Биыл ауруханада кең көлемді жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеуді жүзеге асыруға «Строй Хоум КВ» ЖШС-мен жалпы құны 77 млн 805 мың теңгені құрайтын келісімшарт жасалды.
1987 жылы іргетасы қаланған Қостанай аудандық ауруханасының хирургиялық және босану бөлімшесі көп жылдар бойы өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді. Ауруханаға ай сайын жүзге жуық науқас түсетін болса, бүгінде ол заманауи медициналық қызмет көрсету талаптарына сай болу үшін жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл орайда, бөлімше ғимаратында соңғы 20 жылдан бері жөндеу жұмыстарының болмағаны айтарлықтай мәселе болған. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, ғимараттың қазіргі жағдайы жөндеуді талап етіп қана қоймай, құрылыс және техникалық параметрлері де өзгертілуі тиіс болды. Сондықтан, ғимараттың толық жөндеу жұмыстары жоспарланып, іске асыру кезеңі басталды. Аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлімжан Мирмановтың сөзінше, жөндеу жұмыстарының ауқымы үлкен және бірқатар негізгі нысандарды қамтиды. Ғимараттың басты назар аударатын бөліктері – шатыр, жылыту жүйесі, су құбыры, кәріз жүйесі, электр сымдары мен желдету жүйесі.
ЖОСПАРЛАНҒАН ЖҰМЫСТАР
– Біздің ауруханада ауқымды ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Біріншіден, ғимараттың барлық еден жабындарын толықтай ауыстыру жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ, қабырғалар мен бөлмелерді қайта бояу да жоспарда бар. Мұның барлығы науқастардың және қызметкерлердің жайлы жағдайын қамтамасыз ету үшін маңызды. Сонымен қатар, линолеум мен керамогранит плиткаларын ауыстыру, қабырғалар мен төбелерді су эмульсиялы бояумен, майлы бояумен бояу, және цокольды қабаттағы терезелерді жаңарту көзделген. Одан бөлек, жылыту жүйесін толық жаңарту жұмыстарын жүргіземіз. Ғимараттың тиімді жылытылуын қамтамасыз ету қажет, себебі біздің аурухана науқастарға жыл бойы қолайлы температураны сақтау керек. Қазіргі ескі жүйе мұндай талаптарға толықтай жауап бере алмайды, сондықтан бұл өзгеріс аса маңызды. Сонымен қатар, шамамен 5000 метр электр сымдарын жаңарту жұмыстары жоспарланған. Бұл ретте жарықтандыру жабдықтарын, электр қосқыштары мен жарық көздерін ауыстыру да басты назарда. Жарық жүйесін жаңарту арқылы біз ғимараттың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруды көздеп отырмыз. Шатырды жөндеу де жоспарымызда бар. Дегенмен, бұл жұмыстар құжаттарда ағымдағы жөндеу ретінде көрсетілгендіктен, толық көлемде емес, тек ең қажетті және проблемалы аумақтарда ғана жүзеге асырылады. Сондықтан, шатырдың 40 пайызын ғана жөндеу қарастырылған. Бұл мәселеде біз ең алдымен ғимараттың қауіпсіздігіне назар аударып, күрделі жөндеуді қажет ететін бөліктерді анықтап алдық, – деп мәлімдеді Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлімжан Мирманов.
Жөндеу жұмыстарының ауқымдылығы соншалық, ғимарат толығымен босатылды. Хирургиялық және босану бөлімшелеріндегі барлық науқастар облыстық ауруханаға ауыстырылды. Бұл шешім, науқастардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін қабылданды. Сондай-ақ, жұмысшылардың көбі уақытша демалысқа шықса, кейбіреулері поликлиникада жұмыс істеуде. Бұл жаңарудың арқасында, ғимарат тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта ұсынып, медициналық қызметтердің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
АҒЫМДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖӘНЕ НӘТИЖЕ
-Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шатырды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, жылыту жүйесінің жөнделуі 70 пайызға жетті. Қабырғалардың желдетілуі 40 пайызды, еден плиткасының төселуі 80 пайызды құрайды, ал қабырға плиткасының төселуі 20 пайызға жетті. Бүгінгі таңда жөндеуге жататын бөліктерде демонтаж жұмыстары 100 пайызға жуық орындалды. Ескі қабырғалар мен жабындар алынып, жөндеу жұмыстарына толық дайындық жүргізілді. Қазір біз жөндеудің негізгі кезеңіне көштік, оны шамамен 60 пайызға орындадық деуге болады. Басты назарда тұрған жылыту жүйесін толық жаңарту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл – ғимараттың үздіксіз жұмыс істеуі үшін аса маңызды қадам болды. Енді ішкі әрлеу жұмыстарына кірістік. Бөлмелердің жағдайын жақсарту мақсатында жекелеген кабинеттер мен палаталарға кафель төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылы әрі таза орта қалыптастыру үшін бұл процестің маңызы зор. Сонымен қатар, қабырғаларды арнайы материалдармен өңдеу жұмыстары да басталды. Бұл науқастардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған үрдіс. Қабырғаларды жаңартып, олардың сапасын арттыру арқылы біз аурухананың ішкі көрінісін заманауи талаптарға сай етіп қайта қалыптастырамыз, – деп мәлімдеді Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлімжан Мирманов.
Дегенмен, су құбыры, кәріз жүйесі, желдету және қабырғаларды бояу жұмыстары басталған жоқ. Жөндеу жұмыстарының аясында жаңа медициналық құрал-жабдықтар мен жиһаз сатып алу қарастырылмаған. Әлімжан Мирмановтың айтуынша, аурухананың қазіргі жабдықталуы заманауи талаптарға сай және медициналық қызмет көрсетуге толықтай жарамды. Сондықтан, осы бағытта қосымша қаржы бөлу қажеттілігі туындамаған.
Жергілікті тұрғын жөндеу жұмысының маңыздылығына тоқталып, мекемені жаңарту арқылы ұсынылатын медициналық қызметтің сапасы артады деген сенімде.
-Мен, осы ауданның тұрғыны ретінде, медициналық мекемеміздегі жөндеу жұмыстарының жүргізілуін қуанышпен қарсы аламын. Біздің ауруханамыздың ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмей, ескіргені белгілі. Осы жағдайлар науқастар мен қызметкерлер үшін қолайсыздық тудырды. Жөндеу жұмыстарының басталуы, менің ойымша, аудан тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізеді. Заманауи жүйеге сай келетін медициналық мекеме біздің ауданымыздың тұрғындарына жоғары деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді деген ойдамын.,-дейді аудан тұрғыны.
Жөндеу жұмыстарының толық аяқталуы 2024 жылдың желтоқсан айының орта тұсына жоспарланып отыр. Жаңартылған бөлімшелер науқастарға заманауи әрі жайлы жағдайда медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Жөндеу аяқталғаннан кейін, бұл ғимарат жаңа тыныс алып, өз қызметін жаңа деңгейде жалғастыратын болады. Қостанай аудандық ауруханасының бұл бастамасы аймақ тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыруда маңызды қадам болмақ.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА
суреттерді ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77