Біздің Қостанай Экономика

Қостанай бойынша жергілікті салықтар бойынша қарыздың жалпы көлемі 110,7 млн теңгені құрайды

Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерін бақылау экономикалық тұрақтылық пен елдің тұрақты дамуының негізі болып табылады. Бюджетке түсімдерді тиімді бақылау қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етіп, ресурстардың әділ бөлінуіне қол жеткізу үшін қажет.

Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Азамат Нұрлыбаевич Кожуков басқарманың негізгі қызмет бағыттарын, салық түсімдерінің өсуі мен төмендеу себептерін, сондай-ақ салықтық әкімшілендірудің нәтижелерін атап өтті.

Төлемді уақытында төлемеу, салық мөлшерінің артуы. Қостанайлықтардың мемлекет алдындағы қарызы 110 миллион теңгеден асады. 15 мыңнан астам қала тұрғыны жер, көлік, басқа да жеке мүліктері үшін қарызын өтемеген. Олармен күресу үшін қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тексеріс шаралар жүргізуде.

Түсімдердің өсуіне өндіріс көлемінің ұлғаюы, корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша аванстық төлемдердің өсуі, еңбекақы қорының артуы, дивидендтердің төленуі және қарыздардың өтелуі себеп болды. Сондай-ақ арнайы салық режимдерін (АСР) қолданатын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салық жеңілдіктерінің тоқтатылуы да елеулі әсер етті.

– Біздің міндетіміз – бизнесті қолдау және дамыту, салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыру және салық міндеттемелерін уақытылы орындауды қамтамасыз ету, – деп атап өтті Азамат Кожуков.

Жеке тұлғалар бойынша түсімдердің төмендеуіне 2023 жылы Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарын тіркеу үшін алым төлеу себеп болды. Бұл үкіметтің 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 13 қаулысына сәйкес жүзеге асырылды.

Бюджетке түсімдерді бақылау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның да жауапкершілігі. Цифрлық технологияларды енгізу, мониторинг жүйесін дамыту және азаматтардың салықтық сауаттылығын арттыру салық жүйесінің сапалы жұмыс істеуінің маңызды қадамдары болып табылады. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз тұрақты өсуді және ресурстарды әділ бөлуді қамтамасыз ете аламыз.

Негізгі мәселелердің бірі – салық төлеуден жалтару және көлеңкелі экономика салдарынан бюджетке түсетін түсімдердің азаюы. Көптеген компаниялар мен жеке тұлғалар салық міндеттемелерін азайтуға тырысады, бұл мемлекеттің кірістеріне кері әсерін тигізеді. Қаржы ағындары мен есептіліктің ашықтығы қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады. Ашықтықтың болмауы жағдайында құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық қаупі туындайды.

2024 жылдың 10 айы ішінде салық төлеушілерді әкімшілендіру нәтижесінде 8,8 млрд теңге қосымша түсім қамтамасыз етілді, оның ішінде республикалық бюджетке 6,1 млрд теңге, ал жергілікті бюджетке 2,7 млрд теңге түсті. Басқарма рейдтер өткізіп, заң бұзушылықтар анықталды: 25 салық төлеуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысқан 6 жеке тұлға, бақылау-кассалық машинаны (БКМ) қолданбаған 10 салық төлеуші және POS-терминалдардың болмауына байланысты 9 жағдай тіркелді.

– Біз салық заңнамасының бұзылуын анықтау және алдын алу бойынша белсенді жұмыс істейміз, түсіндіру іс-шараларын өткізіп, салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деп атап өтті Кожуков.

Ережеге сәйкес, декларация ұсыну мерзімдерін бұзғандарға ескерту жіберілгеннен кейін салық міндеттемелерін орындау үшін 30 жұмыс күні беріледі. Бұл мерзімнен кейін әкімшілік хаттамалар жасалады. Кейбір санаттағы салық төлеушілерге, атап айтқанда кәсіпкерлерге, ҚР Салық кодексінің 188-бабының 1-тармағына сәйкес, шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату шаралары қолданылуы мүмкін.

Қостанай қаласы бойынша жергілікті салықтар бойынша қарыздың жалпы көлемі 110,7 млн теңгені құрайды, оның ішінде көлік құралдарына салынатын салық бойынша 82,5 млн теңге және мүлік салығы бойынша 28,2 млн теңге. Қарызды өндіру мақсатында сот орындаушыларымен, полиция қызметкерлерімен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп 139 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 11,736 млн теңге өндіріп алынды.
2024 жылдың басынан бастап жалпыға бірдей декларациялау аясында жүйеге жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары қосылды. Олардың 90,5%-ы 250.00 формасын тапсырды.

– Біз салық төлеушілер үшін қолайлы ортаны қалыптастыру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және өзара іс-қимылды нығайту бағытында жұмысты жалғастырамыз. Өзінің салық міндеттемелерін уақытылы орындап, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген барлық салық төлеушілерге алғысымды білдіремін, – деді Азамат Кожуков.

2024 жылдың басынан бері Қостанай қаласында салық төлеушілерге ыңғайлы жағдай жасау үшін Клиенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Мұнда мемлекеттік қызметтердің 99,6%-ы электронды түрде көрсетіледі.

Жалпыға бірдей декларациялау бағдарламасы аясында ережелерге сәйкес, бағдарламаға алғаш рет қатысқан тұлғалар форма 270.00-ді тапсыру мерзімін өткізіп алса, оларға алдымен ескерту беріледі. Алайда, егер олар бір жыл ішінде бұл ережені қайта бұзса, 2024 жылға арналған 15 айлық есептік көрсеткіш (МРП), яғни 55 380 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, декларацияда толық емес немесе жалған ақпарат берілген жағдайда 3 МРП (11 076 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ал егер салық салу объектілері жасыру фактісі алғаш рет анықталса, айыппұл мөлшері төленбеген салық сомасының 200%-ын, қайталанған жағдайда 300%-ын құрайды.

Айта кетейік, декларацияны 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тұрғылықты мекенжайы бойынша тапсыру қажет болатын. Оны «Кабинет налогоплательщика» веб-порталы немесе eGov.kz порталы, e-salyqАzamat, Halyk, Bank Centercredit мобильді қосымшалары арқылы, не болмаса қағаз түрінде пошта арқылы немесе жеке тапсыру жолы көрсетілген. Декларацияны тапсырудан жалтару немесе нақты кірістер мен мүлікті жасыру үлкен айыппұлдарға әкеп соғады. Сондықтан декларацияны дұрыс және толық толтыруға аса мән беру қажет. Қостанай қаласында 5000 мыңға жуық адам декларация тапсырмаған.

Салық жүйесінің сапалы жұмыс істеуі үшін бюджетке түсетін қаражат көлемін бақылау аса маңызды. Бұл тек қаражатты тиімді бөлуді қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ өңірдің қаржылық тұрақтылығына әсер ететін ықтимал мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары осы мақсатқа жету үшін түрлі әдістерді қолданады. Солардың ішіндегі ең тиімді құралдардың бірі – салық төлеушілерді әкімшілендіру. Ол салық төлеушілердің мүлкі мен қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинау мен өңдеуден тұратын кешенді шараларды қамтиды. Бұл үдеріс салық қызметіне есепті дәлірек жүргізуге, салық төлеуден жалтару жағдайларын анықтауға және қаржылық ағындардың ашықтығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Осындай жұмыстың нәтижесінде бюджет толықтырылып, өңірдің тұрақты дамуына ықпал жасалады.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Даниил ТЕТЕРУК


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77