«Қала көшелері» жобасы бойынша бұл жолы бұрынғы Уральская, қазіргі Шақшақ жәнібек батыр көшесі жайында айтып береміз. Қостанай қаласындағы жаңа атауға ие болған көшелердің бірі – Шақшақ Жәнібек батыр көшесі
Уральская көшесі алғаш рет 1956 жылдың 14 наурызында пайда болған. Ол кезде Қостанай қаласында жаңа көшелер: Уральская, Строительная, Соколовская және т.б. ресми түрде енгізілді. Кеңестік кезеңде қала көшелері жиі өзгертіліп отырды.Бұрынғы атауы Уральская болған бұл көше 2025 жылдың маусым айынан бастап тарихи тұлғаның есімімен атала бастады. Бұл өзгеріс – жергілікті халықтың тарихқа деген құрметін білдіретін маңызды қадамдардың бірі. 2023 жылдың маусым айында Қостанай қаласының бірқатар көшелерінің атауын өзгерту бастамасы көтерілді. Соның ішінде Уральская көшесін Шақшақ Жәнібек батыр атына өзгерту ұсынылды. 21 маусым 2023 жылы қоғамдық тыңдаулар өтіп, тұрғындар бұл ұсынысты қолдады. Облыстық мәслихат депутаттары ұсынысты қолдап, оны республикалық ономастикалық комиссияға жолдады. 2025 жылдың 17 маусымында шешім ресми түрде жарияланып, көшенің жаңа атауы заңды күшіне енді. Қазір көше атауы жазылған тақтайшалардың барлығы өзгертіліп жатыр, кейбір жерде бұрынғы атауды да кездестірдік.

Жаңа атау — қазақ халқының ұлы қолбасшысы, биі, батыр Шақшақ Жәнібекке құрмет көрсету мақсатында берілді. Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы – қазақ халқының тарихындағы аса көрнекті мемлекет және әскери қайраткер. Ол 1693 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. 17 жасында-ақ жауынгерлік сапқа қосылып, 18–19 жасында қол бастап, елін жаудан қорғаған ерлігімен танылған. Қазақтар арасынан тұңғыш рет «тархан» (фельдмаршал) атағын алған қайраткер – Жәнібек батыр болатын.
Тарихшылардың айтуынша, ол құрған жедел қимылдайтын жасақтар ерекше тиімділігімен көзге түскен. Барлау қызметінің шеберлігі мен жер жағдайын жақсы білудің арқасында бұл жасақтар жауға тосыннан шабуыл жасап, нәтижелі соққы бере алған. 1724 жылы Жәнібек батырдың басшылығымен ұйымдастырылған халық жасақтары Солтүстік Қазақстанның жартысын жоңғар шапқыншыларынан азат етті.

Шақшақ Жәнібек есімі Қостанай жұртшылығына етене таныс. 2017 жылы Қостанай қаласында батырдың еңселі ескерткіші ашылды. Бұл монумент Ахмет Байтұрсынұлы атындағы әуежай бағытындағы айналма жолда орналасқан. Ескерткіштің авторы – Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Қадыржан Қакимов.
– Шақшақ Жәнібек – тек батыр ғана емес, ел арасында сөз ұстаған би, ұлт бірлігін көздеген мәмілегер тұлға. Оның есімімен көшенің аталуы – жастарға өнеге, – дейді Қостанай облысы Мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының мамандары.
Көше жайлы
Жаңа атауға ие болған көше – қалаға кіреберісте, Ахмет Байтұрсынұлы әуежайына жақын маңда орналасқан. Бұл маң – қалаға алғаш келген жолаушыларға көрінетін алғашқы көрініс. Сондықтан тарихи тұлғаның есімін дәл осы бағытта ұсыну – символдық мәнге ие.

Көше бойында түрлі нысандар орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл көшенің атауы өзгергеніне оң көзқараста.
– Бұрынғы атауы Уральская еді. Ол кеңестік кезеңнен қалған атау. Қазір өз батырларымызды ұлықтауымыз – кеш те болса, орынды шешім. Шақшақ Жәнібек сияқты тұлғалар ұмыт қалмауы керек, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Айтжан Қалкенұлы.
Шақшақ Жәнібек батыр көшесі – тек жаңа атау ғана емес, бұл – тарихпен байланыс, өткенге тағзым. Ел үшін жанын берген, ерлігімен ел есінде қалған батырдың есімі Қостанай көшелерінде мәңгі сақталмақ. Мұндай қадамдар – ұлттың рухын көтеріп, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудің бір жолы.
Қостанай қаласындағы Уральская көшесінің Шақшақ Жәнібек батыр атына өзгертілуі – қоғамда әртүрлі пікір тудырған маңызды мәдени қадам болды. Бұл шешім ресми түрде 2025 жылдың маусым айында күшіне енсе де, алғашқы талқылаулар мен қоғамдық тыңдаулар 2 жылға созылды. 2023 жылдың 21 маусымында өткен тыңдауда қала тұрғындары бұл ұсынысқа екіжақты көзқарас білдірді. Бір тарап тарихи тұлғаның есімін ұлықтау қажет десе, екінші тарап атауды өзгертудің қажеті шамалы екенін айтты.
– Біз бұл көшеде ұзақ жылдар бойы тұрып келеміз. Уральская атауы әбден сіңісіп кеткен. Құжаттарды, мекенжайларды қайта рәсімдеу – қосымша шығын мен уақытты талап етеді, – деген еді тұрғындардың бірі қоғамдық тыңдау кезінде.
Мұндай жағдайлар Қазақстанның басқа да қалаларында кездесіп отыр. Кеңестік дәуірден қалған атауларды алмастыру – ұлттық болмысты қалпына келтіру, тарихи тұлғаларға деген құрмет деп бағаланады. Мәдениет саласы қызметкерлері бұл өзгерісті тарихи әділеттілік орнату деп бағалайды.

Шақшақ Жәнібек батыр көшесінің пайда болуы – Қостанайдың рухани келбетіне жаңа леп бергенімен, бұл жол оңай болмады. Бұл өзгеріс тарихи сана мен қазіргі тұрмыстың арасындағы тепе-теңдікті табуға бағытталған. Тарихи тұлғаларды ұлықтау мен күнделікті өмірдің ыңғайы арасында қоғам үнемі таңдауда. Алайда уақыт өте келе, бұл атаудың да қала өміріне сіңісіп, жас ұрпақ үшін мақтаныш символына айналары сөзсіз.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
