Біздің Қостанай Культура

Беларусь елінен Қостанайда қойылым қойған режиссер Даниил Филиппович

Қостанай театры тағы бір ерекше қойылыммен толықты. Бұл жолы көрермендер Шыңғыс Айтматовтың шығармасына негізделген «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» спектаклін тамашалады

Қойылымның режиссері – халықаралық деңгейдегі тәжірибелі маман, ГИТИС түлегі Даниил Филиппович. Ол өз қойылымдарында дәстүрлі театр өнеріне жаңаша көзқараспен қарап, жаңа формалар мен тәсілдерді қолдануға тырысады.

Даниил Филиппович – Беларусь елінен шыққан талантты режиссер. Ол Ресей, Қытай, Тайланд, Бали сияқты көптеген елдерде қойылымдар сахналаған. Ол режиссер ғана емес, драматург, театр педагогы ретінде де танымал. 2021-2024 жылдары Минскідегі Янка Купала атындағы Ұлттық академиялық театрда қызмет етті. Сондай-ақ, ол ГИТИС-тің режиссерлік факультетін тәмамдап, тәжірибесін шыңдаған. Оған қоса бірнеше күн бұрын оның өмірі жайында, театрға деген махаббаты жайында кітабы шыққан болатын.

Қойылым жайында

Шыңғыс Айтматовтың шығармалары әрдайым терең философиялық ойларымен ерекшеленеді. Филиппович бұл туындыны жаңа қырынан көрсетуді мақсат етті. Оның айтуынша, спектакль тек баланың есейгені туралы емес, өмірлік құндылықтарды түсіну, өзіндік сананы қалыптастыру жолындағы ізденіс. Бұл қойылымда тек Кириск емес, тікелей Айтматовтың өзі де басты кейіпкер ретінде көрсетіледі. Ол ата-бабаларынан қалған рухани мұраны қабылдап, есейіп, өмірдің мәнін түсінуге тырысады.

Қойылымның негізгі тақырыптарының бірі – жоғалтуды қабылдай білу. Режиссердің өзі де ата-анасынан ерте айырылғанын айтып өтті. Сондықтан бұл тақырып оған өте жақын.

– Мен анамнан алты жасымда, әкемнен он екі жасымда айырылдым. Бұл сезім маған жақсы таныс. Біз бәріміз жақындарымыздан айырылып қаламыз, бірақ мәселе – мұны қалай қабылдаймыз және бұл бізді қалай өзгертеді? – дейді режиссер.

Жаңа көзқарас

Даниил Филиппович классикалық шығармаларды дәстүрлі тәсілдермен қоюмен шектелмеу керек деп есептейді. Ол көрерменге жаңа интерпретациялар ұсыну арқылы олардың ойлау көкжиегін кеңейтуді көздейді.

– XXI ғасырдамыз, театр көрерменмен бірге дамуы тиіс. Егер классика қызықсыз қойылса, оны жаңаша көрсету керек. Оған қоса актерлердің ойыны да маңызды. Олар сценарий бойынша емес, өздері де арасында ойларын айтып, қойылымның дұрыс қойылуына қатысу керек. Кейбір елдерде актерлер салқынқанды болып ойнайды. Ал Қазақстанда актерлер өз өнерімен өмір сүреді. Бұл – өте құнды қасиет. Мұнда өзімді шет елде жүргендей емес, үйдегідей сезінемін. Адамдар өте мейірімді, барынша көмектесуге дайын. Бұл – үлкен мәдениеттің, бай рухани дәстүрдің белгісі.– дейді ол.

Режиссер Қазақстандағы қонақжайлылыққа ерекше таңданғанын жасырмады. Ол қазақ актерлерінің жұмысына деген жауапкершілігін және процестегі толық берілуін жоғары бағалады. Қостанайға келер алдында Даниилді кейбіреулер жергілікті көрерменнің классиканы жаңаша интерпретацияда қабылдамауы мүмкін екенін айтып, ескерткен. Бірақ режиссер театр үнемі дамып, заман ағымына сай өзгеріп тыруы керек деп есептейді.

– XXI ғасырдамыз, егер спектакльдегі бір нәрсе сізді толқытса, одан қорқудың қажеті жоқ. Театр – тірі өнер, ол өзгереді, ал көрермен жаңа көзқарастарға ашық болуы тиіс. Егер классика қызықсыз қойылса, оны басқаша қою керек, — дейді Даниил.

Тіл – басты кедергі емес

Театр – көрермен мен шығармашылық топ арасындағы байланыс алаңы. Мұнда тіл маңызды рөл атқарғанымен, басты кедергі емес. Өйткені шынайы өнердің тілі – эмоция, қимыл-қозғалыс, режиссерлік шешім, актерлік шеберлік арқылы көрерменге жетеді.

Қазіргі театр әлемі жаһандану үдерісінен тыс қалмады. Бір мемлекеттен екінші елге гастрольдік сапарлар жасау, режиссерлердің түрлі мәдени ортада жұмыс істеуі үйреншікті жағдайға айналды. Қазақстанға басқа ұлттың режиссері келіп, қойылым қоюы – театр өнеріндегі қалыпты тәжірибе. Мысалы, еліміздің сахналарында түрлі ұлт өкілдері қойған спектакльдер жоғары бағаланып жүр.

– Өкінішке қарай, мен қазақ тілін білмеймін. Өнер – әмбебап, ол бізге сөзсіз-ақ бір-бірімізді түсінуге мүмкіндік береді. Театрда біз эмоциялармен, қимылдармен сөйлесеміз» – дейді ол. Бірнеше қазақша сөздерді үйренгенін де атап өтті: «Әке», «кет» деген сөздерді білемін» – деп күледі.

Даниил актерлер қойылымды өздерінің туындысы ретінде сезінуі үшін ерекше әдіс қолданады.

– Ең бастысы – актерлер спектакльдің идеясын өздері ойлап тапқандай күй кешуі керек, — деп күледі ол. — Сол кезде олар рөлге барынша беріле ойнайды.
Қазіргі театр классикалық шығармаларды дәстүрлі қалыпта қоюмен шектелмейді. Режиссерлер жаңа тәсілдер іздеп, классиканы қайта саралап, көрерменге тың көзқарас ұсынуда. Бірақ эксперименттер мән-мағынасыз болмауы керек. Оның айтуынша, эксперимент ойлы, саналы болуы қажет. Бұл жай ғана көрерменді таңғалдыру емес, ізденіс болуы тиіс. Егер классика қызықсыз естілсе, оны өзгерту керек. Бірақ шектен шықпай, мәнін жоғалтпау маңызды.

«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» спектаклінде режиссер биографиялық элементтер қосу арқылы Кириск бейнесін Айтматовтың жеке тұлғасымен байланыстырды. Бұл оқиғаның мағынасын тереңдетіп, есейіп, өмір сынақтарын қабылдау тақырыбын кеңірек ашуға мүмкіндік берді. Қойылым көрерменді өзіне, жақындарына, шынымен маңызды дүниелерге ой жүгіртуге шақырады.

— Ең бастысы – көрермен жақындары туралы, ата-анасы туралы ойланса екен деймін. Спектакльден кейін анасына қоңырау шалуына себеп болса, мақсатымызға жеттік деген сөз. Біз шіркеуге немесе мешітке тәубеге келу үшін барамыз, ал театр – жан дүниемізге үңілуге мүмкіндік беретін орын. Қойылымдағы ең эмоционалды сәттердің бірі – үш аңшының өлімінен кейінгі көрініс. Бұл сахна – басты кейіпкердің өзгеретін жері. Ол бір сәтте өзгереді, тіпті құдайға ұқсас кейіпке енеді. Егер осы көріністе көрермендерден ешкімнің көзіне жас келмесе, онда оларда мүлде сезім жоқ деген сөз. Тіпті мен өзім, қойылым режиссері болсам да, бұл сахнада көзіме жас аламын. — дейді Даниил.

Актерлік құраммен жұмыс бар болғаны бір айға созылды, бірақ олар тез бейімделді. Дегенмен, режиссердің айтуынша, спектакль толыққанды қалыптасып, өз биігіне тек бесінші-алтыншы қойылымда жетеді.

— Мен ешқашан премьералық қойылымдарды қарамаймын, өйткені олар әлі «шикі» болады. Уақыт өте келе, актерлер көрерменнің реакциясын сезінгенде, қойылымның шынайы күші байқала бастайды, – дейді режиссер.

Қойылым көрерменді өзіне, жақындарына, шынымен маңызды дүниелерге ой жүгіртуге шақырады. Даниилдің басты мақсаты – көрерменнің спектакльден кейін ата-анасына қоңырау шалып, жақындары туралы ойлануына себепші болу. «Театр – тек ойын-сауық орны емес, ол адам жанының айнасы» – дейді режиссер.

Режиссерден Қостанайға қайта келу туралы сұрағанда, ол ойланбастан: «Егер шақырса, міндетті түрде келемін!» – деп жауап берді. Бұл оның Қазақстан театр өнеріне деген қызығушылығы мен құрметінің белгісі.

Театр – ұлттық өнер ғана емес, адамзатқа ортақ мәдени құбылыс. Сондықтан режиссердің ұлты, тілі маңызды емес, бастысы – оның идеясы, шығармашылық көзқарасы. Көрермен үшін де тіл басты кедергі емес, өйткені өнердің тілі әмбебап. Театрда ең маңыздысы – эмоция, ой және өнерге деген сүйіспеншілік.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77