Біздің Қостанай Здравоохранение

Вакцинация, маусымдық аурулар және ата-аналардың рөлі жайында отбасылық дәрігер Фариза Мырзағалиевамен сұхбат

Балалардың денсаулығы – ата-аналар үшін басты назарда тұратын маңызды тақырып. Әсіресе, маусымдық аурулар күшейген кезде олардың алдын алу шараларын сақтау, дұрыс тамақтану, гигиенаны қадағалау және уақытылы вакцина алу басты назарда болуы керек.

Ата-аналардың бұл мәселеге деген көзқарасы әртүрлі, кейбірі медициналық ұсыныстарды қатаң ұстанса, енді бірі түрлі жалған ақпараттың жетегінде кетіп жатады. Осы мәселелер төңірегінде отбасылық дәрігер, жеті жылдан астам тәжірибесі бар, екінші санаттағы маман Фариза Мырзағалиевамен сұхбаттастық.

Вакцинацияға көзқарас

— Фариза Талапқызы, қазіргі таңда ата-аналардың вакцинацияға көзқарасы қандай?

— Қазіргі таңда вакцинация мәселесіне қатысты ата-аналар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтағы ата-аналар оның маңыздылығын толық түсінеді және балаларын уақтылы екпе алуға әкеледі. Олар вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алатынын, тек өз баласын ғана емес, жалпы қоғамды да қорғауға көмектесетінін біледі. Бұл ата-аналар дәрігерлермен кеңесіп, дәлелденген медициналық ақпараттарға сүйенеді. Ал екінші топтағылар – вакцинадан бас тартушылар немесе күмәнмен қарайтындар. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, интернетте таралатын жалған ақпараттар, түрлі әлеуметтік желілердегі қауесеттер олардың ойын шатастырады. Екіншіден, медициналық сауаттылықтың төмендігі де рөл атқарады. Ата-аналарға вакцинаның қалай жұмыс істейтінін, оның қажеттілігі мен қауіпсіздігін түсіндіру үшін дәрігерлерге көп күш жұмсауға тура келеді. Көптеген ата-аналар вакцинаның маңыздылығын түсініп, бастапқыда екпе салдырғысы келеді. Бірақ әлеуметтік желілерде тараған «вакцина құрамында зиянды заттар бар», «екпе салдырғаннан кейін бала ауырып қалуы мүмкін» деген сияқты жалған ақпараттар олардың қорқынышын күшейтеді. Сондықтан дәрігерлер мұндай ата-аналармен жеке жұмыс жүргізіп, вакцинаның қажеттілігі туралы ғылыми дәлелдермен түсіндіруге тырысады.

— Ал вакцинадан бас тарту қандай қауіптерге әкелуі мүмкін?

— Вакцинациядан бас тарту – тек бір бала үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін қауіпті. Себебі, вакцинация арқылы қалыптасатын ұжымдық иммунитет төмендеген сайын, бұрын ұмыт бола бастаған жұқпалы аурулар қайта өршиді. Тарихқа көз жүгіртсек, вакцина пайда болмай тұрғанда, адамдар шешек, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия сияқты аурулардан жаппай қайтыс болған. Мысалы, шешек (оспа) ғасырлар бойы миллиондаған адамның өмірін жалмаған. Ал полиомиелитпен ауырған балалардың көпшілігі сал болып қалған немесе өмір бойы мүгедек болып өткен. Осы аурулардан тек вакцинацияның арқасында құтылдық. Қазақстанда 1990 жылдары вакцинация деңгейі күрт төмендеп, оның салдары ауыр болды. Мысалы, 1996 жылдары дифтерия, қызылша сияқты аурулар қайта өршіді. 2019 жылы елімізде қызылшаның үлкен өршуі тіркеліп, мыңдаған бала ауырды, кейбірі өмір бойына созылатын асқынуларға ұшырады. Егер вакцинадан бас тарту тенденциясы жалғаса берсе, бұл аурулар қайта қауіпті деңгейге жетуі мүмкін.

Маусымдық аурулар

— Қазіргі уақытта балалар арасында қандай аурулар жиі таралып жатыр?

— Әр маусымға байланысты ауру түрлері өзгереді. Қыс мезгілінде жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) өте жиі кездеседі. Оған тұмау, парагрипп, риновирустық инфекция жатады. Биылғы маусымда балалар арасында вирустық ішек инфекциялары да көптеп тіркелді. Қаңтар-ақпан айларында аурушаңдық сәл төмендегенімен, толық сейілген жоқ. Балалар арасындағы тұмаудың алдын алу үшін ата-аналар қарапайым сақтық шараларын ұстануы керек.

— Маусымдық аурулардың алдын алу үшін ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

— Балалардың иммунитетін нығайту үшін ең қарапайым, бірақ өте маңызды кеңестерді ұстану қажет. Дұрыс ұйқы режимін сақтау – Баланың ағзасы толыққанды демалып, иммундық жүйесі қалыпты жұмыс істеуі үшін 8-10 сағат ұйықтауы керек. Құнарлы тамақтану – Балаларға дәрумендерге бай табиғи өнімдерді беру қажет. Көкөністер, жемістер, ет, сүт өнімдері, жаңғақтар – иммунитетті нығайтатын негізгі тағамдар. Гигиенаны сақтау – Қолды жиі жуу, бөлмені желдету, жеке гигиена ережелерін үйрету аурулардың алдын алуға көмектеседі. Физикалық белсенділік – Балалар таза ауада көбірек уақыт өткізіп, қозғалысты өмір салтына айналдыруы қажет. Вакцинация – Маусымдық тұмау мен басқа да инфекцияларға қарсы екпелерді уақытылы алу қажет.

Витаминдер: пайдасы мен зияны

— Балаларға витаминдерді қандай жағдайда беру керек?

— Ата-аналар арасында витаминдерді өз бетінше сатып алып, балаларға беру тенденциясы бар. Әсіресе, интернет-дүкендер мен желілік маркетинг арқылы сатылатын өнімдер үлкен қауіп тудырады. Себебі олардың сапасы, құрамындағы заттар, сақтау шарттары белгісіз. Балаларға витаминдер дәрігердің нұсқаулығымен ғана берілуі керек. Егер баланың анализдері қандай да бір витамин жетіспейтінін көрсетсе, дәрігер оны дұрыс мөлшерде тағайындайды. Ал бақылаусыз қабылданған витаминдер бауыр, бүйрек, асқазан-ішек жолдарының ауруларына, улануға алып келуі мүмкін.

Гаджеттер және гиперопека мәселесі

— Бүгінде ата-аналар балаларын гаджеттерден қорғай алмай жатады. Бұл қаншалықты қауіпті?

— Гаджеттерді шамадан тыс қолдану балалардың физикалық және психикалық денсаулығына кері әсер етеді. Әлеуметтік дамуын шектейді, оның ішінде баланың адамдармен араласуын, сөйлеу қабілетін,ойын жеткізе алу қабілеті, өз ойын ашып айта алу қабілетін тежейді. Оған қоса ата-анасымен, жақындарымен, достарымен байланыс жоқ. Қазіргі таңда әбсәттегі миының жылдамдығын дамытқанымен, ойлау қабілеті, логикалық, критикалық ойлау жақтары дамымай қалады. Сол себепті балаларға ұялы телефонды бергенде ата-аналар тарапынан бақылау болу керек. Балаға уақытмен шектеулі уақытта беру керек. Көру қабілеті нашарлайды, наушниктің әсерінен құлағы нашарлайды. Ерте жастан тіл үйрену, сандарды үйрену бұл балаға оң әсер етеді. Өйткені кішкентай кезде баланың есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Бастысы баланың оған деген қызығушылыға болу керек.
Көп ата-ана баласын барлық қиындықтан қорғап, оның алдынан кедергілерді алып тастауға тырысады. Олар балаға бар жағдайды жасап, кез келген мәселені өзі шешіп беруге ұмтылады. Бірақ мұндай гиперопека (шамадан тыс қамқорлық) баланың өз бетімен өмір сүруіне кедергі келтіруі мүмкін.

— Ата-аналардың тарапынан балаға гиперопека жасау?

— Гиперопека – ата-ананың балаға шамадан тыс қамқорлық көрсетуі, оны барлық шешімдерден, қиындықтардан, жауапкершіліктен қорғауға тырысуы. Мұндай ата-аналар баланың әр қадамын бақылап, оны өз бетінше әрекет етуге жібермейді. Балаға таңдау еркіндігін бермеу – ата-аналар оның орнына шешім қабылдайды (мысалы, қандай киім кию, қандай үйірмеге бару, кіммен дос болу керектігін анықтайды). Балаға өз бетінше қателесуге мүмкіндік бермеу – ата-ана оны кез келген сәтсіздіктен қорғауға тырысады, қателіктерін түзеп береді. Тұрмыстық дағдыларды үйретпеу – балаға ештеңе жасатпай, ата-анасы оның орнында бәрін істей береді (мысалы, киімін дайындау, сабағын орындау, заттарын жинау). Балаға шамадан тыс алаңдау – «Абайла, құлап қаласың!», «Суық тиіп қалады!», «Бұл саған қиын болады!» деген сөздермен оның кез келген бастамасын басып тастау.

— Гиперопеканың балаға зияны қандай?

— Шектен тыс қамқорлық баланың өз бетінше шешім қабылдау, жауапкершілік алу қабілетін әлсіретеді. Мұндай балалар есейген кезде өздігінен қиындықтарды еңсеру дағдысына ие болмайды, өзіне сенімсіз, тәуелді болып өседі. Өз бетімен шешім қабылдау қиындығы – ата-анасының шешімдеріне үйренген бала, есейгенде өз таңдауы үшін жауапкершілік алудан қашады. Ең бастысы – тепе-теңдікті сақтау. Баланы мүлде назарсыз қалдырмау керек, бірақ оның өз бетінше өмір сүру дағдыларын дамытуына мүмкіндік беру қажет.

Балаларды өз бетінше емдеу

Көптеген ата-аналар баласы ауырған кезде дәрігерге жүгінудің орнына, өз бетінше емдеуге тырысады. Кейбіреулері интернеттен оқыған кеңестерге сүйенсе, енді бірі таныстарынан, туыстарынан естіген әдістерді қолданады. Бірақ мұндай өзін-өзі емдеу (самолечение) балалардың денсаулығына қауіпті салдар әкелуі мүмкін.

— Ата-аналардың балаларды өз бетінше емдеуі қаншалықты қауіпті?

— Өкінішке қарай, бүгінде ата-аналардың көпшілігі медициналық кеңес алмай, өз бетінше ем қолдануға әдеттенген. Олар дәріханадан кеңес сұрап, белгілі бір препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз бере салады немесе халықтық ем-домға жүгінеді. Бұл аса қауіпті. Ең жиі кездесетін қателіктер. Антибиотиктерді бақылаусыз қолдану – Ата-аналар баласы сәл қызу көтерсе немесе жөтелсе, бірден антибиотик беріп жатады. Бірақ бұл үлкен қателік. Біріншіден, антибиотиктер тек бактериялық инфекцияларға қарсы әсер етеді, ал балалар жиі вирустық инфекциямен ауырады. Екіншіден, антибиотиктерді дұрыс қолданбау баланың иммунитетін әлсіретіп, антибиотикке төзімділіктің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Бұл дегеніміз, болашақта бала ауырғанда, антибиотиктер оған әсер етпей қалуы мүмкін. Дәрілердің мөлшерін дұрыс есептемеу – Кейбір ата-аналар балаға дәріні өздері мөлшерлеп береді. Бұл өте қауіпті, себебі балаларға арналған дәрілердің мөлшері олардың жасына, салмағына, аурудың сипатына байланысты есептеледі. Артық мөлшер беру бауыр мен бүйрекке ауыр жүктеме түсіреді, тіпті улануға әкелуі мүмкін. Қызуды түсірудің қате әдістері – Кейбір ата-аналар баланың қызуын түсіру үшін спиртпен, сірке суымен денесін сүртеді. Бұл әдіс зиянды, себебі тері арқылы спирт немесе сірке суы қанға сіңіп, улануға алып келуі мүмкін. Қызу көтерілгенде ең дұрыс шешім – дәрігер ұсынған парацетамол немесе ибупрофен сияқты қауіпсіз препараттарды беру және балаға жеткілікті су ішкізу. Халықтық ем-домды асыра пайдалану – Кейбір ата-аналар дәрігердің кеңесінсіз халықтық әдістерді қолданады. Мысалы, баланың тамағы ауырса, керосин немесе лимон қышқылымен шайқатуға кеңес беретіндер бар. Бұл керісінше, тамақтың шырышты қабатын күйдіріп, жағдайды ушықтыруы мүмкін. Сондай-ақ, баланы ыстықтай қымтап, шектен тыс терлету, түрлі шөптерді бақылаусыз қолдану аллергиялық реакцияларға, тіпті анафилаксиялық шокқа әкелуі мүмкін.

— Балаларда өзін-өзі емдеуден туындайтын қандай ауыр салдарлар болуы мүмкін?

— Егер ата-аналар өз бетінше емдеп, уақытында дәрігерге жүгінбесе, балада түрлі асқынулар пайда болуы мүмкін. Тыныс алу жолдарының инфекцияларын дұрыс емдемесе, олар бронхитке немесе өкпенің қабынуына (пневмония) айналуы мүмкін. Құлақ инфекцияларын (отит) уақытында емдемесе, созылмалы отитке немесе есту қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Асқазан-ішек жолдары ауруларын өз бетінше емдеу баланың ас қорыту жүйесіне зақым келтіріп, гастрит немесе ойық жара ауруының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Аллергиялық реакциялар мен дәрілік уланулар жиі кездеседі, себебі ата-аналар балаларға дәрілерді дұрыс тағайындамайды.

— Ата-аналарға негізгі кеңес қандай?

— Ата-аналар бала ауырғанда, ең алдымен, маманға жүгінуі керек. Егер симптомдар жеңіл болса да, аурудың сипатын нақтылау үшін дәрігермен кеңесу маңызды. Өзін-өзі емдеу кейде уақытты босқа өткізіп, аурудың асқынуына әкеледі. Баланың диагнозын тек дәрігер қоюы керек. Антибиотиктер мен басқа да дәрілерді дәрігердің кеңесінсіз бермеу қажет. Интернеттен алынған немесе таныстардан естілген емдеу әдістерін қолданар алдында маманнан кеңес сұрау керек. Дәрі-дәрмекті жас мөлшеріне қарай дұрыс мөлшерлеу қажет. Қызуды түсіру үшін қауіпсіз әдістерді ғана қолдану керек.

Баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарау – әр ата-ананың міндеті. Өз бетінше ем қолдану кейде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан кез келген аурудың алғашқы белгілері байқалса, кәсіби дәрігерге қаралу керек. Денсаулық – басты байлық!

Балалардың денсаулығы – ата-аналардың қолында. Дұрыс тамақтану, тазалық сақтау, ұйқы режимін бақылау, вакцинацияға жауапкершілікпен қарау – мықты денсаулықтың кепілі. Сондықтан, ата-аналар медициналық мамандардың кеңестеріне құлақ асып, жалған ақпараттардың жетегінде кетпеуі керек. Балаларыңыз аман, дені сау болсын!

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77