Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде коллаген қоспалары мен кремдерінің жарнамасы жиі көріне бастады. Блогерлер бұл өнімдерді терінің жас әрі сау болуына арналған басты құрал ретінде ұсынады. Алайда, мұндай уәделердің қаншалықты негізді екенін түсініп алған жөн. Қоспа жайында мамандар мәлімдеп берді.
Бұл ақуыз соншалықты танымал болып кетті, оны косметологтардан бастап блогерлерге дейін талқылап жатыр. Бірақ неге коллаген назардың ортасында? Ол қалай жұмыс істейді және шынымен де жас көрінуге көмектесе ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Коллаген – бұл организмдегі дәнекер тіндердің негізін құрайтын ақуыз. Ол терінің серпімділігі мен икемділігін қамтамасыз етеді, буындар мен сіңірлерді қолдайды. Бірақ жас ұлғайған сайын оның өндірілуі баяулайды, бұл терінің құрғауына, әжімдердің пайда болуына және басқа да қартаю белгілеріне әкеледі.
– Коллаген – адам ағзасындағы барлық ақуыздардың шамамен 30%-ын құрайтын негізгі құрылымдық ақуыз. Ол тері, сүйек, шеміршек, сіңір және қан тамырлары секілді дәнекер тіндердің негізін құрайды. Коллаген терінің серпімділігі мен беріктігіне, буындардың саулығына және тіндердің қалпына келу қабілетіне жауап береді. Бірақ жас ұлғайған сайын ағзадағы коллаген өндірісі баяулайды. Бұл әжімдердің пайда болуына, терінің құрғауына, икемділігінің төмендеуіне, сондай-ақ буындардағы мәселелерге әкеледі. Зерттеулер көрсеткендей, 25 жастан бастап ағзадағы коллаген деңгейі жылына шамамен 1%-ға төмендейді, ал 40 жастан кейін бұл процесс одан да жылдамдайды, – дейді күтім жөніндегі маман Жанна Нұралы.
2024 жылы саналы тұтыну мен табиғи сұлулық негізгі бағыттарға айналды. Адамдар өз денсаулығына көбірек көңіл бөле бастады, ағзамен үйлесімді жұмыс істейтін шешімдерді іздейді. Коллаген бұл тенденцияларға мінсіз сәйкес келеді, себебі ол ағза үшін табиғи, теріге, шашқа, тырнаққа және буындарға жан-жақты әсер етеді және қолдануда өте қарапайым. Сонымен қатар, оны блогерлер мен танымал тұлғалар белсенді жарнамалап, “ғажайып” нәтижелерімен бөлісуде. Коллагеннің әртүрлі формалары мен көздері бар. Оны шығу тегіне байланысты жануарлардан алынатын, теңізден алынатын және өсімдік негізіндегі түрлерге бөледі. Сондай-ақ, коллагеннің бірнеше түрі бар: I және III типтері тері, шаш және тырнақ үшін маңызды болса, II типі буындар мен шеміршекке пайдалы. Коллагеннің ең кең таралған түрі – гидролизденген коллаген, ол пептидтерге дейін ыдырайды және ағзаға оңай сіңеді.
Коллаген қоспалары ағзаға қажетті аминқышқылдармен қамтамасыз етіп, тіндердің қалпына келуін қолдайтын құрылыс материалы ретінде жұмыс істейді. Зерттеулер көрсеткендей, коллагенді тұрақты түрде қолдану терінің серпімділігін және ылғалдылығын арттырады, әжімдердің тереңдігін азайтады, тырнақ пен шашты нығайтады, буын ауруларын жеңілдетеді және сүйек тінінің тығыздығын жақсартады.
– Тек сапалы өнімдерді таңдау маңызды. Барлық қоспалар бірдей тиімді емес, нәтижелер 2-3 айлық тұрақты қолданудан кейін байқалады, – деп ескертті дермотолог.
Көптеген дәрігерлер коллагеннің пайдалы қасиеттерін мойындайды, бірақ оның ғажайып дәрі емес екенін айтады.
– Коллаген тері мен буындардың саулығын қолдауға көмектеседі, бірақ ол толыққанды тамақтанудың орнын баса алмайды. Бұл – дұрыс тамақтануға қосымша құрал, – деп терапевт Ольга атап өтеді. Ал диетолог Михаил коллаген С дәруменімен және мырышпен бірге жақсы сіңеді. Сондықтан рационыңызға цитрусты жемістерді, жидектерді және жаңғақтарды қосқан жөн екендігін айтты.
Коллаген қауіпсіз қоспа ретінде қарастырылады, бірақ кей адамдарда аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін, әсіресе балықтан алынған коллагенге. Сонымен қатар, төмен сапалы өнімдерден сақ болу қажет. Сондықтан коллаген қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесу ұсынылады, әсіресе созылмалы аурулар болса.
Косметика саласында коллаген кремдер, сарысулар мен маскаларда кеңінен қолданылады. Олар терінің жағдайын жақсартуға бағытталған. Сондықтан косметикадағы коллаген тек беткі деңгейде ылғалдандырып, лифтинг әсерін береді.
Коллаген: сән бе, әлде қажеттілік пе?
Коллаген айналасында көптеген мифтер бар.
– «Коллагенді қабылдау арқылы ағзадағы оның деңгейін толтыруға болады» деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде коллаген таза күйінде сіңбейді, ол аминқышқылдарға ыдырап, ағза оны өз қажеттілігіне қарай пайдаланады. Сонымен қатар, «Нәтиже бір аптада көрінеді» деген пікірлер де шындыққа жанаспайды. Коллагеннің көзге көрінетін әсері бірнеше айлық тұрақты қолданудан кейін ғана байқалады, – дейді Жанна Нұралы.
2024 жылы коллагеннің танымалдығы блогерлердің ықпалымен одан әрі артты. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, «дейін және кейін» нәтижелерін көрсетіп, сұранысты күшейтті. Бірақ дәрігерлер интернеттегі барлық ұсыныстардың ғылыми негізі жоқ екенін еске салады. Қоспаларды қабылдауды қаламайтындар үшін коллаген деңгейін қолдаудың табиғи тәсілдері бар. Оған дұрыс тамақтану, мысалы, ет, балық, жұмыртқа сияқты ақуызға бай өнімдер, шпинат, брокколи тәрізді көкөністер, жаңғақтар, күннен қорғану, теріні ылғалдандыру жатады.
Коллаген табиғи сұлулық пен денсаулыққа қамқорлықтың символына айналды. Ол денсаулық пен тері сұлулығын сақтауда жақсы көмекші бола алады, бірақ оны кешенді тәсілмен қолданған дұрыс. Коллаген – ғажайып құрал емес, бірақ ол сіздің денсаулығыңыз бен сыртқы келбетіңізді сақтауда сенімді көмекші бола алады.
Бір қарағанда, коллагенді сырттан қабылдап, қоспалар ішу немесе косметикалық құралдарды қолдану орынды болып көрінеді. Бірақ маңызды жайтты ескеру қажет: жануарлардан немесе теңіз өнімдерінен алынған коллаген организмге «сіңіп кетпейді». Оны қабылдаған кезде ол басқа кез келген ақуыз сияқты аминқышқылдарға ыдырайды, ал теріні тікелей қалпына келтірмейді. Ал коллагені бар кремдерге келсек, олардың молекулалары терінің терең қабаттарына енуге тым ірі.
Ғылыми деректерге қарамастан, сұйық коллагенді сусындарға деген қызығушылық артып келеді. Бұл тек ересектерге ғана емес, мектеп оқушыларына да қатысты. Бүгінде көшеде «сұлулық сусынын» ішіп жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіруге болады. Шын мәнінде жастарға мұндай өнімдер қажет пе, әлде бұл тек блогерлер насихаттаған сәнге ілесу ме? Маманның айтуынша, жастарға оның ешқандай қажеті жоқ, тренд деп қолданатыны бар болмаса. Терінің жас әрі икемді болуының негізгі көзі – коллаген, эластин және гиалурон қышқылын өндіретін фибробласт жасушаларының жұмысы. Жас ұлғайған сайын олардың белсенділігі бәсеңдейді, бұл тері серпімділігінің жоғалуына әкеледі.
– Мұны 30 жастан асқан әйелдер қолданса түсінікті. Коллагеннің синтезін күшейтетін С дәруменіне бай өнімдерді тұтыныңыз. Антиоксиданттарға (жидектер, көк шөптер, жаңғақтар) бай тағамдарды рационыңызға қосыңыз, олар жасушалардың бұзылуын баяулатады. Теріңізді үнемі ылғалдандырып, жеткілікті мөлшерде су ішіңіз. Сонымен қатар, лазерлік терапия, гиалурон қышқылын енгізу және микротоктық стимуляция сияқты косметологиялық процедуралар тері жасушаларын белсендіруге және оның жағдайын жақсартуға көмектеседі, – дейді маман.
Коллаген қоспалары мен косметикаға деген сән, ең алдымен, әлеуметтік желілер арқылы насихатталатын маркетингтік әдіс. Олар аминқышқылдардың көзі ретінде пайдалы болуы мүмкін, бірақ одан ғажайып жасару әсерін күту орынсыз. Сәнге ермей, ғылыми деректерге сүйеніп, дұрыс тамақтану, күтім жасау және салауатты өмір салты арқылы теріңізге қамқорлық жасаған дұрыс.
Әрі мектеп оқушыларының ағзасында коллаген деңгейі жоғары болғанына қарамастан, олардың да бұл сәнге ілесіп кетуі – тереңірек ойлануды қажет ететін мәселе. Бұл сұрақтың жауабы әлеуметтік желілердің қысымы мен өзін-өзі бағалауға қатысты болуы мүмкін.
Аяжан СЕРІК,
сурет ашық ақпарат көзінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77