Біздің Қостанай Образование

NIS оқушысының бірегей жобасы инвесторлардың қызығушылығын оятты

Ойын барысында қатысушылардың есте сақтау қабілеті, сын тұрғысынан ойлау дағдылары дамып, пайдалы өнімдер мен олардың құрамындағы дәрумендерді ассоциативті түрде қабылдау жүзеге асады.

Foodrior ойынына келесі өнімдер енген: 50-ден астам тағам түрлері: көкөністер, дәнді дақылдар, жаңғақтар, жемістер, ет өнімдері. Негізгі дәрумендер: A, C, D, E, K, PP және В тобы дәрумендері. Ойын 122 картадан тұрады. Әрбір картада тамақ өнімдері «Жауынгерлер» кейпінде бейнеленген. Бұл тәсіл ойынға қызық пен танымды қатар қосып, қатысушылардың қызығушылығын арттырады. Ойынның басты қағидасы – белгілі шарттарға сай жеті картаны ең бірінші жинау. Бұл жеңіске жету үшін есте сақтау қабілеті мен логикалық ойлау қажет екенін көрсетеді.

– 2023 жылы мен бизнес мектебінде жобалар арасында «МВ» республикалық стартаптар байқауында 1-ші орынға иеленіп, грант ұтып алып, оқу бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Оқу соңында бизнес жоба құру міндеттелді. Сол кезде мені нутрициология мен дұрыс тамақтану саласы қатты қызықтырды. Осы қызығушылығымды басқалармен бөлісіп, пайдалы ақпаратты жеңіл әрі қызықты түрде жеткізу жолын іздедім. Нәтижесінде, Foodrior ойыны шығарылды. Бұл ойын адамдарға тамақтану саласындағы маңызды ақпаратты ойын форматында үйретеді. Менің мақсатым – дәрумендер мен пайдалы заттарды еске сақтауды жеңілдету, сол арқылы қоғамның тамақтану мәдениетін жақсарту, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сафия Ибраева

Сафия, Foodrior карточкалық ойынын әзірлеп, оған авторлық кұкық алды. Бірегей жобаны іске асыру үшін инвесторлар 700 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп отыр. Ойын барысында қатысушылар есте сақтау қабілеті мен сыни дағдыларды да дамытады, сонымен қатар минералдардың пайдасы мен химиялық қоспалардың адам ағзасына тигізетін зияны туралы ассоциативті ақпараттар алады. Бұл ойын: балалардың есте сақтау қабілетін дамытады; ересектердің денсаулыққа қатысты білімін кеңейтеді; отбасылық және достар арасындағы қарым-қатынасты нығайтады. Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар кеңінен таралғанымен, отбасы мен достардың басын қосатын үстел және карточкалық ойындар ерекше құндылыққа ие. Себебі, бұл ойындар адамдарды жақындастырады, естен кетпес жақсы естеліктер қалдырады.

– Бұл жобаны дайындау барысында маған бизнес мектебінің менторы қолдау көрсетті. Алайда жобаның барлық негізгі бөліктерін: идеяны ойлап табу, ойын ережелерін құрастыру, карталардың дизайны мен қораптың көрінісін жасау, кейіпкерлерді ойлап табу, нутрициологпен кеңесу және деректердің дұрыстығын тексеру – барлығын өзім жеке орындадым. Жоба барысында нутрициолог маман ойынға енгізілген ақпараттардың ғылыми негізділігін растады. Foodrior ойыны 2023 жылы толығымен дайындалып, көпшілікке ұсынылды. Оны сатып алу үшін маған әлеуметтік желілер арқылы хабарласуға болады. Бұл жобаның ерекше идеясы мен ойын арқылы жеткізілетін құнды ақпарат көпшіліктің назарын аударады деп сенемін. Болашақта Foodrior ойынының жаңа нұсқаларын әзірлеп, оны одан әрі дамыту жоспарымда бар, – деп бөлісті Сафия.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған
кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77