Уақыттың қалай зырылдап өте шыққанын білмей де қаласың. Кеше ғана арамызда жарқырап жүрген өнер тарланы, аузын ашса көмейі көрінетін бауырымыз Қалибек Деріпсалдиннің өмірден өткеніне бір жылға жақындап қалды
Әрине, осы кезең бәріміз үшін де оңайға соққан жоқ. Ойландық, толғандық. Адам баласының тіршілікке қонақ екендігін терең түсіндік. Алайда, оның орнын ешкім де толтыра алмайды.
Сырлас жан досым болған Қалекеңмен әу баста бізді таныстырған да, табыстырған да киелі өнер. Сол кезде қою қара мұртты жігіт мені өзінің ашық-жарқын мінезімен, қайталанбас талантымен, әсем де сазды даусымен бірден баурап алған-ды.
Ол кезде біз қай жерден екенімізді сұрап та жатпадық. Бір көргеннен бір-бірімізді түсінісіп, жақсы араласып кеттік. Жылдар өте оның қазақ халқына талай біртуар дарындар берген киелі Торғай өңірінен екендігін білдім. Біртуар дарын иесі осындағы ұлтымыздың барлық қадір-қасиеті сақталған Аманкелді ауданының Батпаққара ауылында туып-өсіпті.
Бұл өңірді кім білмейді. Осынау жерде қазақтың мақтан тұтар батыры Аманкелді Имановты атамағанның өзінде, қазақ өнерінің мақтанышы болған халық әртісі Әнуар Боранбаев, дарынды жазушы, халықаралық Шолохов сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов секілді айтулы азаматтар дүниеге келген. Бұлардың есімдері қазір мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алтын әріптермен жазылған.
Мәдениет майталманы аталған мекендегі орта мектепті бітірді. Осы білім ордасында жүрген кезінде-ақ оның бойынан өнерге деген аса құштарлық сезілді. Ауылдастары «қара бала» деп атап кеткен дарынды жасөспірім екінші сыныпта жүрген кезінің өзінде қазақтың терең ойға қалдырып, сезіміңді селт еткізер күйлерін құйқылжыта орындап, барша ұстаздарын тәнті етті. Тіпті, оның осы алғашқы талпыныстары өнер сүйер қауымның тарапынан бағаланып, мақтау қағазға да ие болды. Әрине, бұл жылы сөздер жазылған марапат оны ерекше қанаттандырып, алға қарай жетеледі.
Содан 1970 жылы өзі шығарған күйімен облыстық оқушылардың фестивалінде топ жарып, бірінші орынға ие болды. Сөйтіп, өзінің әулетінің де, ұстаздар қауымының да абыройын асқақтатты. Дәл сол жылы сонау Алатаудың баурайындағы Алматыдағы республикалық байқауда да лауреат атанып, дарынды жас баланың талантын әділқазылар алқасы мойындады. Осылайша, оның өнердегі алғашқы қадамдары сәтті басталды.
Туған жерге оралған соң талабын одан әрі ұштай түсті. Оның әншілік қабілеті де ерте көрінді. Сол кездің өзінде оның дауысының ешкімге ұқсамайтын сыршылдығы, саздылығы, ұлттық бояуы мен нақышы айрықша әсер қалдыратын. Ол әсем әуенді төрт-бес жасынан бастап айта бастады.
Әрине, кез-келген табиғи талантты жанашыр кісілер дер кезінде көріп, оған қолдау көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе. Өйткені, жас дарынға да бап керек деп өнер зерттеушілері босқа айтпайды. Оның бойындағы осындай қабілет ұшқынын ерте байқаған Аманкелді орта мектебіндегі алғашқы ұстазы Аманбай Мұқышев еді.
Аманкелдіні жер жәннатына балады
Қалекең табиғатынан өте бауырмал, кісіге болсын деп тұратын ұлтжанды азамат-ты. Өзі жоғарыда айтып өткеніміздей, қасиетті Аманкелді ауданында өскенімен, киелі оңтүстік өңірі де жанына жақын болды. Өйткені, өзінің білікті маман болып қалыптасуына ол жақтың да тигізген ықпалы айрықша.
Балалық шағының ізі қалған елді-мекендегі Аманкелді орта мектебін аяқтағаннан кейін ол Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне қабылданды. Оның бағына орай бұл жерде өнердің нағыз майталмандары қызмет атқаратын. Бұлар да талапты бозбаланы Аманбай ағасы секілді дер кезінде көре біліп, оның талантының ұшталуына себепкер болды.
Жас дарын Қалибек осы оқу орнында білім алып жүрген кезінде-ақ Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсете бастады. Сахнада өзін-өзі ұстауы жағынан, әнді орындау шеберлігінен болашақта қазақ халқының нағыз мақтанышы болатындығын сол шақтың өзінде айқын танытты. Әлгі аталған өнер ұжымының қазақта білмейтіндер кемде-кем шығар. Оның негізін Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев қалағанын руханиятта жүрген жігіттер жақсы біледі.
Қалекең өзі талаптанып білім алған өңірдегі ұстаздарын, Алматы, Тараз, Шымкент және Қызылордадағы әріптестерімен шығармашылық байланыста жұмыс істеп, достықтары жарасқан бауырларын ешқашан да ұмытпай, әрдайым еске алып отыратын. Мәселен, әнші-сазгерлер Марат Омаров, Марат Ілиясов және басқа да көптеген әріптестермен ғұмырының соңғы күндеріне дейін сыйласты.
Ол Тараздағы мәдени-ағарту училищесін бітірген соң, өз мамандығы бойынша қызмет атқарып, кейінгі толқынның нағыз тәлімгері атанды. Жастыққа тән жалын танытып, Торғай өңірінде мәдениет саласын өркендетуге айтарлықтай үлес қосты. Оның өткен кезеңдегі еңбегін жерлестері де жыр қып айтады.
Қалибек Деріпсалдинге Президентіміздің Жарлығымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы бостан-босқа берілген жоқ. Бұл абырой-беделге ол өзінің ұзақ жылғы адал еңбек, маңдай терімен жетті. Аудандарда қызмет атқарғанда жыл он екі ай аттың жалында, түйенің қомында жүріп, өнердегі жан досы Айтан Сейдахметовпен бірге концерт қойды. Небір бет қаратпас аяздарда ат жегілген шанамен, боранды және жаңбырлы күндері су таситын көліктермен отарлардағы шопандардың арасында болып, әсем ән-күйлерімен олардың рухын көтерді.
Мәселен, ол Қима ауданында мәдениет бөлімін басқарып тұрған кезде «Гүлдәурен» халық аспаптар ансамблін құрып, аталмыш өнер ұжымы қысқа мерзім ішінде көпшілікке танылды. Іскер де ұйымдастырушылық қабілеті мықты азамат халық ықыласына бөленді.
Ұлылардан тағылым алған
Өнер үшін туылған бауырымызды республика халқы дарынды композитор ретінде құрмет тұтты. Бұл Алматыға барған бір сапарында шығармашылық кеші жоғары деңгейде өткізілді. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Сонда оған Қазақстанның халық әртісі, атақты композитор Әсет Бейсеуов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков, көрнекті жазушы Сәбит Досанов ақ батасын беріп, көрермендердің көз алдында мұны өзінің болашағынан мол үміт күттіретін дарынды інілері ретінде таныстырып, әндеріндегі тұнып тұрған әсем лирика мен жүректердің қылын шертетін, ешкімге ұқсамас сыршылдықты баса айтқан болатын.
Содан бері де талай жылдар сынаптай сырғып артта қалды. Оның талантын жоғары бағалайтын әріптестері мен замандастары өзін «Қостанайдың Шәмшісі» деп атап кетті. Олардың бұлай дейтін себебі де бар. Өйткені, ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқовтың әндері қандай әсерлі болса, Қалибектің әрбір туындыларын да жұрт ұйып тыңдайтын.
Концерттерін асыға күтетін
Қарап отырсақ, оның әндері жетерлік. Оның бәріне бірдей тоқталу әсте мүмкін емес. Дегенмен, сөздің орайы келгенде, композитордың «Айлы түнде», «Көктем қыздар», «Ерке құсым», «Сағыныш сазы» және басқа да көптеген шығармаларын жерлестері әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.
Әдетте сазгердің жазған туындысын халыққа жеткізетін әрі танымал ететін талантты әншілер екендігі белгілі. Сырлас бауырымыз Қалибектің құлақтан кіріп, бойды алар тамаша әндерін кезінде Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, республикамыздың еңбек сіңірген әртістері Жұмат Махамбетов, Ұлжан Айнақұлова, Ғазиза Жұмекенова, Балжан Жүсіпбеков, талантты әншілер Сайлау Ордабаев, Ботакөз Дүбірбаева, Гүлнәр Үсенова, Арыстан Құрманов секілді күміс көмей, жезтаңдай сахна шеберлері орындап, өнерге сусаған жұртшылыққа ерекше ләззат сыйлады.
Сондай-ақ, композитордың әдемі әндерін еліміздегі танымал эстрада жұлдыздары «Нұр-Мұқасан» тобы, Мейрамбек Беспаев, Досымжан Таңатаров, Еркебұлан Сәрсенбеков, Есет Сәдуақасовтар репертуарына енгізіп, жұртшылық назарына ұсынды.
Қалибектің әншілік, өзге де сан қырлы талантын өзі үлгі тұтқан ұлтымыздың көрнекті тұлғалары Алтынбек Қоразбаев, Жақсыкелді Сейілов, Жоламан Тұрсынбаевтар жоғары бағалады.
Ұрпақтарын ізгілікке баулыды
Көрнекті сазгердің әкесі Деріпсалды да өз ортасында сөзге шешен, палуан әрі домбыра шертіп, айналасындағылардың арасында сері жігіт атаныпты. Анасы Мағия да әнші, жыршы, термеші болған. Бұл ардақты апамыз сонау бір жылдары қазақ ұлтының мәртебесін асқақтатқан Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбеков ұйымдастырған Торғай ауылындағы театрда әлгі есімі аталған біртуар тұлғамен бірге жұмыс істегендігі көпшілікке мәлім.
Ол шын мәнінде мәдениет пен шығармашылықтағы көтерілген биігіне тұла бойындағы табиғи жарқын талантымен жетті. Өйткені, арқа сүйер ата-анасы дүниеден ерте өтті. Ғұмырында қаншама қиыншылықтар көріп, жетімдіктің ащы дәмін де татты. Бірақ, ештеңеден мұқалып, еңсесі түскен жоқ. Барлық ауыртпалықтарды өжет мінезімен жеңе білді. Торғай мен Қостанай өңірін былай қойғанда, әсем Алматыдағы Шәмші Қалдаяқов атындағы концерт залында шығармашылық кештерін ұйымдастырды. Бұл кез-келген өнерпаз азаматтың басты арманы емес пе?
Негізінде әрбір сазгердің ән жазу тәсілі мен машығы бар. Біреу күндіз, біреу түнде жазады. Қалекең көбіне көңіл-күйдің, шабыттың адамы болды. Кейде ойлы өлең шумақтарына орай ән туса, кейде дүниеге алдымен әуен келіп жататын. Сол сәтте ол өзінің өнердегі сенімді жан серіктеріне айналған баяны мен домбырасының біреуін лезде қолға алып, оны дереу нотаға түсіре қоятын.
Халқының құрметіне бөленген Қалибек Деріпсалдин бірнеше ән жинақтарының авторы. Қасиетті Торғай өңіріндегі шығармашылықта рухани үндес болған асыл ағаларының туындыларын арқау еткен кітаптарды баспалардан шығаруға тікелей мұрындық болды. Осы арада ұлтжанды азамат, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, композитор Жұмағали Өмірбековтің әндері мен күйлері енген «Неткен сүйікті ең» деп аталатын еңбегін мысалға алсақ та жеткілікті болар.
Тума дарын көптеген халықаралық және республикалық композиторлар байқауының лауреаты. Қостанай облыстық меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері. Қостанай қаласының құрметті азаматы атанды.
Өзім оның отбасымен де жақсы араластым. Біздің тіршіліктегі қуанышымыз да ортақ болды. Жиі араласатын достарын да, бауырларын да бір кісідей білемін. Туындыларын нәшіне келтіріп орындайтын ізбасар інілерін де сахнадан жиі көремін.
Оның өмірлік серігі Айша да облыс орталығынан шалғайда жатқан Аманкелді ауданының аруы. Екеуі қос аққудай жарасып, мағыналы тіршілік кешті. Ол да ән мен күй десе ішкен асын жерге қоятын замандасымыздың бірі. Сондықтан отағасының көңіл-күйін қас-қабағынан біліп отыратын.
Бұл күндері жан досым Қалибек арамызда болмаса да оның шаңырағының шырағын сөндірмей отырған бәйбішесімен сыйластығымыз сол бұрынғыдай жалғасып келеді. Айша отағасының қалдырған рухани мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпағына атасының қандай елжанды, намысты азамат болғандығын әрдайым үлгі етіп отырады.
Ерлі-зайыптылар өздерінен тараған қос ұлдары Ербол және Бекболға жастайынан ұлттық рухта тәлім-тәрбие берді. Тұңғыш баласы әкесінің шығармаларын түрлі басқосуларда әуелете шырқауымен де ел алғысына бөленген. Осы перзенттерінен алтын асықтай немерелер сүйді. Марқұм олардың оқудағы және еңбектегі жетістіктеріне балаша қуанып отыратын.
Ол өмірінің соңғы кезеңдерінде Қостанай қалалық «Мирас» мәдениет үйінің белді әншісі ретінде қызмет атқарып, талғампаз қауымның жадында қалды. Облыстық мәдениет басқармасы оның шығармашылығын жоғары бағалап, жастарға насихаттау мақсатында байқаулар да ұйымдастырды.
Бүгін өзім сағынышпен еске алып, қалам тартып отырған атақты композитор Қалибек Деріпсалдин өзінің өлмес ән-күйлерімен, қайраткерлік тұлғасымен, азаматтық болмысымен, тәлімгерлік қырларымен артына өшпес із қалдырған көрнекті тұлға.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
сурет ғаламтордан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
