Біздің Қостанай

Марғұлан ОСПАНОВ: «Келер жыл – Ыбырай жылы болуы тиіс»

Марғұлан Оспанов сұхбат барысында ұсынысын білдірді

Жақында Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейде өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ауқымды шараға қатысқан едік. Орайы келгенде мұражай директоры Марғұлан Оспановпен әңгімелесіп, біраз ой тарқатып көрдік.

– Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ел болып лайықты атап өту керектігі жиі айтылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Абай жылының мән-маңызына ерекше мән беріп отыр. Демек бұл Абай мұрасын зерттеп, танып-білудің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Енді алдағы жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы келе жатыр. Ыбырай да Абай сияқты исі қазаққа қадірлі тұлға. Бұл жайында не айтасыз?

– Биыл Шоқан Уәлиханов ескерілусіз қалып жатыр. 185 жылдығы республика деңгейінде аталып өтілуі керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай отыр. Мүмкін, алдағы уақытта, яғни, жыл соңына таман туған күні қарсаңында тойланатын болар. Бірақ, «алдағы жылы Абайдың 175 жылдығы келе жатыр» деп, бір жыл бұрын жар салып едік. Сол дәрежеде шоқ жұздыздай жарқ еткен, шоқтығы биік Шоқанды шыңға шығарып шарықтата алмадық. Айтпағым бұл емес. Алдағы жылы осындай қазақтың маңдайына біткен үш ағартушысының бірі, ұлы ғалым, педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы келе жатыр. Мемлекет тарапынан әзірге қозғалыс байқалмайды. Данышпан дара тұлға Шоқан мен Ыбырай тек туған жері Қостанайға ғана керек болғаны ма? Ұлты үшін аянбай қызмет етіп, тек сөзімен ғана емес, ісімен де халқына жанашыр, адал болған Ибраһим Алтынсарыұлын Ибраһим Құнанбайұлының деңгейінде ұлықтамау ұлы даланың ұрпағына жат қылық. Сауатсыздықтың бұлтын сейілтіп, қазақ даласына білімнің нұрын шашқан даңқты дала қоңырауын мемлекеттік түрде мақтанышпен дәріптей алмай келеміз. Бір ғана «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін ұлттық брендке айналдыруға болатын Ыбырай атаның ескерткішін ел астанасының төрінде орнатып, «Инспектор» көлінің тарихи атауын қайтарып, Тобыл өзенінің жағасындағы, жаз жайлауы болған жазиралы мекендегі өзінің ағаштан жасалған үйін қайта қалпына келтіріп, қасиетті орынға айналдырса ұстаз үшін, ұлт үшін, ұрпақ үшін жасалған ұлы іс болар еді.

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі ұлы ағартушының елеулі еңбегі мен өнегелі өмір жолын насихаттауда тынымсыз еңбек етіп келеді. 2019 жылы музей қызметінің негізгі бағыты саналатын мұралар мен мәдени әлеуетті дамыту, сақтау ғана емес, қалың елді мәдени құндылықтарға жақындату, музей жұмысының тиімділігін арттыру бойынша бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылды.
Исмаил Гаспринский мемориалдық музей қорында Ыбырай Алтынсариннің қолтаңбасы бар 1884 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабы сақталған. Осыны негізге ала отырып, Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының Бахчисарай тарихи-мәдени және археологиялық музей-қорығымен бірлесіп, «Ыбырай Алтынсарин мен Исмаил Гаспринский» атты телекөпір өткізілді. 2019 жылы Ыбырай мұрасының өзге де өңірлерде ауқымды насихатталуы үшін, әрі екі облыс ортасында мәдени-рухани байланысты нығайту мақсатында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейімен, Республикалық Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейімен және Кеңес одағының батыры Ә.Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейімен тұлғалық музейлер арасында өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастық келісімшарт жасалды. Осы меморандум негізінде танымдық, ғылыми ізденістерді арттырып, музей экспонаттарынан Ыбырай Алтынсаринге қатысты көрмелер апарылып, жергілікті тұрғындардың назарына ұсынылды.

Ақтөбе облысында ағартушының өмір жолы мен еңбегін зерттеп, насихаттау мақсатында Ә.Молдағұлованың мемориалдық музейімен бірлесіп «Даланың алып қоңырауы» ғылыми экспедициясын жүргіздік. Ырғыз ауданында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 140 жылдығына арналған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Нәтижесінде конференция материалдарынан ғылыми жинақ жарық көрді.
Биыл Ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі бірқатар жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Келер жыл – Ыбырай жылы болу тиіс. Ол Абай тойынан кем болмау керек. Музейде осы мақсатта жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Ы.Алтынсариннің мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуін жоспарлап отырмыз.

– Біздің газеттің әлеуметтік желідегі парақшасына ғаламтор қолданушылардан түрлі мазмұндағы өтініш, тілек, ұсыныс хаттар түсіп жатады. Солардың бірі Ыбырай Алтынсарин кесенесіне зиярат етуге барғандар ішке кіре алмай, тек сырттан қайтып жүргендерін айтады. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Кесене Тобыл қаласының балансында тұрғандықтан біздің де қарапайым халықтан еш айырмамыз жоқ тәрізді. Ы.Алтынсарин музейі бола тұра оның кесенесіне өз еркімізбен кіруге мүмкіндігіміз болмай отыр. Себебі, бізде кілт жоқ. Кілт тек жергілікті әкімшілікте ғана. Ал сыртында іс-шараларымызды өткізіп, келген қонақтарға экскурсия жұмыстарын жүргізе береміз. Ал, ішіне кіріп қарау үшін әкімшілікке барып, кілт алуға рұқсат сұрап, өтініш білдіруіміз керек. Біздің мемориалдық музей – Ыбырай Алтынсаринге арналған Республика бойынша жалғыз облыстық музей. Сондықтан, Ыбырай Алтынсариннің музейі, ескерткіші, мектептің орнына қойылған мәрмәр тақта, оның атындағы  көше мен іргесіндегі дарынды балаларға арналған мектеп-интернат және Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарына енген кесенесі мен «Омар құдығы» тұтас бірыңғай бір кешенді құрауы тиіс. Сол үшін кесене Тобыл қаласының балансынан облыстық музейдің қарауына өтсе, музей штатынан бір бірлік бөлініп, кесене басында құран оқи алатын, әрі экскурсия жүргізе білетін шырақшы тағайындап қояр едік. Сол кезде Ұлы Ұстаздың аруағына тағзым етіп, басына барушылар көбейіп, туристік орынға айналуы да әбден мүмкін. Басында «Ыбырай оқулар» сынды іс-шаралар жиі өткізіліп, ұрпаққа насихат жұмысы жандана түсер еді. Ең бастысы, еліміздегі жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысан құлыпта тұрмас еді…

– Ыбырай Алтынсариннің туған, тұрған үйі туралы нақты деректер бар ма? Егер болса, ол үйді қайта қалпына келтіріп, мәдени орынға айналдырған игі емес пе?

– Ыбырай Алтынсариннің үйі деген кезінде Тобылдың жағасы, кесенесінің маңы есімізге оралады. Тарихи дерекке көз жүгіртсек, 1883 жылы Алтынсарин отбасымен Торғайдан Қостанай қаласына көшіп келді. Қаладан 2-3 шақырым жерде, Тобыл өзенінің бойындағы кішкене көлдің жағасына өз қаражатымен ағаштан 10 бөлмелі үй салып, жанына қазақы киіз үй тігіп өмірінің аяғына (1889 ж.) дейін сонда тұрды. Сол кездегі жергілікті халықтан бізге дейін ел аузында және тарихи деректерде «Инспектор көлі» деп атап келген кішкене көлді бүгін де жекешелендіріп, тарихи атауын өзгертіп, «Безымянное озеро» деген тақтайша іліп қойған екен. Бұл мәселені сан мәрте көтеріп, айтып жүрген ыбырайтанушы, ғалым Қалқаман Жақып «Жер сатылса да, тарихи атауы сатылмауы керек» деп ескертеді. Әзірге құлаққа ілер жан табылмай келеді.

«Ы.Алтынсарин Қостанай қаласынан 3 шақырым жерде тұрған. Алтынсариннің отбасы Тобыл өзенінің жағасында орналасқан, үйі еуропалық үлгіде жасалған», – деп жазды З.П. Толстых өзінің баяндама хатында.

1889 жылы Ы.Алтынсарин өмірден өтті. Инспектор көлінің жағасында өз руының зиратында жерленеді. 1991 жылы 22 шілдеде ағартушының 150 жылдық мерейтойында қызыл кірпіштен кесене көтерілді. Алтынсарин қайтқаннан кейін, Алекторов инспектор болып тағайындалып, 90 жылдарда үкімет ауылшаруашылық мектебін ашуға рұқсат беріп, Ы.Алтынсариннің руынан 500 ондықтай жерді училище салуға алады. Бұл аймақ, сондай-ақ, Алтынсарин отбасының үйі халықтық мектеп инспекциясын басқаруға ауыстырылды және «инспекторлық» деген атаққа ие болды. Алтынсарин үйі 1905 жылы Қостанай уезінің халық мектебі инспекторлары үшін саяжай ретінде пайдаланылды. 1905-1906 жылдары Қостанай қаласының мұғалімдер ұжымы жаз мезгілі кезінде, қала мұғалімдерінің саяжайы және демалыс үй ретінде үйдің бір бөлігін инспекторларға берудегі өтініштері іске асты.

«Әскери коммунизм» кезінде бұл үй Затобол селосына қарызға сатылады, жер Затобол селосына ауыстырылды. Одан бұл үйді бұзып, ағаштарын құрылыс материалына пайдаланады. 1920 жылы мәдени ошақтар салына бастап, Ыбырайдың үйінің ағаштарымен клуб тұрғызылады. Клуб 1965 жыл қиратылып, материалдарымен дәріхана салынады. Ағаштан салынған дәріхана 1990 жылы жабылып, құрылыс материалдары осымен зым-зия жоқ болады. Бізге бұл ақпаратты жеткізген Қалқаман Хасенұлы «Ыбырайдың үйінің бір ағашын таба алмай, табан тоздырдым» дейді.

Ыбырай Алтынсарин сол кездегі қарапайым қазақтардан білімділігімен, жаңашылдығымен ғана емес, тұрмыс дәстүрімен де ерекшеленген. Оның үйі кең, көп бөлмелі, әрі әр бөлмесінде сан салалы қызмет атқарған. Мысалы, жатын бөлме, демалатын бөлме, ас бөлмелерінен тыс, қонақ қарсы алатын екі түрлі бөлмесі болған. Бірінде қазақтарды күтсе, екінші бөлмесін еуропалық үлгіде жабдықтайды. Үй ішінде кітапханаға арнайы бір бөлме қарастырылған. Ұлы ұстаз балалар оқытатын орынға да аса мән берген. Және еңбекке баулы мақсатында ер балаларды ағаштан түйін түюге, басқа да шеберлік қол өнер бұйымдарын жасауға үйретсе, қыз балаларды арнайы бөлмеде жүн түтіп, тоқыма тоқу, тігін тігу сияқты жұмыстарға дайындаған. Алтынсарин өнірден өткеннен кейін, оның үйін халықтық мектеп инспекциясын басқаруға арналған «инспекторлық» үйіне беруінің мәнісі де осы.

Ендігі айтарымыз, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қасиетті орындарға көңіл бөлініп жатқанда ұлы ұстаз баспанасы орнына түпнұсқа негізінде үй тұрғызылса дейміз. Ішін де сол заман көрінісіне сай жабдықтап, реконструкция жасап, Ыбырай музейіне қарасты тарихи орын ретінде жаңғыртсақ, шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік беретін экспедициялық жұмыстар ұйымдастыруға жол ашар еді. Сонда Қостанайдағы Ыбырай музейін Семейдегі Абай музейінің дәрежесіндей Республикалық мемлекеттік тарихи-мәдени мемориалдық қорық музейіне айналдыруға мүмкіндік туады.

– Қазір халық музейге келе ме?

– 2019 жылдың есебімен тек бір жылда барлық келушілер саны 32569 болды. 2017-2019 жылдар аралығында қазақстандық және шетелдік 2269 туристер музейге келіп, ұлтымыздың ұлы тұлғасының тарихына қанықты. Музейге келушілер тек экскурсия тамашалау үшін ғана емес, сонымен қатар лекция тыңдап, ауыспалы көрмелердің ашылуына және басқа да түрлі шараларға қатысу үшін де келеді. Ел Тәуелсіздігін алған 1991 жылы музей ашылды. Келер жылы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығымен қатар, музейдің 30 жылдық мерейтойы тұспа тұс келіп отыр. Қазір осы айтулы мерекені атап өту жоспары талқыланып, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтау күн тәртібінен түспей тұр.

Мен өз басым, тарихи-мәдени орыннан алыстаған адамды рухани бай деп айта алмаймын. Неше жерден ақпараттың заманында өмір сүрсек те, біз өлке тарихы мен ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмауымыз керек. Ия, әр нәрсе өз заманына лайықты, қызығырақ әрі қол жетімді болуы тиіс. Алайда, ол жағынан да көштен қалып жатқан жоқпыз. Музей жәдігерлерін сандық форматқа көшіру – заман талабы. Ыбырай узейінде 12829 жәдігер бар. Оның негізгі қорындағы 3875 жәдігері электрондық базаға енгізілді. 2019 жылы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің музейі және «Омар» құдығы, Ы.Алтынсарин кесенесі бойынша екі тілде 3Д виртуалдық экскурсия жасалып, музейдің ресми сайтына енгізілді. Сонымен қатар, облыстық «Qostanaı» телеарнасында музей экспонаттары мен тұлғаны насихаттау үшін музей қызметкерлерінің жүргізуімен «Kóneniń kózi» авторлық бағдарлама айына 2 рет эфирден көрсетіліп тұрады.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77