Біздің Қостанай Социум

Биыл Қостанайда қандастар үшін 150 адамдық, ал қоныс аударушылар үшін 535 адамдық квота бөлінді

Қандастар мен қоныс аударушыларды елге қабылдау – бұл Қазақстанның маңызды әлеуметтік және демографиялық саясатының ажырамас бөлігі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 2025 жылға арналған ел бойынша қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың жалпы квотасы 9 653 адам көлемінде бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 170 адамға көп. Мемлекеттік деңгейдегі мұндай бастамалар қандастардың тарихи отанына бейімделуін жеңілдетуге және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған.
Квотаның басты мақсаты – қандастар мен қоныс аударушыларды ел аймақтарына теңдей қоныстандыру. Бұл шара еңбек ресурстарының тапшылығын толықтырып, өңірлердің әлеуметтік тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді. Қостанай облысына 2025 жылға қандастар үшін 150 адамдық, ал қоныс аударушылар үшін 535 адамдық квота бөлінді. Соңғы жылдары облысқа көшіп келушілер саны артып, өңірдің еңбек нарығы мен экономикасына жаңа серпін беруде.

Қостанай облысы қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау және бейімдеу бойынша үздіктер қатарында. 2023 жылы аймаққа 966 қандас көшіп келді. Бұл белгіленген квотадан 3,5 есе көп. Ал 2024 жылы облысқа қандастар үшін 550 адамдық, қоныс аударушылар үшін 950 адамдық квота бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда елеулі өсім көрсетуде. Бұл облысқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және аймақтың қоныс аударушылар үшін тартымды екенін дәлелдейді.

Өңірдің болашағына үлес.

– Қандастар мен қоныс аударушылардың жаңа ортада бейімделуіне және тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары бар. Олар 70 АЕК мөлшерінде отбасының әрбір мүшесіне біржолғы төлем, 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі ай сайынғы субсидиялар тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін, қоныс аударуға көмектескен жұмыс берушілерге 400 АЕК мөлшерінде субсидиялар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолдама беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру, – дейді мансап орталығының қызметкері.

1991 жылдан бастап Қазақстанға 1 млн 148 мыңнан астам этникалық қазақ қоныс аударды. Ал тек 2023 жылы олардың саны 19,7 мың адамды құрады. Қостанай облысына оралған қандастар санының жыл сайын артуы аймақтың қолайлы өмір сүру ортасын және тұрақты дамып келе жатқан экономикалық әлеуетін көрсетеді.

Айта кету керек, көшіп келгендердің көбі Рудный және Қостанай қалаларында қоныс аударуда. Қандастар мен қоныс аударушылардың Қостанай облысына көптеп келуі өңірдің демографиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, оның еңбек нарығына тың серпін береді. Жаңа тұрғындар аймақтың экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына үлес қосып, өңірлік өсудің қозғаушы күшіне айналуда.
Қостанай облысына көшіп келушілер санының жыл сайын артуы – бұл елдің қандастарға деген қамқорлығы мен олардың тарихи отанында жаңа өмір бастауына жасалған мүмкіндіктердің жемісі. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен аймақтың тартымдылығы алдағы жылдары да қандастар мен қоныс аударушылар үшін Қостанай облысын таңдауға себеп болары сөзсіз.
Соңғы жылдары тарихи Отанына оралған қазақтардың саны артып келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері елге барлығы 1 миллион 144 мың қандас оралды.

Өзбекстаннан келушілердің басым бөлігі – олар соңғы бес жылда Қазақстанға келген қандастардың 50%-ын құрайды. 29% дерлік Қытайдан, одан кейін Моңғолия мен Ресей. Келгендердің 98% – қазақтар. Олардың көпшілігі тарихи отанында туыстарының жанында тұрып, ана тілінде сөйлегісі келгендіктен оралғанын айтады.

Қандастарды қолдау шаралары жыл сайын жетілдіріліп отырады. Енді осындай мәртебеге ие болған отандастар Қазақстанға көшкен кезде, оның ішінде автомобильге әкелген жеке мүлкіне кедендік төлемдерден босатылады. Олар ұлттық виза беру туралы өтінішті қабылдау және қарау үшін консулдық алымдарды да төлемейді. Оларға және әлеуметтік құқықтарға кепілдік беріледі. Бұл медициналық көмек, мектептер мен балабақшалардағы орындар, мемлекеттің жұмысқа орналасуға көмегі. Қандастар тұрғын үй мен жер алуға, білім беру мен салық саласында жеңілдіктер берілетін халықтың әлеуметтік осал санатына жатады. Сонымен қатар, оларға қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесі беріледі.
Азаматтықты алу рәсімі жеңілдетілді және тек үш айға созылады, деп сендіреді бейінді министрлікте. Сондай-ақ жыл сайын жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттарды бөлу кезінде қандастарға жалпы санының 4% – ы беріледі.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77