дегенмен, өрт сөндірушілер жастарға құтқарушы мамандығының қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге тырысады.

-Кейбіреулер танымал мамандықтарды таңдайды, бірақ біз өз жұмысымыздың да маңызды және қызықты екенін көрсеткіміз келеді, — дейді Бауыржан.

Өрт сөндірушінің жұмысы батылдықты, шыдамдылықты және ауыр жағдайда жұмыс істеу қабілетін талап етеді. Бауыржан Бекболатов пен оның әріптестері күн сайын өз өмірлерін қатерге тіге отырып, өзгелерді құтқару үшін барын салады. Олар барлық қиындықтарға қарамастан, өз міндеттерін абыроймен атқарып, кәсібіне адалдық пен ерліктің үлгісін көрсетуде.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77