Біздің Қостанай Социум

«Qostanai Digital Day» – жаңа мүмкіндіктер алаңы

Форумда цифрлық технологиялар мен экологиялық жобалар ұсынылды.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, цифрландыруды және жасанды интеллектті дамыту аясында «Qostanai Digital Day» форумы өтті. Форум барысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында стартап аллеясы және IT мектептерінің көрмесі ұсынылды.

Бұл іс-шара ақпараттық технологиялар мен цифрлық инновациялар саласындағы жетістіктерді таныстыру үшін маңызды алаңға айналды. Форумда 20-дан астам көрмелер мен жобалар ұсынылды. Жас қатысушылар тың жобаларды ойластырып, өз жұмыстарын ортаға салды. Форумда таныстырылған жобалардың бірі – ауыл шаруашылығындағы өндіріс жүйесін оңтайландыруға арналған жоба.

– Біздің жобамыз көкөністерді сұрыптау мәселесін шешуге арналған. Атап айтқанда, бұл өндірісте адам факторының әсерінен болатын қиындықтарды жоюға бағытталған. Мұндай қиындықтар сапаның төмендеуіне, қаржылық шығындардың көбеюіне және өнімділіктің төмендеуіне алып келеді. Біз осы жүйені оңтайландыруды мақсат еттік, ал біздің шешіміміз – аппараттық және бағдарламалық кешен, ол жасанды интеллект арқылы бұзылған картопты анықтап, оны сұрыптайды, – деді жоба жетекшісі Сабина.

Жоба жетекшілерінің бірі, Алина өз жобаларының жұмыс істеу принципі туралы толық мәлімет берді.

– Біздің жұмысымыз 3 құрылымнан тұрады. Біз өзіміздің жасанды интеллектімізді жасап, оған арнайы деректер жүйесін құрған едік. Өндірісте болып, әртүрлі картоп түрлерінің суреттерін түсіріп, жасанды интеллекттің деректер жүйесіне жүктедік. Жасанды интеллект картоптың қайсысы бүлінгенін, қайсысы жарамды екенін анықтайды. Осыдан кейін, ол сұрыптау үшін жауапты серво-қозғалтқышқа белгі береді, – деп атап өтті Алина.

Дүйім жұртты қызықтырған жобалардың бірі – «UnPerfect». Оның жетекшісі Нұрдаулет өзінің жобасының мақсатын атап, жұмыстың барысымен таныстырып өтті.

– Біздің жобаның идеясы мен мақсаты – тамақ қалдықтарын азайту. Мүмкін, сіздер супермаркеттерде, дүкендерде барлық көкөністер мен жемістердің мінсіз көріністе екенін байқаған боларсыздар. Бұл олардың сұрыпталу кезінде ақаулы өнімдерден тазартылғанын көрсетеді. Бұл экологияға үлкен зиян келтіреді. Біз осы шығынды азайту үшін ақаулы көкөністер мен жемістерді жеткізушілерімізден сатып алуды шештік. Ал жарамсыз болып қалған өнімдерді қайта өңдеп, олардан тыңайтқыш жасаймыз, – деді ол.

Қатысушылардың бірі Нұрай да өзінің жобасын назарға ұсынды.

– Біз «Green Product» жобасын іске асырдық. Бұл – биологиялық пластик. Біз табиғи қоспалардан, яғни крахмалдан, судан, глицериннен және дәнді дақылдардың қалдықтарынан пластик жасап шығарамыз. Бұл пластиктен бір рет пайдаланатын ас үй құралдары сияқты көптеген заттарды жасауға болады, – деп бөлісті Нұрай.

Өңірде ІТ саласына қызығушылық артып келуде. Форумда қазіргі цифрлық қоғамда жастардың білім алу мүмкіндіктері туралы айтылып, экологиялық тұрғыда бірқатар жаңашыл шешімдер қарастырылды.

– Қостанай облысында, басқа өңірлердегідей, ІТ саласына деген қызығушылықтың артуы цифрлық технологиялар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің дамуына байланысты. Қазіргі таңда облыста 4000-ға жуық адам осы салада жұмыс істейді. Жалпы, өңірде 370 ІТ компаниясы бар. Олардың 61 пайызы бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысады, 26 пайызы ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу қызметтерін көрсетеді және 13 пайызы веб-порталдар мен мобильді қосымшаларды әзірлеуде, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Қашиев.

Бұл форум жаңа идеялар мен инновациялық жобаларды таныстыруға және аймақтағы ІТ саласының болашағын талқылау үшін маңызды алаң болды.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77