Қазіргі уақытта цифрлық технологиялар өміріміздің әр саласына еніп, оның ішінде медицинаны да түбегейлі өзгертуде
Еліміздің медицина саласындағы цифрландыру процестері пациенттерге қызмет көрсету сапасын арттырып, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Бұл өзгерістер халыққа қолайлы жағдай жасап, денсаулық сақтау жүйесін заманауи талаптарға сәйкестендіруде.
Цифрландырудың арқасында медициналық қызмет көрсету бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тиімді және жылдам бола бастады. Бұрын дәрігердің қабылдауына жазылу немесе қажетті ақпаратты алу үшін ұзын-сонар кезекке тұру қажет болса, бүгінде барлығы электронды түрде жүзеге асырылады.
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда вакцинацияға электронды келісім беру мүмкіндігі енгізіледі. Бұл жаңашылдық екпе алу рәсімін жеңілдетуге және оның ашықтығын арттыруға бағытталған.
Бұрын вакцинациядан өту үшін қағаз түрінде келісім қажет болатын, ол емханаларда немесе вакцинация орындарында толтырылатын. Енді қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасы немесе eGov.kz порталы арқылы келісімін бере алады, бұл уақытты үнемдеуге және процедураны ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Электронды келісім рәсімі келесі қадамдардан тұрады. Біріншісі. eGov қосымшасына немесе порталына кіріп, авторизациядан өту, “менің денсаулығым” бөлімін таңдау, “аакцинацияға келісім беру” қызметін басу. Келесі екпе туралы ақпаратпен танысып, келісімді растау. Ата-аналар үшін кәмелетке толмаған балаларға келісім беру функциясы да қарастырылған. Бұл жағдайда жеке кабинеттен баланың деректерін таңдау жеткілікті.
-Иә, электронды түрде болған ыңғайлы. Өткені осыдан бір жыл бұрын балама екпе салдырту керек болатын, алайда, менің балам қағазды жоғалтып алды. Мектептегі дәрігер біз келісім бермедік деп ойлап, балама екпе салынбады. Содан соң жұмыстан сұранып, ауруханаға барып, салдырту керек болды. Ал енді бір минут уақытқа кетеді, – дейді ата-аналардың бірі Лейла Шебекова.
Электронды келісім бюрократиялық рәсімдерді азайтып, қателерді болдырмауға және вакцинацияны жылдамдатуға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл медициналық қызметкерлердің жүктемесін азайтып, олардың емдеу ісіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңашылдық әсіресе эпидемия кезінде өзекті. Электронды технологиялар адамдарды тезірек вакциналау үшін кезектер мен кешігулерді болдырмауға септігін тигізеді. Көптеген азаматтар жеке деректердің қауіпсіздігіне алаңдайды. Денсаулық сақтау министрлігі жүйе барлық киберқауіпсіздік талаптарына сай екенін және деректер тек медициналық мақсатта пайдаланылатынын мәлімдеді.
Вакцинацияға электронды келісім беру – Қазақстанда медициналық қызметтерді цифрландыру жолындағы тағы бір қадам. Бұған дейін елде электронды медициналық карталар жүйесі енгізіліп, қағаз құжаттардан бас тартуға мүмкіндік туған еді.
Денсаулық сақтау министрлігі электронды келісім вакцинацияны барлық азаматтар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ететініне сенімді. Бұл Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға қосылған маңызды үлес.
– Электронды келісім беру – бұл уақыт талабы. Бұл адамдардың вакцинацияға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әсіресе, шалғай ауылдық жерлер үшін бұл өте тиімді шешім, – деді аурухана қызметкері.
eGov.kz және eGov Mobile сияқты платформалар арқылы емханаларға тіркелу, дәрігердің қабылдауына жазылу және медициналық анықтамаларды алу оңай әрі жылдам орындалады. Сонымен қатар, телемедицина да үлкен сұранысқа ие болып отыр. Әсіресе, шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін онлайн-кеңес беру қызметі уақытты үнемдеп, сапалы медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Цифрландырудың маңызды бөлігі – науқастардың медициналық деректерін басқару. Бұрын медициналық карта қағаз түрінде сақталып, жиі жоғалып немесе бүлініп қалатын. Қазір барлық ақпарат электронды жүйеге енгізіліп, қауіпсіз сақталады. Бұл деректер дәрігерлерге пациенттің денсаулығы туралы толық ақпарат беріп, дәл әрі тиімді ем жүргізуге көмектеседі.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77