Биолог кеңестері мен тұрғындар пікірі
Жаңа жылдық мерекелерден кейін көптеген тұрғындар пайдаланылған шыршаны қалай кәдеге жарату керектігін білмей жатады. Мереке бітіп, жаңа жылдық көңіл-күй аяқталған кезде, шыршаны қалай дұрыс жинап, үйде қоқыстың жиналуына жол бермеу керектігі туралы сұрақ туындайды. Шыршаны жинау процесін тез әрі жеңіл өткізу үшін оны орнатпас бұрын осы мәселеге алдын ала дайындалған жөн.
Бұл мәселе қаламызда жыл сайын туындайды. Осыған баланысты Қостанай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан (ТКШ) және «Айкөмек» орталығынан жауап алдық, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрғындар арасында сауалнама жүргіздік.
-Жаңа жылдық шыршаларды кәдеге жарату қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифіне кірмейді. Себебі, шыршалар тұрмыстық қалдықтардың қатарына жатпайды. Тұрғындар пайдаланылған шыршаларды өз қаражаты есебінен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығару керек, – деп ТКШ басқармасының мамандары түсініктеме берді.
Сонымен бірге, жыл сайын мереке аяқталғаннан кейін пайдаланылған шыршаларды рұқсат етілмеген жерлерде қалдыру жиі кездеседі. Бұл санитарлық талаптарды бұзып қана қоймай, коммуналдық қызметтердің жұмысына қосымша жүктеме түсіреді. Осыған байланысты «Айкөмек» орталығына жазып, шыршаны не істеуге болатындығын сұрадық.
– Шыршаны ұсақтап, қапқа салып, қоқыс жәшігіне салу керек, – деп жауап берді.
Шыршаны бөлшектеуді үлкен бұтақтарды пышақпен немесе арнайы қайшымен кесуден бастаған дұрыс. Бұл жұмысты қолғап киіп орындаңыз, себебі шыршаның инелері мен бұтақтары қолыңызды жарақаттауы мүмкін. Шыршаның астына алдын ала арнайы қапшық төсеп қоюға болады. Бұл қапшық мереке күндері сәндік аксессуар ретінде көрініп, шыршаңыздың әдемі безендірілуіне қосымша әсер береді. Ал мереке аяқталған соң, оны қапшық ретінде қолданып, шыршаны оңай жинап алуға болады. Мұндай қапшық-кілемше тек шыршаны бөлшектеуде көмекші ғана емес, сонымен қатар еденіңізді шайыр немесе инелерден қорғайды. Бұл тазалау кезінде қоқыс мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.
Мұндай қапшықты интернет-дүкендерден сатып алуға болады. Сонымен қатар, бұл жерде шырша немесе қарағайды мерекеден кейін жинауға арналған басқа да пайдалы аксессуарлар ұсынылған. Шыршаны арнайы бөлінген жерлерге тастаған дұрыс. Егер ағаш биік болса, оны бірнеше бөлікке арамен немесе арнайы құралдармен бөліп шығаруға болады.
Шыршаны ұзақ уақыт бойы үйде қалдырмаңыз, себебі ол кеуіп, инелері көбірек түседі. Шыршаны орнатуға дұрыс көзқарас таныту тек мерекені көңілді өткізуді қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар мерекеден кейін үйді жинау жұмысын жеңілдетеді.
Әлеуметтік желідегі сауалнама нәтижелері тұрғындардың бұл мәселеге әртүрлі көзқараста екенін көрсетті. Біз инстаграм әлеуметтік желісінде оқырмандар арасында сауалнама жүргіздік. 60 пайыздан аса адам жасанды шыршаны қолданатындығын айтты.
-Біз бірнеше жыл бұрын жасанды шырша сатып алдық. Біріншіден, бұл экологиялық тұрғыдан дұрыс шешім деп ойлаймын. Екіншіден, жыл сайын шырша сатып алу шығындарын үнемдедік, – дейді қала тұрғыны Әлия Қайратқызы.
Ал тағы бір тұрғын, керісінше оны үйде керегіне жаратады екен. Тіпті, таныстары оған жаңа жылдан кейін шыршаларын алып келетіндігін айтты.
-Пайдаланылған шыршаны отынға қолданамыз. Жер үйде тұрғандықтан, бұл біз үшін өте ыңғайлы, – деп Қайрат пікірін білдірді.
Сонымен қатар, кейбір тұрғындар шыршаны тыңайтқыш ретінде қолданатынын айтты. Бірақ мұндай тәсілдер тек жеке үйі мен ауласы бар адамдарға қолайлы екені анық. Қорыта келгенде, жаңа жылдық шыршаларды кәдеге жарату мәселесін шешудің бірнеше жолы бар. Қаланың тазалығы мен тәртібін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан мамандар тұрғындарға утилизация ережелерін сақтап, мереке аяқталған соң шыршаларды белгіленген тәртіп бойынша шығаруға шақырады.
Шыршаны қайта өңдеу – қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың қарапайым, бірақ маңызды қадамы. Әрбір жаңа жылдық дәстүріміз тек бізге ғана емес, табиғатқа да пайда әкелсе, мерекеміздің маңызы арта түспек.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77