Образование

Мемлекеттік тілдегі жаңа технология дамыдуда

Тұңғыш рет қазақ тілімізде әзірленген QOL (Qazaq Oriented Language) жобасы – IT саласына жаңаша серпін беретін ерекше бастама. Бұл – лингвистикалық бағдарламалау саласындағы отандық тұңғыш жоба.

Оның ерекшелігі сол, мемлекеттік тілде кез келген бағдарламаны құрап, веб-сайттар ашуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қазақ тілін үйренуге де септігін тигізеді. Әсіресе, IT саласында жүрген қазақ тілді емес мамандар үшін бұл тіл жаңа мүмкіндікке айналмақ.

Балаларға математикалық, логикалық есептерді шешу жолын жеңілдетеді. Бұл тіл кез келген жастағы адамға – мектеп оқушыларынан бастап, ересек мамандарға дейін бағдарламалау негіздерін ана тілінде меңгеруге мүмкіндік береді. Жоба Қостанай қаласындағы №1 орыс лицейінде сынақтан өтті.

Оқушылардың өзі небәрі бір сабақтың ішінде QOL-да бағдарлама жаза алатын дәрежеге жетті.

– Жоба идеясы осыдан бір жыл бұрын пайда болды. Менің бауырым екеуіміз: «Неге қазақ тілінде бағдарлама жазатын тіл жоқ?» деген сауалға жауап іздеп, осы олқылықты толтыруға бел будық. Ұзақ уақыт бойы еңбектеніп, зерттеу жасап, нәтижесінде, қазақ грамматикасына негізделген алғашқы бағдарлама жазу тілін құрастырдық. Оны кез келген адам GitHub платформасынан таба алады. Сонымен қатар, онлайн нұсқасы да қолжетімді. Бұл бастама тілдің кеңінен таралуына, оны пайдаланушылар санының артуына мүмкіндік береді. Қазір жобамыз авторлық құқықпен қорғалған, бұл – екеуіміздің ортақ жетістігіміз. Мен бұл жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын. Менің басты арманым – жобаны Қазақстанның білім беру бағдарламасына енгізу. Мектептер мен жоғары оқу орындарында бұл тіл арқылы бағдарламалау негіздерін меңгеру әлдеқайда жеңіл әрі тиімді болмақ, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Дамир Сарбасов.

Бағдарламаны әзірлеу барысында жобаның авторлары үлкен еңбек атқарды. Синтаксис құру, терминология таңдау, бастапқы кодты жазу, жүйені тестілеу секілді жұмыстар толықтай қазақ тілінің талаптарына сәйкестендірілді. Бұл бастама IT саласындағы қазақ тілінің орнын нығайтып, еліміздің IT индустриясын жаңа деңгейге көтермек. Сонымен қатар, QOL бағдарламалау тілін тереңдету және оны әртүрлі салаларда қолдану мүмкіндіктерін зерттеу жұмыстары жалғасады.

– QOL бағдарламалау тілі толығымен қазақ тілінің грамматикасына негізделген. Оның синтаксисі қазақша сөйлем құрылымын қайталайды, бұл бағдарламалауды үйренуді жеңіл етеді. Әдетте бағдарламалауды үйрену үшін ағылшын тілін меңгеру қажет болса, бұл жоба қажеттілікті жояды. Енді бағдарламалауға қызығушылық танытқан кез келген адам қазақ тілінде код жазуды бастай алады. Бұл жоба тек IT индустриясын дамыту ғана емес, қазақ тілін технологиялық тұрғыда танымал ету жолындағы маңызды қадам. Бағдарламашылар бұл тілді меңгеріп, оны күнделікті қолданатын құралға айналдырады деп ойлаймын. Себебі QOL – қазақ тіліндегі бағдарламалау мәдениетінің бастамасы. Бұл жоба Қазақстанды жаңа деңгейге көтеруге және әлемдік IT қауымдастығына қазақ тілін танытуға үлкен қадам болмақ, – деді Дамир Сарбасов.

Бұл бағдарлама – ерекше әрі бірегей жоба. Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімінің айтуынша, бұл жоба қолжетімді, сондықтан әр адам өз бағдарламасын қазақ тілінде әзірлей алады.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған
кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77