Қаламыздағы бау-бақша өмірі жанданған аймақ
Қостанай қаласының шетіндегі «Садовод» бау-бақша қоғамы жаз шықса болды, қайтадан тіріліп, өмірге жан бітетін орынға айналады. Бұл жер – қаланың у-шуы мен қарбалас тіршілігінен алыстап, табиғат аясында демалғысы келетін адамдар үшін нағыз жұмақ.


Биылғы жазда да «Садоводта» өмір қайнап жатыр. Автобустар қатынап тұр, көше бойында көкөніс еккен адамдар, гүлдерге толы аула, самсаған жасыл ағаштар – бәрі көз қуантады. Жалпы бұл саяжай ресми түрде 2000 жылы пайда болған екен. Қазіргі таңда 674 жер иеленген адамдар бар, олардың 42-і жыл бойы осында тұрады.

Биылғы жылдың жағымды жаңалығы – саяжайға кіретін жерде шлагбаун пайда болды. Бұрын «Садоводқа» түрлі адамдар не жаяу жүретін, не көлікпен кіре беретін.

– Бұл жерге сәуір айынан бастап, шашмамен қыркүйектің басына дейін боламыз. Арасында осында қонып қаламыз. Барлығы жақсы, автобус та қатынайды, саяжайдың төрағасы да жақсы кісі, ешқандай кемшілікті айта алмаймыз. Алдынғы жылы су тасқыны болған кезде біздің саяжайымыз төбесіне дейін батып кетті, шамамен бір апта су тұрды. Алайда, ағаштан жасалғандықтан шығар суға төтеп бере алды, – дейді саяжай тұрғыны Надежда апай.
Надежда апайдың бақшасына сөз жоқ, барлығы өсіп тұр, түрлі көкөніс, жеміс-жидек, не керек бәрін табасың.


Автобус тұрақты түрде қатынап, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз жетуін қамтамасыз етіп отыр. Бұл да кооператив басшылығы мен жергілікті биліктің бірлескен жұмысының жемісі.
Алайда, Надежда апай айтып кеткендей былтырғы көктем «Садовод» тұрғындары үшін оңай болған жоқ. Қар мол жауды, күн күрт жылып, соның салдарынан су тасқыны орын алды. Кейбір үйлер тіпті толығымен су астында қалды. Тұрғындар ол күндерді әлі ұмыта қойған жоқ.


– Үйдің төбесіне дейін су келді. Көрпе-төсек, жиһаз – бәрі жарамсыз болып қалды. Бір апта бойы су кетпей тұрды. Төменгі жақта орналасқандардың саяжайын мүлдем шайып кетті деп естідім, – дейді саяжайшы Анна.
Бірақ қиындықтарға қарамастан, тұрғындар мойыған жоқ. Су қайтқан соң, аула тазаланып, үй қайта қалпына келтірілді, ал табиғат болса, өз жұмысын жасады – топырақ ылғалға толып, биылғы жаз ерекше құнарлы болып шықты.


Сол тасқыннан кейінгі табиғаттың өзгерісін көзбен көрмей сену қиын. Қазір «Садоводқа» барсаңыз, жасыл желекке оранған аумақ, самсап тұрған бақша, гүлге толы аулалар қарсы алады. Ауада гүлдің, шөптің, жаңбырдан кейінгі топырақтың иісі сезіледі.



Кейбір тұрғындар тіпті биылғы өнімнен артылып жатқанын айтып, базарға шығарып сата бастаған. Бұл да – еңбек пен табиғаттың үйлесімінің көрінісі.
«Садоводта» тек еңбек етіп қана қоймай, адамдар арасындағы жылы қарым-қатынас та ерекше байқалады. Көршілер бір-бірімен амандасып, көкөніс көшетін алмасып, бірігіп сенбілік жасап жатады.


– Бұл жер – тек бау-бақша емес, бұл – қауымдастық. Біз мұнда бір-бірімізге көмектесеміз, көңіл бөлеміз. Біреуге су керек болса, біреуге күрек – бәрі қол ұшын береді. Қалада мұндай жоқ. Жері өте құнарлы, мен көбінесе гүл отырғызамын, өзім соған қызығамын, – дейді Анна есімді саяжайшы.
Иә, кейде саяжай маусымы басталмай тұрып ұсақ ұрлық деректері тіркелгені рас. Бірақ тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары бұл жағдай айтарлықтай азайған. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тұрғындар да сақтықпен қарай бастады. Анна апайдың және көршілерінің үйіне кіріп бірнеше заттарды ұрлап кетіпті. Олардың ішінде ескі самаурын да бар.

Бүгінде «Садовод» саяжай қоғамында инфрақұрылым мәселелері жақсы жолға қойылған. Су тұрақты түрде беріліп тұрады, әсіресе жаз мезгілінде бақша суару маусымы басталғанда, бұл өте маңызды. Электр қуаты да үздіксіз жеткізіліп отыр. Бұрынғы жылдары жиі өшіп қалатын жарық мәселесі қазір жоқтың қасы. Тұрғындардың айтуынша, электр желісі жақсартылып, техникалық ақаулар жедел шешіледі.
Соңғы жылдары «Садоводқа» қызығушылық артты. Көптеген адамдар бұл жерді демалыс орны ретінде немесе шағын шаруашылық жүргізу үшін жалға алғысы келеді. Сондықтан кейбір тұрғындар өз учаскелерін жалға беріп, қосымша табыс табуда. Ал учаске сатып алғысы келетіндер үшін баға 4 миллион теңгеден басталады. Бұл – 4–10 сотық көлеміндегі жер телімдері үшін орташа баға. “Крыша” қосымшасы арқылы қарасақ, «Садовод» – Қостанай маңындағы ең танымал саяжайлардың бірі. Жолы, автобусы, суы мен жарығы бар, жасыл табиғатқа жақын болғандықтан, сұраныс жылдан-жылға артып келеді.

«Садовод» саяжай қоғамы – уақыт өте келе жақсарып, жанданған мекен. Мұнда тек егін егіп, демалып қана қоймай, ортақ игілікке үлес қосатын ұйымшыл қоғам бар. Су тасқыны – үлкен сынақ болды, бірақ оның өзі тұрғындардың бірлігін, еңбексүйгіштігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгінде «Садовод» – жай ғана саяжай емес, бұл – жаздың жайдарлы сәттері өтетін, табиғатпен үндес, еңбек пен тыныштыққа толы ерекше орын. Мұнда келген жан жаны тынығып, бойы сергіп қайтады.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
