Біздің Қостанай Социум

«Болашақ» лагері: бір күн баланың көзімен

Жаз – балалар үшін ең керемет мезгіл. Жазғы демалыс , күннің жылуы мен, әрине, лагерь. Біреулер басқа қалаларға, тіпті шетелге кетсе, енді біреулер жазғы демалысты лагерьде өткізеді. Қостанайда да осындай лагерьлер бар, соның ішінде ерекше есте қалатын – «Болашақ» лагері

Қостанай өңіріндегі лагерьлердің ішіндегі таңдаулысы

Жазда Қостанай облысында балаларға арналған бірнеше лагерь жұмыс істейді. Олардың қатарында – «Орлёнок», «Чайка», «Солнечный», «Достық», «Алые паруса» сынды демалыс орындары бар. Дегенмен, «Болашақ» лагері – ең танымал әрі балалар мен ата-аналар жиі таңдайтын лагерьлердің бірі.

Бағдарламасының жан-жақтылығы, ұйымшылдығы мен жаңашылдығының арқасында бұл лагерьге сұраныс жылдан жылға артып келеді. 2025 жылдың 1 наурызынан бастап жолдамалар сатыла бастады. Бір ауысымның бағасы шамамен 70 000 теңге. Мұндай сомаға балалар тек демалып қоймай, тұлғалық дамуға бағытталған қызықты жобаларға қатысады.

Жаз бойы «Болашақ» лагеріне түрлі ауыл-қалалардан балалар жиналады. Мұнда достар табуға, өзіңді жаңа қырынан тануға және нағыз көңілді жаз өткізуге болады. Күн сайын түрлі тақырыпқа арналған бағдарламалар өтеді: спорт, сахналық өнер, бизнес-жоба, тіпті махаббат күні де болады.

Лагерьде уақыт босқа өтпейді – әр сәті пайдалы әрі көңілді өтеді. Таңғы жаттығу мен таңғы астан кейін балалар жарыстарға, тренингтерге, ойындарға қатысады. Кешке қарай концерт, би кеші немесе отряд арасындағы байқаулар өтеді.

Көңілді күндер, мәңгілік естеліктер

Мен «Болашақта» он күн болдым.18-отрядта 28 бала болдық, барлығы да ақкөңіл, талантты, көпқырлы. Лагерьдегі күндердің бірі «Азияда» атты спорттық жарыстарға арналды. Онда біз футбол, волейбол ойнадық, ұзындыққа секірдік – нағыз жарыс рухын сезіндік.

Таңертең бәріміз ұйқыдан тұрып, бетімізді жуып, жаттығуға шығып, таңғы ас іштік. Күнделікті істерден кейін спорттық сайыстар басталды. Бір-бірімізді қолдап, ұрандап, бірге жеңіске ұмтылдық. Жеңілген кезде де көңіліміз түскен жоқ – бәрі шынайы әрі көңілді өтті.

Бірақ лагерьдегі қызықтар тек спортпен шектелмейді. Әр күн өзінше ерекше. Мысалы, лагерь бағдармалары бойынша әскери дайындық күні өтті. Бұл кәдімгі сабақ емес, көңілді әрі әсерлі шара болды. Біз сапқа тұрып, марш жасадық, әскери форма киіп көрініс қойдық. Барлығымыз бір сәтке нағыз сарбаздардай сезініп, сахнада патриоттық рухты көрсеткендей болдық. Бұл күн ұйымшылдықты, бір-біріне сенуді және ортақ істі бірге атқарудың маңызын сезінуге көмектесті.

Тағы бір күні лагерьде махаббат күні өтті. Бұл күні біз бір-бірімізге құпия хаттар жаздық, достарымызға жылы сөздер айтып, достық ашықхаттар тараттық. Кешке түрлі көңілді ойындар мен «жүрекке жол» викториналар ұйымдастырылды.

Ең ерекше әрі есте қалған күндердің бірі – бизнес күні болды. Бұл күні лагерь нағыз шағын кәсіптер әлеміне айналды. Әр бала өз бизнес идеясын жүзеге асырып, түрлі қызмет немесе өнім ұсынды. Біреулер қолөнер бұйымдарын жасап сатты, енді біреулер портреттер салып, нағыз суретшіге айналды. Ал тағы бір топ балалар қорқынышты декорациялармен безендірілген «Қорқыныш бөлмесін» ұйымдастырды – бұл орын ең көп келуші жинаған жобалардың бірі болды. Сонымен қатар, қыздар арасында кесте тоқу мен сәндік білезік жасау ерекше сұранысқа ие болды.

Балалар ұсынған әрбір қызметке арнайы «лагерь ақшасы» – болашиктер төленді. Кешке сол болашиктерге тәттілер мен шағын сыйлықтар сатып алуға мүмкіндік болды. Бұл күн балаларға кәсіпкерлік туралы алғашқы түсінік беріп, шығармашылық пен бастамашылдықтың маңызын сезінуге себеп болды.

Лагерьдегі әр күн кешкі бимен тәмамдалады . Кеш соңында дәстүр бойынша біз «шам жанында» жиналдық. Әр бала сол күннен алған әсерімен бөлісіп, бір-біріне алғысын айтуға, өз ойын еркін жеткізе алады.

«Болашаққа» қайта оралу – дәстүрге айналған таңдау

Костанай облысындағы танымал лагерьлердің бірі – «Болашаққа» келген балалардың көбі бұл жерге бірінші рет келіп тұрған жоқ. Кейбірі үшін бұл жазғы демалыстың айнымас бөлігіне айналған.

Настя есімді қатысушы лагерьге бірнеше рет келгенін айтады.

– Мұндағы атмосфера ерекше. Тәлімгерлер де өте көңілді әрі қамқор. Әсіресе, кешкі концерттер мен түрлі ойындар ұнайды. Ең бастысы – мен дәл осы жерде өзімнің нағыз достарымды таптым.

Ал Милана есімді қыз бұл лагерьге қатарынан үш жыл келіп жүр екен.

– Жыл сайын бағдарлама жаңарып, одан сайын қызықты бола түседі. Биылғы бизнес күні ерекше есте қалды. Біз достарымызбен жыл сайын бірге келеміз – бұл біздің жақсы дәстүрімізге айналды.

Лагерьге әртүрлі мінезді балалар жиналады: бірі тұйық, бірі белсенді. Алайда «Болашақта» бәріне мүмкіндік бареді. Біреуі алғаш рет сахнаға шығып өнер көрсетсе, енді бірі сурет салып, көрмеге қатысады. Тағы бірі – өз бизнес идеясын таныстырады. Бұл жерде әр бала өзін таба алады және өз ерекшелігін ашуға жол ашады.

Ата-ананың сенімі – лагерьдің абыройы

Лагерь – тек бала үшін ғана емес, ата-ана үшін де үлкен жауапкершілік. Әрбір ата-ана өз баласының қауіпсіз, мәнді де мазмұнды демалыс өткізгенін қалайды. Сондықтан да олар лагерьді таңдау кезінде ең алдымен ондағы тәрбие мен даму мүмкіндіктеріне назар аударады. «Болашақ» лагері ата-аналардың осы үмітін толықтай ақтап отыр.
Екі баласын бірден лагерьге жіберген Әсел өз ойымен бөлісті.

– Мен үшін ең бастысы – балаларымның қауіпсіз ортада дамуы. «Болашақта» олар тек ойын-сауықпен шектелмей, күн сайын жаңа нәрсені үйреніп келеді. Олар жауапкершілікке бейімделіп, достықты бағалауды, ұжымда жұмыс істеуді меңгеруде, – дейді ол.

Айгүл болса, лагерьдің баланың шығармашылығына тигізген әсерін ерекше атап өтті.

– Қызым шығармашылықпен айналысқанды жақсы көреді, бірақ бұрын көпшіліктен қысылатын. «Болашақта» ол ашылып, сахнада еркін сөйлеуге, би билеуге, сурет салуға үйреніп келді. Бұл – балаға берілген ең үлкен мотивация.

Ата-аналардың пікірін ескерсек, «Болашақ» лагері – жай ғана демалыс орны емес. Бұл – баланың бойындағы қабілетті ашатын, тәрбие мен дамуды қатар ұсынатын орта. Әр маусым сайын ата-аналар сеніммен балаларын осы лагерьге тапсырып, нәтижесінде олардың өзгеріп, өсіп қайтқанына куә болуда.

«Болашақ»: Балалық шақтың ең жарқын мекені

Жазғы демалысты ұмытылмас ету үшін міндетті түрде алысқа барудың қажеті жоқ. Лагерь – баланың өз-өзімен жұмыс істеуіне, достасуға және жаңа ортада бейімделуіне мүмкіндік беретін ең тамаша кеңістік. Ата-анасыз, таныс емес ортада өмір сүру – үлкен тәжірибе. Мұнда балалар өз бетімен шешім қабылдауды, ойын ашық айту мен ұжымда жұмыс істеуді үйренеді. Ең бастысы – бұл жерде әркім өзін еркін сезінеді.

«Болашақ» лагері – тек демалыс орны емес. Бұл – бала бойындағы қабілеттер мен жақсы қасиеттер ашылатын ерекше орта. Мұнда ешкім назардан тыс қалмайды. Әр бала өзін маңызды, тыңдалатын және бағаланатын адам ретінде сезінеді. Сол себепті де, «Болашаққа» қайта оралғысы келетіндер өте көп.

Лагерьдегі жаз – ұмытылмас сәттерден тұратын өмірдің бір бөлшегі. Бұл тек демалыс емес – жаңа достар, жаңа тәжірибе, жаңа мен. «Болашақ» лагері – армандар орындалатын, күлкі мен шаттыққа толы мекен. Бір күн – естен кетпейтін әсер. Бір ауысым – жүректе мәңгі сақталатын естелік.

Мариям СЕРГАЗИНОВА,
суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77