Біздің Қостанай Социум

Халыққа қызмет: «біздің қызметте кездейсоқ адам болмайды»

Өрт сөндіруші мамандығы — қоғам үшін аса маңызды қызметтердің бірі. Олар адамдардың өмірін құтқарып, төтенше жағдай кезінде алғашқылардың бірі болып көмекке келеді. Бұл салада әрбір секунд, әрбір шешім — адам тағдырын шешуі мүмкін

Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Қуаныш Байтұрсыновпен сұхбаттасу барысында біз өрт сөндіруші қызметінің қыр-сыры, жас мамандардың даярлығы, қызмет барысындағы естен кетпес сәттер мен оның өмірлік ұстанымдары туралы кеңінен сөз қозғадық.

—Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай жылдан бері осы салада қызмет етіп келесіз?

— Мен азаматтық қорғау майоры, қазіргі таңда Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары басқармасының бастығымын. Бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 15 жыл болды. 2010 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық институтына оқуға түсіп, 2014 жылы тәмамдадым. Сол жылы-ақ Қостанай облысындағы өрт сөндіру бөлімдерінің бірінде қарауыл бастығы ретінде лейтенант шенінде еңбек жолымды бастадым. Қызмет жолым бір орында тұрған жоқ. Қарапайым лейтенанттан бастап, әртүрлі лауазымдарда жұмыс істедім. Жітіқара қаласының бөлімінде, одан кейін Қамысты ауылында №17 өрт сөндіру бөлімінде басшының орынбасары болдым. Бұл жерде екі жылға жуық уақыт қызмет атқардым. Сол жылдары өз ісін жетік білетін басшылардан көп нәрсе үйрендім. Тәжірибелі мамандар маған үлкен өмірлік, кәсіби сабақ берді. Кейін мені облыстық басқармаға шақырып, түрлі жауапты бөлімдерде жұмыс істедім. Өрт сөндіру бөлімі, мемлекеттік өрт бақылауы, апаттық-құтқару саласы – бәрінде тәжірибе жинадым. Қазір басқарма бастығымын.

— Балалық арманыңыз осы мамандықпен байланысты болды ма?

— Дәл өрт сөндіруші боламын деп бала кезден армандадым деп айта алмаймын. Бірақ менің атам өртке қарсы қызметте полковник шенінде еңбек еткен. Сол кісінің жолын жалғап келемін десем болады. Ол кісі мен үшін үлгі, орны бөлек жан. Оның кәсібіне деген адалдығы, ерлігі, батылдығы мені осы салаға алып келді. Бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл — үнемі дайын болу, халыққа көмек көрсетуге әрдайым әзір тұру. Әр өрт, әр оқиға — бірегей. Ештеңе қайталанбайды. Біздің жұмысымызда «ұсақ-түйек» болмайды. Өрт кезінде бір қарағанға елеусіз көрінетін қателік адам өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұнда кез келген адам істей алмайды. Темірдей тәртіп, психологиялық тұрақтылық, физикалық дайындық — бәрі маңызды. Осы жауапкершіліктің бәрін атамнан көріп өстім. Сол себепті бұл мамандық мен үшін мақтаныш әрі сенім жүгін арқалаған жол.

— Қызмет барысында есте қалған ең ауыр жағдайды айтып бере аласыз ба?

— Ең ауыр оқиғалар — адам өлімімен аяқталған жағдайлар. Бір оқиға әлі күнге дейін есімде. Бір ауылда бөлім бастығы болып істеп жүрген кезімде екі қабатты үйде өрт шықты. Үйде үш бала қалған. Аналары мектептегі ата-аналар жиналысына кеткен екен. Өрт балалардың отпен ойнауынан туындаған деген болжам бар. Командаларымыз жедел жетіп, қою түтіннің ішіне кіріп, балаларды тапты. Бірақ, өкінішке қарай, олар өмір белгілері жоқ күйде табылды.
Ол сәттерді сөзбен жеткізу қиын. Әрине, бізге сол уақытта сезімімізді алға қоюға болмайды, қатты болу керек. Біз эмоцияға ерік бермеуіміз керек. Бірақ адам болған соң, бәрібір жүрек ауырады. Өрт сөндіріліп, қауіп сейілген соң эмоциялар бәрібір жарып шығады. Балаларын құшақтап жылаған ананы көргенде, өзіңді қалай ұстасаң да — жүрегің ауырады.

— Ал қуанышты, оң нәтиже берген жағдайлар болды ма?

— Әрине. Бір қарт кісіні өрттен аман алып қалған кез есімде. Үй жанып жатқан, ол ішінде қалып қойған. Жігіттер шапшаң әрекет етіп, дер кезінде шығарып үлгерді. Өртті де дер кезінде сөндірдік. Әлгі кісінің жары бізді құшақтап, алғысын жаудырып жатты. Мұндай сәттер жүрекке ерекше әсер етеді. Сол кезде түсінесің — бұл мамандықтың құны зор. Соңғы жылдары біздің жұмысымыздың бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр бізге 20 жаңа арнайы көлік алынды. Бұл көліктер жай ғана тасымалдау құралы емес — олар толық жабдықталған, кез келген жағдайға дайын болу үшін жасалған. Бұдан бөлек, алғаш рет облысымызда өрт сөндіру үшін арнайы тікұшақ базаланды. Ол орман өрттерін сөндіру, аумақты барлау секілді жұмыстарға қолданылды. Мысалы, Аманқарағайдағы үлкен өрт кезінде мен өзім тікелей қатысып, алғашқы күннен соңғы күніне дейін сонда болдым. Сол кезде 100-ге жуық үй жанып кетті. Қай жерді сөндіру керек, қай жерден бастау қажет — мұның бәрі үлкен жауапкершілік. Біз өртті адамдар айтқан жерден емес, жел бағыты мен таралу қаупіне қарай жоспар бойынша сөндіреміз. Бұл — өте маңызды шешім.

— Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?

— Ең басты жаңалық — 1 шілдеден бастап азаматтық қорғау органдарына арналған тұрғын үй төлемдері туралы заң күшіне енді. Бұл — біз үшін тарихи оқиға. 30 жыл бойы армандап келген нәрсе еді. Енді біз де полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен бір деңгейде әлеуметтік көмек аламыз. Бұл — үлкен стимул. Өз үйіңнің болатынына, отбасыңның ертеңіне сенімді болу — қызмет сапасына да тікелей әсер етеді. Сонымен қатар жалақы жыл сайын индексацияланады, яғни инфляцияға сәйкес реттеліп отырады. Бұл да маңызды қолдаудың бірі. Өрт сөндіру бөлімшелері кезең-кезеңімен жөндеуден өтуде. Кейбір бөлімшелер 1970-жылдары салынған, солар енді ретке келтірілуде. Жабдықтар жаңартылып, техникалар алынуда. Жеке құрамның киім-кешегі мен құрал-жабдықтарына да көңіл бөлінуде. Мұның бәрі қызметкерлердің қауіпсіздігін, өмір сүру сапасын және жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Мұндай қамқорлық біздің мамандығымыздың маңыздылығын мемлекет те мойындайтынын көрсетеді.

— Жас мамандар туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі таңда жастар көп келе ме?

— Иә, соңғы жылдары жастар тарапынан қызығушылық артып келеді. Әсіресе, жаңа заң қабылданғаннан кейін көп үміткер келеді деп күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде колледжден кейін келіп, сержант шенінде қызмет бастап, одан кейін командир болып өсіп жатқандар бар. Жас мамандарға бізде тәлімгер тағайындалады. Тәжірибелі өрт сөндірушілер оларға бағыт береді, үйретеді, көмектеседі. Алғашқы үш жылда бейімделе алмағандар, өкінішке қарай, жұмыстан кетіп жатады. Бірақ үш жылға дейін шыдаса, бұл адам біздің қатарымызда ұзақ болады деген сөз. Бізде арнайы психолог мамандар бар. Олар тек зардап шеккендермен емес, біздің қызметкерлермен де жұмыс істейді. Отбасындағы қиындықтар, стресстік жағдайлар — бәріне көмектеседі. Бұл — қазіргі заманда өте маңызды. Тіпті бөлімшелерде арнайы релаксация бөлмелері, массаж құралдары, тренажерлар бар. Айтпақшы, менің жұбайым — психолог. Сондықтан бұл мәселені жақсы түсінемін.

— Сіздің жұмысыңыз тәуліктік режимде, физикалық және моральдық тұрғыдан ауыр. Осындай қарқынды жұмыс режимінде отбасыңызға қалай уақыт табасыз? Егер балаларыңыз сіз сияқты өрт сөндіруші боламын десе ше?

— Иә, расында, біздің жұмыс оңай емес. Тәулік бойы кезекшілік, төтенше жағдайларға үнемі дайын болу — бұл үлкен жауапкершілік. Бірақ отбасы — менің тірегім, шабыт пен күш-қуат алатын орным. Жұбайым менің қызметімнің маңызын жақсы түсінеді, әрдайым қолдап, түсіністік танытады. Біз үшін ең бастысы — бір-бірімізге сену және қолдау. Қызметтен босаған кездерде, демалыс күндері бар уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Балаларыммен серуендеп, ойындар ойнап, олардың әр қадамын бақылауға тырысамын. Қаншалықты тығыз жұмыс кестесі болса да, отбасыма көңіл бөлу — мен үшін бірінші орында. Менің екі балам бар, олар үшін мен — қаһарманмын. Кейде олар да «әке, мен де сен сияқты өрт сөндіруші болғым келеді» деп айтады. Бұл сөздер менің жүрегіме ерекше әсер етеді. Егер болашақта өз еріктерімен менің жолымды таңдаса — әрине, қолдаймын. Өйткені бұл мамандық — батылдық пен жанқиярлықтың белгісі. Бірақ ең бастысы — олар өз жүректерінің үнін тыңдап, сүйікті істерімен айналысса екен деймін. Ал мен әрдайым жанынан табылып, қолдау көрсетуге дайынмын.

— Жаз мезгілінде өрт жиі болатыны белгілі. Оның басты себебі не деп ойлайсыз?

— Ең басты себеп — адам факторы. Адамдар табиғатқа демалуға барады, темекі тұқылын тастайды, шөпті өртейді. Әр адам өз қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы керек. Бізде орман өрттері бойынша интеллектуалды бақылау камералары бар. Олар түтінді анықтап, сигнал береді. Сондай-ақ, механикаландырылған жасақтар орманды патрульдеуде. Сондықтан өрт сөндіруші әрдайым жақсы формада болуы керек. Бізде күн сайын таңертеңгілік жаттығулар, кесте бойынша физикалық нормативтер тапсыру қарастырылған. Мен үшін жұмыс пен тәртіп бірінші орында.

— Сіз үшін жақсы өрт сөндіруші қандай болуы керек? Жаңағы жас мамандар туралы тағы да толықтыра кетсеңіз. Оларға қандай қолдау көрсетіледі?

— Ең алдымен — тәртіпті, жауапты, тез шешім қабылдай алатын, командалық жұмысты бағалайтын. Сонымен қатар эмоциясын ұстай алатын адам. Кейде өте қиын жағдайларда суыққанды болу керек. Жақсы өрт сөндіруші — ол тек дене күші мықты адам емес, сонымен қатар кәсіби ойлай алатын, адамдардың тағдырына бейжай қарамайтын тұлға. Жас маман бөлімге келгенде оны бірден “отқа” салмаймыз. Әуелі тәжірибелі мамандардың жанында жүріп, үйренуіне мүмкіндік береміз. Алғашқы кездері ол тек сырттай бақылап, көмекші ретінде жұмыс істейді. Уақыт өте келе оған нақты тапсырмалар беріледі. Қазір жас мамандарға жағдай жасау басты назарда. Тұрғын үй төлемдері, қосымша жеңілдіктер – бәрі де кадр тапшылығын шешу үшін қолға алынған. Өзім де жас маман ретінде бастаған соң, олардың қандай қиындықтарға тап болатынын жақсы білемін. Сол үшін басшы ретінде әрқайсысына қолдау көрсетуге тырысамын.

— Бұл салаға қандай адамдар келуі керек деп ойлайсыз? Өзіңіз ұстанатын қағида, өмірлік ұстанымдарыңыз қандай?

— Бұл сала — жүрек қалауымен келетін жер. Ақша үшін, атақ үшін келген адам бұл жерде ұзақ істей алмайды. Себебі бұл қызметте сенің әрбір ісің — біреудің өміріне, тағдырына тікелей әсер етеді. Сондықтан жауапкершілікті сезінетін, шын ниетімен халыққа қызмет етемін дейтін адам ғана мұнда орнығады. Ал өмірлік ұстанымым әділеттілік пен тәртіп. Өзіме де, өзгеге де талапшылмын. Қызметкерлеріме әрдайым айтамын: «Қателесу — адамға тән, бірақ қайталау — жауапсыздық». Әрбір қателік – сабақ. Біз ол сабақтан қорытынды шығаруымыз керек. Өмірдің қадірін, уақыттың құндылығын түсінесің.

Аяжан СЕРІК, суретті түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77