Біздің Қостанай Социум

Ұрпақ сабақтастығы мен отбасы мерекесінің ерекшелігі

Жаңа жыл – бұл жай ғана күнтізбедегі жаңа күн емес, ол ұрпақтарды біріктіріп, үйлерге жылулық сыйлайтын, жақсылыққа үміт ұялататын ерекше уақыт. Отбасы дәстүрлері бұл мерекені шын мәнінде айрықша етеді. Дәл сол дәстүрлер арқылы жан жылуы мен естеліктер ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Біз әртүрлі адамдармен сөйлесіп, олардың отбасында Жаңа жылды қалай қарсы алатынын білдік. Әр отбасының өзіндік ерекшелігі бар.

Отбасы – біздің ең басты байлығымыз. Алайда күнделікті қарбаласта біз бұл туралы жиі ұмытып кетеміз. Балалар өсіп, күндер өте береді, ал қымбат сәттер қайтып келмеске кетеді. Мұндай қымбат уақытты көздің қарашығындай сақтау маңызды. Бірақ ондай сәттер мүлде болмағаны одан да жаман. Ата-аналар жұмыспен және тұрмыстық мәселелермен, ал балалар сабақпен және компьютерлік ойындармен айналысып, әркім өз әлемінде өмір сүріп жатқандай көрінеді. Мұндай жағдайда отбасы бар сияқты, бірақ барлығы бөлек-бөлек өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады.

Жаңа жыл – бұл бәрін өзгертуге мүмкіндік беретін ерекше уақыт. Бұл мереке отбасы мүшелерін қайта жақындастырып, маңызды нәрселерді еске алуға мүмкіндік береді. Неге осы мүмкіндікті пайдаланып, отбасылық дәстүрлерді қалыптастырмасқа? Ондай дәстүрлер тек жылы естеліктер сыйлап қана қоймай, бір-бірімізді жақынырақ тануға және қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі. Отбасылық дәстүрлер әрбір адамға өз отбасының ерекше екенін сезінуге мүмкіндік береді. Олар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, рухани құндылықтарды сақтауға ықпал етеді. Әсіресе бұл балалар үшін маңызды. Олар үшін бұл дәстүрлер болашақта есте қаларлық ең жарқын сәттерге айналады.

– Біздің отбасымызда Жаңа жыл шыршаны безендіруден басталады, – деп бөлісті Қостанай облысының тұрғыны Гүлнар Серікова. – Біз 16 желтоқсан өткеннен кейін түгел отбасы жиналып, шырша ойыншықтарын шығарамыз. Сол ойыншықтардың көбісінің өз тарихы бар. Арасында әжем сатып алған шыны шарлар да бар. Осы кезде балаларымызға өз балалық шағымызды айтып, мерекелік дайындық кезіндегі қызық оқиғаларды еске аламыз. Бұл тек безендіру емес, бұл – бірігудің, үлкен нәрсенің бір бөлігі екенімізді сезінудің мүмкіндігі.

Мерекелік дастарқанның рөлі

Жаңа жылды мерекелік дастарқансыз елестету мүмкін емес. Көптеген отбасылар өздерінің ерекше тағам рецептерін ойлап тауып, сол арқылы дәстүр жасайды.

«Біз жыл сайын оливье салатын жасаймыз, бірақ әр жолы оған бір жаңашылдық қосамыз. Біздің отбасылық құпиямыз – анам ойлап тапқан ерекше ингредиент. Бұл біздің дәстүрімізге айналды. Сонымен қатар, біз міндетті түрде манты жасап, торт пісіреміз. Бұл тағамдар Жаңа жылдың символына айналды, мен балаларымның да осы дәстүрді жалғастырғанын қалаймын, – дейді Әлия Аманова.

Кейбір отбасыларда аспаздық дәстүрлер ұлттық тағамдармен тығыз байланысты. Мысалы, қазақ отбасыларында бауырсақ немесе бешбармақ дайындап, ұлттық тамырларын құрметтейді.

Әр отбасының мерекені ерекше ететін өз құпиялары бар.

Қазіргі таңда жас отбасылар арасында дастарханды толтырып қоймай, бірнеше тағам жасап қояды. Көбінесе безендіруге көп көңіл бөлінеді. Ал орта буын немесе үлкен кісілер дастарханды мол етіп жасап, келесі жыл бойы осындай дастархан тек жақсылыққа жиі жайылғандығын тілейді.

– Менің атам Жаңа жыл түні міндетті түрде тілек тілеу керек деп айтатын. Бірақ бізде бұл кішкентай рәсімнен үлкен дәстүрге айналды. Біз тілектерімізді қағазға жазып, оны жағып, күлін шампан бокалына саламыз. Бұл көңілді ғана емес, сонымен бірге армандарымыздың орындалуына үміт береді, – деп еске алады Кристина Фритц.

Басқа отбасыларда мерекелік дәстүрлер сыйлықтармен байланысты. Балалар Аяз атаның алып келген сыйлығын шыршаның астынан іздесе, ересектер бір-біріне ойындар арқылы сыйлық сыйлыап жатады.

– Біз жыл сайын бір-бірімізге өз қолымызбен жасалған сыйлықтар беруді дәстүрге айналдырдық. Бұл тоқылған шұлық, ашықхаттар немесе қарапайым суреттер болуы мүмкін. Ең бастысы – бұл сыйлықтарға біз өз күшімізді салдық. Бұл тек ақшаны үнемдеп қана қоймай, мерекені жылырақ етеді, – дейді Мерей.

Кейбір отбасыларда бірнеше жыл қатарынан барлығына сыйлық бермеу үшін, “Тайный санта” ойының ойнап, тек бір адамға сыйлық жасау әдетке айналған. Ең қызығы соңында саған кімнің сыйлық бергенін білмейсін.

Жан жылуы мен бірлік

Жаңа жыл тек сыртқы жарқырауға емес, ішкі көңіл-күйге де байланысты. Көптеген отбасылар бұл уақытты бірге болып, араласып, бір-біріне қуаныш сыйлау үшін пайдаланады.

– Біз Жаңа жылды таңертеңгі серуенмен бастаймыз. Дастархан басындағы мол тағамнан кейін таза ауада серуендеу – тамаша мүмкіндік. Балаларымызды алып, паркке барамыз, суретке түсеміз. Бұл суреттер – біздің отбасылық шежіреміз. Олар бізге бастысы – сыйлықтар емес, бірге өткізген сәттер екенін еске салады, – дейді Қостанай тұрғыны Виктор Савельев.

Көптеген отбасылар өз дәстүрлерін балаларға жеткізуге тырысады, осылайша мерекенің мәнін сақтайды.

– Әжем бала кезінде өз ауылында Жаңа жылды қарапайым тағамдармен, бірақ қуанышпен қарсы алғандарын айтып беретін. Біз қазір қалада тұрамыз, бірақ сол кішкентай қуаныштардан шыққан шынайы бақытты сақтап қалуға тырысамыз. Ең маңыздысы – отбасы, күлкі және жақсылыққа деген сенім,– дейді Дархан Жұмағалиев.

Кейбір отбасыларда Жаңа жылға арналған киім немесе аксессуарлар сәттілік пен жаңарудың белгісі ретінде таңдалады. Мысалы, Қостанай облысындағы Мұхтаровтар отбасы бірнеше жылдан бері ерекше дәстүрді ұстанып келеді – Жаңа жылда бәрі бір түсті шұлық киеді.

– Бұл дәстүр кездейсоқ басталды, – деп бөліседі Айнұр Мұхтарова. – Бір жолы жасыл түс сәттілік әкеледі деп естіп, бүкіл отбасымызға жасыл түсті шұлық сатып алдым. Бұл күлкілі болды, бірақ бәрімізге ұнады. Содан бері жыл сайын жаңа “сәттілік түсін” таңдаймыз.

Жаңа киім кию де мерекенің маңызды бөлігі. Бұл жаңалық пен тазалық символы.

– Анам әрқашан: “Жаңа жылда жаңа киім кисең, жыл жақсылыққа толы болады” деп айтатын, – дейді Астана тұрғыны Динара Тұрсынова. – Сондықтан біз міндетті түрде жаңа киім дайындаймыз, көйлек, шарф немесе жай ғана қолғап. Бұл бізге жаңа жылдың басталуын сезінуге көмектеседі.

Тағы қандай дәстүр бар?

Кейбір отбасылар өздерінің ерекше дәстүрлерін әлдеқашан қалыптастырған. Мысалы, үш баланың анасы Анастасия жыл сайын 30 желтоқсанда балаларымен бірге шырша безендіретінін айтады. Әр бала өзіне ұнайтын ойыншықты таңдап, оның не үшін маңызды екенін әңгімелейді. Бұл тек дәстүр емес, бұл отбасы мүшелерін жақындастыратын ерекше сәттер дейді ол. Егер сіздің отбасыңыздың өз дәстүрі болмаса, дәл осы Жаңа жылды бастапқы нүкте ретінде қабылдауға болады. Мәселен, үйді бірге безендіруді әдетке айналдырыңыз. Қолмен жасалған гирляндтар мен әшекейлер бірегей атмосфера қалыптастырып, сіздерді одан әрі жақындатады. Жаңа жыл дастарханын бірге әзірлеу де тамаша идея. Әр отбасы мүшесі сүйікті тағамын таңдап, оны бірге дайындауға қатыссын. Бұл әрі қызықты, әрі дәмді.

Жаңа жыл қарсаңында хат жазу дәстүрін де енгізуге болады. Хаттарды Аяз атаға немесе бір-біріңізге арнаңыз. Кетіп бара жатқан жыл үшін алғыс айтып, жаңа жылдан не күтетіндеріңізді жазыңыз. Мұндай хаттар жылдар бойы сақталып, еске алуға ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар, отбасылық фотосессияны жыл сайынғы дәстүрге айналдырсаңыз, ол отбасыңыздың қалай өзгергенін және бірге өскенін көрсетеді. Үстел ойындары немесе Жаңа жылдық фильмдерді көру де отбасыңыз үшін ерекше кештің бөлшегіне айналуы мүмкін. Сыйлықтарды беруді де ерекше етіңіз – бұл тек сыйлық алмасу емес, бір-біріңізге шын жүректен айтылатын жылы сөздерге мүмкіндік. Отбасылық дәстүрлер – отбасының негізін құрайтын кірпіш тәрізді. Дәстүрлер – отбасының беріктігін сақтайтын негізгі құрал. Олар рухани құндылықтарды нығайтып қана қоймай, отбасы мүшелерінің арасындағы жақындықты арттырады.

Жаңа жыл – жаңа дәстүрлерді бастауға ең қолайлы уақыт. Өзіңіздің ерекше дәстүріңізді қалыптастырыңыз. Осы мереке сіздің отбасыңыз үшін жаңа және керемет естеліктердің бастауы болсын. Ұзақ жылдар бойы жылытып, қуаныш сыйлайтын отбасылық сәттеріңіз көп болсын. Нағыз бақыт – бұл бірге болу. Жаңа жыл – осының мәнін түсінуге тамаша мүмкіндік.

Жаңа жыл – отбасы дәстүрлері арқылы есте қалатын ерекше мереке. Бұл дәстүрлер адамдарды біріктіріп, жылылық пен қуаныш сыйлайды. Ең бастысы – мерекелік дастарқан немесе сыйлықтар емес, жанымыздағы жақындарымыздың шынайы күлкісі мен қамқорлығы.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77