Қостанайда қазақ еліне ерекше құрметпен қарайтын және оның бір перзентіндей болып кеткен өзге ұлттың өкілдері аз емес. Солардың бірі – бүгін әңгіме арқауына айналып отырған Сергей Васильевич Харченко
Жастайынан еңбекте шыңдалды
Ол сексеннен асса да әлі тың да сергек. Жүріс-тұрысы, атқарып жатқан қызметі кейінгі жастарға қай жағынан алсақ та өнеге. Зейнеткерлікке шыққанына біраз уақыт болса да қолынан қаламы түскен жоқ. Бұл күндері ол республикамыздағы өңірге тарайтын жалғыз «Зеленое яблоко» газетінің құрылтайшысы.
Мінезі өте ашық-жарқын. Кез-келген адаммен бұрыннан білетін туысқанындай еркін араласып кетеді. Оның бойында кеудемпаздық, өзін өзгелерден жоғары қоятын тәкаппарлық секілді жаман әдеттер жоқ.
Менің Қостанай шаһарында ғұмыр кешіп, түрлі басылымдарда қызмет атқарғаныма қырық жылдан асты. Осы кезең ішінде онымен танысып, тіршілікте араласып, ағалы-інілідей жақындасып кеттік.
Сонда байқағаным, екеуміздің тағдырымызда да ұқсастықтар да баршылық. Өйткені, біздің еңбек жолымыз әу баста кәдімгі қарапайым құрылысшыдан басталды. Осы арада оқырмандарға түсінікті болу үшін оның өмір жолдарына қысқаша саяхат жасап өткеніміз де орынды секілді.
Кейіпкерім Сергей Васильевич 1945 жылы 7 шілдеде сонау Украинаның табиғаты көз тартарлықтай Житомир облысы Емильчинский ауданына қарасты Рясное селосындағы қарапайым отбасында дүниеге келді. Ата-анасы сол аймаққа еңбекқорлығымен танылған кісілер-ді.
Олар осы елгезек те зерек сары балаларынан үлкен үміт күтті. Себебі, сол шақтың өзінде бұл айналасындағы қатарластарынан өзінің тындырымдылығымен, бастаған ісін кейінге қалдырмайтын табандылығымен дараланатын.
Бозбала кезінен алдына үлкен мақсат қойды. Басқаларға пайдасын тигізетін мамандықты таңдауға жете көңіл бөлді. Алайда, өмірді тану үшін алдымен жұмысшылық кәсіпке ден қойды.
Оның өмірбаянында облыс орталығынан едәуір жерде жатқан Жітіқара шаһары ерекше орын алады. Себебі, ол 1961 жылы небәрі 16 жасында аталған қаладағы құрылыс басқармасына қарасты мекемеге қатардағы құрылысшы ретінде қабылданды.
Бірге істеген әріптестерінің күнделікті қам-қарекеттерінен, төгілген маңдай терінен адам баласы бақыт деген биік шыңға тек ғана адал да тынымсыз еңбекпен қол жеткізуге болатындығын түсінді.
Тұла бойы қажыр-қайратқа толы жігіттің алға деген құлшынысы мен ұйымдастырушылық қасиетін жоғарыдағы басшылар да дер кезінде көре біліп, өзін жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік тудырды.
Содан кейін қызмет баспалдағымен көтерілу кезеңдері сәтті жалғасты. Жергілікті мекемеде комсомол комитетінің хатшысы болған жылдары да жастарды жасампаздық істерге жеке басының үлгісімен жетеледі. Талай жігіттер мен қыздардың қамқоршысы бола білді.
Ізденіс жемісін берді
Хатшылық қызметтегі тың ізденістер мен ұмтылыстар өзінің жемісін берді деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені, ой-өрісі кең, білімді де білікті азамат биліктегі тұлғалардың да назарына тез ілінді. Алдымен Қостанай қалалық партия комитетінде шыңдалып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ол уақыт өте облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне жоғарылатылды.
дәл осы кезде облыстық партия комитетінің жанындағы Саяси оқу үйінде тыңдаушы ретінде осынау талапшыл, бірақ қашан да әділдікті қолдайтын азаматтың дәрісін тыңдап, біраз жайға қанықтық.
Арадағы адами қарым-қатынас, өзара түсіністік сол шақтан жалғасын тапты. Ол бұл кезде тарих ғылымдарының кандидаты, ғылымның қия жолында өзін жан-жақты танытып, бірқатар танымдық еңбектерімен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген-ді.
Ол уақыттың қадірін жақсы біледі. Кезінде Алматы шаһарындағы Қазақ мемлекеттік университетінің еліміздегі жалғыз журналистика факультетін негізгі қызметінен қол үзбей жүріп, ойдағыдай тәмамдады.
Облыстық партия комитетіндегілер оның алғырлық, адамгершілік, кісіні сыйлау білу секілді ізгі қасиеттерін бағалаған болар, оны сол жылдардағы облыстардағы орыс тілді газеттердің арасындағы таралымы ең жоғары «Ленинский путь» (қазіргі «Костанайские новости») газетіне Бас редактор болып бекітілді.
Басылымға жетекшілік ету оңай емес. Ол ұжымдық еңбек. Қарамағындағы қызметкерлерге күнделікті қамқорлық жасап, оларға тиісті дәрежеде бағыт-бағдар беру, жарияланатын мақалалардың сапалы әрі мазмұнды, талапқа сай болуы редактордан кәсіби шеберлікті былай қойғанда, көрегендікті, парасаттылықты қажет етеді.
Мұндай тұлғалық, қайраткерлік қасиеттердің бәрі де сол кезеңдерде бұның бойынан айқын көрінді. Өзі басқаратын редакциядағы тілшілердің қабілет-қарымын бағалап, оларды моральдық және материалдық жағынан көтермелеуге айрықша көңіл бөлді.
Сергей Васильевичтің іскерлік қырлары аймақтағы өзге әріптестеріне қай жағынан болсын үлгі болды. Бірге қызмет атқаратын журналистер оның қамқорлығымен талай байқауларда жеңімпаз атанып, мәртебелі сыйлықтарға ие болғандығына өзіміз куә болып, қызыға қарайтынбыз.
Кейінгі уақыттарға дейін Қазақстан Журналистер Одағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы ретінде талай игі бастамаларға да мұрындық болды. Оны баспасөз ардагерлері ұмыта қойған жоқ.
Ол әріптестеріне қолайлы жағдай туғызып, жастарға тәлімгер атанумен қатар өзі қаламгер ретінде де бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің республикалық, халықаралық деңгейдегі айтулы сайыстарында топ жарды.
Сол кезеңдерде ұжымның еліміздегі абырой-беделі де өсіп, талай жиындарда ерекше құрметпен аталды. Әрине, мұның дарынды басшы екендігін барша қауым мойындады.
Кәсіби біліктілігімен көпке танылды
Оның өңірдегі түрлі ұлттардың арасындағы достық пен ынтымақты, ауызбірлікті нығайтуға қосып жатқан үлесі де мол. Түрлі кездесулерде тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы барша ұлттар мен ұлыстардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара әрі жұмыла еңбек етулеріне тікелей байланысты екендігін айтудан жалыққан емес.
Елімізге белгілі тұлға өзінің ғылым жолындағы талпыныстарын үнемі жетілдірумен болды. Осы сөзіміздің нақты дәлеліндей 2011 жылы «Социальное настроение общества и факторы влияющие на его формирование» деген тақырыпта диссертация қорғап, социология ғылымдарының докторы атанды.
Көп жылғы көз майын тауыса жазған еңбегі өзі араласатын ғалымдар арасында да жақсы жағынан аталып, үлкен құрметке ие болды. Алайда, қол жеткенге тоқмейілсіген емес.
Оның Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасында профессор ретінде болашақ журналистерге дәріс беріп жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды.
Әрбір лекциясына тыңғылықты дайындалып, теория мен тәжірибені шебер ұштастыратын ғалымның шәкірттері де қазіргі таңда кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпіріндегі газеттер мен журналдарда, баспаларында білгірлікпен қызмет атқарып келеді.
Өзінен тәлім алған бозбалалар мен бойжеткендердің шығармашылықтағы табыстары, мемлекет деңгейіндегі алған марапттары мен сыйлықтары жайлы естігенде кешегі ұстаздары ретінде төбесі көкке бір елі жетпей қалады.
Оның әдістемелік, танымдық-тәрбиелік бағыттағы бірнеше кітаптары Мәскеудегі беделді баспалардан жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Қоғам қайраткері ретіндегі белсенді қызметі тек облыс ғана емес, республика жұртшылығына жақсы таныс. Жоғарыда аталған аймақтық «Костанайские новости» газетіне ұзақ жылдар жетекшілік етіп, тек соңғы жылдары ғана демалысқа шықты.
Парасатты азаматтың баспасөз саласындағы қызметі де лайықты бағасын алды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдениетін дамыту, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту, қоғамдық белсенді қызметі үшін «Парасат», «Құрмет» ордендерін кеудесіне тақты.
Сонымен қатар артта қалған жылдары бұған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 және 20 жыл, «Астана», «Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін, «Еңбек ардагері» және басқа да бірнеше медальдар салтанатты түрде табыс етілді.
Оған Халықаралық ақпараттандыру және Қазақстан журналистика академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері секілді атақтардың берілуі әріптесіміздің халық арасындағы жоғары беделін асқақтата түскені айдан анық.
Сергей Васильевичтың тек руханият саласы емес, сондай-ақ өңірді дамытудағы айрықша еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Біраз жыл бұрын облыстық мәслихаттың шешімімен оған «Қостанай облысының құрметті азаматы» атағының табысталуы көп жайды аңғартса керек.
Ұрпақтары өмірінің мәні
Белгілі ғалым, профессор Сергей Васильевич Харченко құрметті демалыста болса да үнемі жұршылықтың бел ортасында жүргені. Оның әрбір күні босқа өтпейді, қатаң тәртіпке бағындырылған.
Өзі құрылтайшысы болып табылатын газеттің дер кезінде оқырмандарға жетуін жіті назарда ұстайды. Өйткені, жұртшылықтың басым көпшілігі ғаламторға байланған уақытта әрбір оқырманның алар орны бөлек. Оның өткен жылдардағы тәжірибесінен түйгені, басылым сапалы әрі уақыт талабына сай болса, оны балалар іздеп жүріп оқиды.
Баспасөздің майталманы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері оның жұмысының жанданып, ұлттар арасындағы бірлік пен ел мүддесі жолындағы ынтымақты арттыра түсуге өз тарапынан қосып жатқан үлесі де қомақты.
Ол ынтамығы жарасқан әулеттің тірегі. Ғұмырлық серігі Ольга кәріс қызы. Азаматының тіршіліктегі қолдаушысы әрі берекелі шаңырақтың ұйытқысы. Егер отағасы өткен жылдары журналистикада, ғылымда және басқа да салаларда жетістікке қол жеткізіп, биік шыңдардан көрініп жатса, онда оның да тигізген ықпалы да баршылық.
Ерлі-зайыптылар қос қыздарына заман талабына сай тәлім-тәрбие беріп, жан-жақты білім алуына мүмкіндік туғызды. Бұл күндері олардан тараған немерелері де ата-әжесінің көз қуаныштарына айналған. Әріптесіміз ұрпақтары жайлы әңгімелегенде жүзінен оларға деген мақтаныш сезімі айқын көрінеді.
Украин жігіті мен кәріс қызы бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, екі жақтағы туыстардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ерекше құрметтеп, ілтипат танытады.
-Менің Қазақстанда тіршілік етіп келе жатқаныма алпыс жылдан асты. Қазақ халқы мені кезінде жатсынбай, құшақ жая қарсы алды. Осында бақытымды таптым. Үйлі-баранды болдым. Лауазымды қызметтер атқардым. Елге танымал журналист, ғалым атандым. Мұның бәрі де жергілікті ұлттың кең пейілділігінің, қонақжайлығының, дархан мінезінің арқасы, – дейді Сергей Харченко онымен арнайы сұхбат құрған кезімде.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет ғаламтордан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
