Мұғалімдердің барлығы дерлік – ерекше шығармашылық мелері
Бірі кесте тігуді ұнатса, енді бірі ән айтып, шығармашылықпен айналысады, ал кейбірі қолөнер туындыларын жасайды.
Қолөнер – әр адамның өмірінде аса маңызды орын алады, себебі ол күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке алыстап, күш-жігерін қайта қалпына келтіруге, эмоциялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Олеся Дмитриева үшін осындай жан тыныштығын сыйлайтын ерекше әуестік – крафттық ірімшіктер жасау. Бұл кәсіп үлкен ұқыптылық пен мұқияттылықты талап етеді. Ең бастысы – төзімділік қажет, себебі ірімшік дайындау үдерісінен дәмін татып көруге дейін апталар, тіпті айлар өтуі мүмкін. Бұл уақытты шыдамдылықпен күту, әр кезеңін орындау шын мәнінде өнерді бағалайтын адамның ісі. Олеся Дмитриева үшін ірімшік жасау жай ғана ермек емес, нағыз шабыт көзіне айналған.
Алғашында ешкіні қолға үйреткісі келген ұстаз, енді табиғи өнімдер жасауда.
– Шынымды айтсам, ешкі ұстап көру бала кезден бергі арманым еді. Олар жалғыз жүре алмайтын, үйірге мұқтаж екенін білмеппін. Сондықтан көп ұзамай, екінші ешкіні алуға тура келді. Сиыр сүтімен салыстырғанда көлемі әлдеқайда аз болса да, екі ешкіден алынған сүт көлемі отбасымыз үшін әжептәуір артық болды. Осы кезде артық сүтті қалай тиімді пайдалану керектігі туралы ойлана бастадым. Алғашқы ой – сүттен қаймақ, айран, ірімшік, йогурт сияқты кәдімгі өнімдер жасау болды. Алайда, бұл өнімдер ұзақ сақталмайды. Сондықтан, көп ойланбай, ұзақ сақталатын өнім жасауға көштім. Ірімшік жасау туралы ой мені көптен бері қызықтыратын, себебі өз отбасыма табиғи, таза өнім ұсынғым келді. Мектепте жұмыс атқарғандықтан, бұл кәсіпті бірге ұстау қиынға соғады деп шештім. Сондықтан 2020 жылы пандемия дерті белең алған кезде өз ісімді бастадым, – дейді №3 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі Олеся Дмитриева.
Пандемия дерті кезінде үйден кәсіптерін ашқандар аз емес. Соның бірі біздің кейіпкеріміз. Олеся Дмитриева қашықтан жұмыс істеп, кәсібін бастады. Үй жағдайында жасалатын ірімшіктің бағасы жөнінде іскер әйелден сұрағанымызда, оның түріне қарай құны әрқилы болатынын білдік.
– Ірімшік жасау үдерісі бірден көңілімнен шықты. Сүтке ашытқы мен ферменттер қостым, оның ірімшік түйіршіктеріне айналғанын бақылап, жұмысымды үлкен ықыласпен атқардым. Алғашқы кездерде адыгей ірімшігі, халуми, рикотта, анари сияқты жаңа піскен ірімшіктерді жасауға кірістім. Кейінірек, тәжірибе жинақтаған соң, тұзды және созылмалы ірімшіктер – брынза, моцареллаға көштім. Біртіндеп бұл іс шынайы хоббиге айналды. Адыгей ірімшігіне насыбайгүл қосу арқылы ерекше дәм шығарып, оны отбасыма ұсындым. Бұл жаңа мәзір барлығына қатты ұнады. Сонымен қатар, ірімшіктен қалған сарысудан апельсин қосылған сусын жасап көрдім, оны да барлығы жоғары бағалады, – дейді ол.
Кәсіптің алғашқы күндері қиындықсыз болған жоқ. Ірімшік жасаудың қыр-сырын білмеу, әсіресе, арнайы ферменттерді, ашытқыларды таңдау оңай болмады. Дегенмен, өнімдерді жасай келе, бұл қиындықтарды еңсеріп, кәсіпкерлік шыңдала түсті.
– Ешкілерім төлдеп, саны төртке жетті. Енді сүтті өңдеу, ірімшік жасау және ұстаздық қызмет бірдей уақытты талап етті. Күніне бар-жоғы үш сағат қана ұйықтаған кездер болды. Осылайша, шағын шаруашылықты тоқтатып, ешкі ұстамай, енді ірімшікке қажетті сүтті сатып алатын болдым. Қазір бұл кәсібімді кеңейту жоспарда жоқ. Себебі шикізаттың сапасына қатысты қиындықтар бар. Әрі сүт өнімдерінің маусымдық өзгерістері де жұмысымды тежейді. Бірақ осының бәріне қарамастан, ірімшік жасауды жалғастырып келемін. Әсіресе, ірімшіктің пісіп жетілу кезеңі өте қызықты: оны дұрыс температурада сақтау, қабығын өңдеу, аударып тұру. Бірнеше апта немесе ай күткеннен кейін, дайын өнімнің дәмін татып көру – нағыз қуаныш. Ірімшік жасау барысындағы ұнайтын үдеріс – жұмыстың тез уақыт аралығындағы нәтижесін көру. Егер білім беру саласында істеген жұмыстың жемісін жылдар бойы күту керек болса, ірімшік жасау әлдеқайда уақытты үнемдейді, – деп атап өтті ұстаз.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА
Суретті ұсынған
кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77