Культура

VI Республикалық «Жас толқын – 2024» байқауы өтті

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінің көрме залында бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнердегі жас авторлардың байқауы ұйымдастырылды.

Бұл іс-шара жас дарындардың шығармашылық әлеуетін қолдауға және өнердегі жаңа есімдерді таныстыруға бағытталған. Байқауға қатысушылар қазылар алқасының назарына түрлі тақырыптардағы жұмыстарын ұсынды. Олардың шығармаларында Қазақстанның бай мәдениеті мен терең тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, адамның сезімдері мен іс-әрекеттерінің сұлулығы, сондай-ақ туған жердің көркем табиғаты сынды тақырыптар көрініс тапты.

«Жас толқын – 2024» байқауына биыл еліміздің түкпір-түкпірінен, оның ішінде Қостанай облысы, Астана, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Орал, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан 100-ден астам жас авторлар өтінім берді. Бұл авторлар өздерінің жаңашыл көзқарастарын, ұлттық мұра мен табиғатқа деген сүйіспеншілігін өнер тілі арқылы бейнелеп, көпшіліктің назарына ұсынды.

Қазылар алқасында ҚР-ның суретшілер одағының мүшелері Вадим Быков, Баян Жолдыбайқызы, Әділғали Баяндин, Андрей Викторович секілді қылқалам шеберлері қатысты. Байқау жұмыстары төрт номинация бойынша бағаланды: кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер. Әр номинация бойынша 3 жүлделі орын анықталып, ақшалай сертификаттар берілді. Қазылар алқасының мүшелері Бас жүлде жеңімпазын анықтады.

– Құрметті қатысушылар, мен сіздердің шығармашылық жолдарыңыздың жарқын боларына сенемін. Өнерге уақыт арнаңыздар, себебі шығармашылық – шабыттың қайнары, ол – өмірдің мәні, – деді ҚР-ның суретшілер одағының мүшесі Светлана Ивановна.

«Графика» бағыты бойынша Лисаковск қаласынан Лейла Макаева 2-дәрежелі дипломға иеленіп, 70 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. «Кескіндеме» бағыты бойынша Орал қаласынан Асылым Болатова және Ұзынкөл ауданынан Юлия Колесниченко 2-дәрежелі диплом иегерлері атанып, әрқайсысы 70 000 теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. «Сәндік-қолданбалы өнер» бағытында 1-дәрежелі диплом мен 150 000 теңге көлеміндегі бас жүлдені Диана Өтепова иеленді. «Кескіндеме» бағыты бойынша 1-дәрежелі диплом мен 150 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа Орал облысынан келген Айнұр Бекниязова ие болды. Ал «Сәндік-қолданбалы өнер» бағытында 1-дәрежелі диплом және 300 000 теңге ақшалай сыйлықты Айдар Тұрысбек иеленді.

– Мен байқауға «Ата мектебі» атты жұмысымды ұсындым. Жұмыс классикалық бағытта, майлы бояумен орындалған. Бұл арқылы атаның отбасыдағы рөлін, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты көрсеткім келді. «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» дегендей, атадан тәрбие көрген ұрпақ ешқашан жерде қалмайды, – деп бөлісті жеңімпаз Айнұр Бекниязова.

Айдар Тұрысбек өз туындысын қазақтың киелі аспабы – қобызды қолдан жасай отырып, ерекше әдіспен орындаған. Ол қобызды жасау үшін 150-ге жуық асық, қошқар мүйіз және шек қолданғанын айтты. Барлығы табиғи материалдардан жасалған.

– Алдымен эскиз жасап, кейін қажетті құрал-жабдықтарды жинап, туындыны жасауға кірістім. Бұл жұмысқа шамамен бір ай уақытым кетті, – деді жеңімпаз Айдар Тұрысбек.

Бұл көрме жас авторларға шабыт беріп, олардың шығармашылық жолында жаңа белестерге жетелеуге ықпал етеді деп күтілуде.

Дильназ Изделюева

Суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77