Қазақстан азаматтары скринингтен өту үшін үш күндік ақы төленетін демалыс алуға құқылы. Алайда бұл құқықты көпшілік білмейді, ал кейбір жұмыс берушілер заңды елемейді.
Скрининг – бұл ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектесетін жоспарлы медициналық тексеріс. Оның арқасында сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі, қант диабеті, артериялық гипертония, В және С созылмалы гепатиттері сияқты көптеген қауіпті ауруларды анықтап, алдын алуға болады. Скринингтен өту тегін және тіркелген медициналық мекемеде жүзеге асырылады.
Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге скринингтен өту үшін үш жұмыс күнін беруге міндетті. Бұл күндер қызметкердің жалақысы сақталатын әлеуметтік демалысқа жатады және еңбек демалысынан бөлек беріледі. Әлеуметтік демалыс алу үшін қызметкер жұмыс берушіге өтініш жазуы керек.
– Егер жұмыс беруші скринингтен өту үшін демалыс беруден бас тартса, бұл заңды бұзу болып табылады. Мұндай жағдайда қызметкер бізге шағымдана алады. Біз тексеріс жүргізіп, жұмыс берушіге заңбұзушылықты жою туралы нұсқама береміз. Егер ол орындалмаса, жұмыс берушіге 30 АЕК-тен (шамамен 79 мың теңге) бастап айыппұл салынады. Кей жағдайларда іс сотқа жолданады. Өкінішке қарай, жұмыс берушілердің көбі бұл норманы білмейді немесе білсе де, елемейді. Бірақ заңда жұмыс берушінің скрининг үшін әлеуметтік демалыс беру міндеті нақты көрсетілген, – дейді Қостанай облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Бақыт Қашырбеков.
Айта кету керек, скрининг кезінде жұмыс орныңыз бен жалақыңыз сақталады. Қажет болған жағдайда емханада ұзақ кезек күтудің алдын алу үшін үш күндік демалысты толық пайдалану ұсынылады. Скрининг әрбір азаматтың денсаулығын қорғау үшін өте маңызды.
Аяжан СЕРІК,
сурет архивтен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77