Біздің Қостанай Социум

Қостанайда ұлы ойшылды ұлықтау алғашқы 10 күндікте бастау алды

Абай күні – қазақ руханиятының, әдебиеті мен мәдениетінің қайта жаңғырып, заманауи қоғаммен сабақтасып дамуына серпін беретін маңызды мереке

Бұл күн – елдігіміздің, бірлігіміздің, ұлттық санамыздың айшықты көрінісі.

Ұлы ақын, кемеңгер ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған іс-шаралар Қостанайда биыл 1 тамыздан басталды. Аптаның басынан бері қалада өлең оқу кештері, театрландырылған көріністер, музыкалық қойылымдар, пікірталастар мен көрмелер өтуде.

Бұл күндері оқушылар мен студенттер, ұстаздар мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері Абай шығармашылығына терең бойлап, оның мұрасына бүгінгі көзқараспен қарап, өз ойларын ортаға салуда. Әсіресе, жас буынның қызығушылығы қуантады: балалар ақын өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерінен үзінділер келтіріп, өз пікірлерін білдіріп жатыр. Бұл тек құр жаттау ғана емес – Абайды түсінуге, терең сезінуге деген ұмтылыстың белгісі.

Қазақстан халқы 10 тамыз – Абай күнін 2020 жылдан бастап ресми түрде атап өтеді. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Үкімет қаулысымен белгіленді. Президент өз мақаласында Абай мұрасын жаңа кезеңде зерделеп, оны ұрпақ тәрбиесіне тиімді қолдану қажеттігін баса айтқан болатын. Сол уақыттан бері 10 тамыз елімізде рухани құндылықтарды дәріптейтін, ұлттық әдебиетке, мәдениетке бет бұруға жол ашатын тағылымды күнге айналды.

Қостанай қаласында бұл мереке жыл сайын кең көлемде аталып өтеді. Биылғы мерекелік іс-шаралар тамыз айының алғашқы күнінен басталып кетті. Қалалық мәдениет үйлері, кітапханалар, мектептер мен колледждер, шығармашылық орталықтар түрлі форматта Абайға арналған кештер, байқаулар, көрмелер ұйымдастыруда. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – Абай шығармашылығын насихаттау арқылы жастардың бойына рухани байлық, адамгершілік, білімге құштарлық сияқты асыл қасиеттерді сіңіру.

1 тамыз күні Қостанайдағы Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты ашық микрофон алаңы ұйымдастырылды. Шараға мектеп оқушылары мен қала белсенділері қатысып, ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен үзінділер келтірді. Сонымен қатар, Абай шығармашылығы туралы өз пікірлерін білдірді.

– Осы онкүндікті тегін онкүндік деп жатқан жоқ. Өйткені осы аралықта біз Абайды сан қырынан зерттеп, шығармаларына терең үңілуіміз керек. Абайды тек мереке аясында емес, күнделікті өміріміздің бір бөлшегі ретінде қабылдауымыз қажет. Бүгінде Абайдың өлеңін жаттамайтын, оның мұрасын білмейтін адам кемде-кем. Ол – ұлттың рухани айнасы. 180 жыл бұрын-ақ 20 жастағы жас жігіт бүкіл бір ұлттың мінезін, тыныс-тіршілігін, ой-санасын жырға қосып, терең философиялық ойларын қара сөзбен жеткізді, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысы бойынша өкілі Жанұзақ Аязбеков.

Ұлы ақынға арналған тағылымды іс-шара Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасында да жалғасын тапты. Мұнда балалар Абайдың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін сахналық қойылым қойып, қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқыды.

– Рухани кеш Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының желісімен дайындалған «Даналықтың дәні» атты көрініспен ашылды. Қойылым барысында бала Ибраһимнің кітапқа құштарлығы, әжесі Зеренің парасаты, анасы Ұлжанның аналық махаббаты мен Құнанбайдың кесек болмысы көрерменге әсерлі түрде жеткізілді. Біз бұл көрініс арқылы балалардың жүрегіне Абай тұлғасын жақындатып, оның мұрасын тереңірек түсіндіруге тырыстық, – дейді кітапханашы Айна Сәкенова.

Кітапханадағы түрлі шараларға қатысатын балалар саны жылдан-жылға артып келеді. Солардың бірі – Дилара Бағланқызы. Ол Абайдың бірнеше өлеңін жатқа біледі, шығармашылығына ерекше қызығушылық танытады.

– Бүгінгі шара Абайдың өмір жолына арналды. Біз бала кезден бастап оның шығармаларын оқып, өлеңдерін жаттаймыз. Қазір де бос уақытымда кітап оқимын, басқа да ақындардың өлеңдеріне ден қойып жүрмін, – дейді ол.

Абай мұрасын жүйелі түрде зерттеп, насихаттау мақсатында елімізде бірнеше ғылыми бастамалар қолға алынған. Ұлттық деңгейде абайтану орталықтары жұмыс істейді, мектеп бағдарламасына арнайы пәндер мен курстар енгізілді. Абай шығармаларының толық жинақтары жарық көріп, олардың цифрлық нұсқалары интернетте қолжетімді болды. Сонымен қатар, «Абай ТВ» телеарнасы тұрақты түрде ұлы ақынның мұрасын насихаттауға бағытталған мазмұн дайындауда. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» пәні оқытылады. Қостанай өңірінде де осы бағытта ғылыми жобалар жүзеге асып жатыр: студенттер Абай шығармаларын ғылыми тұрғыдан талдап, зерттеулер жүргізуде.

Мерекелік онкүндіктің қорытындысы – 10 тамызда өтетін үлкен әдеби-мәдени кеш болмақ. Бұл күні қала орталығында Абай өлеңдері оқылып, әндері шырқалып, көрмелер, пікір алаңдары ұйымдастырылады. Ашық аспан астында поэтикалық микрофон жұмыс істеп, әрбір ниет білдіруші Абай шығармаларынан үзінді оқи алады. Балалар, жастар, ұстаздар мен қаламгерлер ақын шығармашылығын ортаға салып, рухани құндылықтарды дәріптейді.

– Биылғы10 күндік жаңа құрылған Абай облысында ерекше аталып өтілетіні рас. Абай өлеңдерін оқып, түрлі ғылыми конференциялар, көрмелер өткізіліп жатыр. Жаңаша серпін атап өтілуде. Соған біз қуаныштымыз. Ал енді Абайды осы уақытқа дейін көптеген студенттеріміз, шәкірттеріміз, тіпті кейбір ұстаз, ғалымдарымыз Абайды танытқан Мұхтар Әуезов дейді, әрине, “Абай жолын” ол кісі жан-жақты жазды. Бірақ Абай туралы жазған оған дейін де жазушылар бар. Біздің жерлесіміз “Қазақтың бас ақыны Абай” деп жазған Ахмет Байтұсыновта солардың бірі. Айта берсек көп. Ал әлемдік деңгейге танытқан Мұхтар Әуезов, – деп өз ойымен жазушы, ақын, драматург Ақылбек Шаяхмет бөлісті.

Абай күні – бұл бір күндік мереке емес. Бұл – ұлттық сананың жаңғыруына, рухани серпіліске, тарих пен мәдениеттің терең қабаттарына бойлауға мүмкіндік беретін ерекше күн. Абай Құнанбайұлының «Адам болам десеңіз…» деген ұлағатты сөзі әрбір қазақстандық үшін өмірлік ұстанымға айналуы керек. Себебі, Абай айтқан ақыл, білім, еңбек, адамгершілік сынды қасиеттер – бүгінгі қоғамның басты тірегі.

Ұлы Абай – бір ғана дәуірдің емес, барша адамзаттың рухани биігі. Оның қалдырған ізімен жүріп, сөзінен тәлім алып, ойымен сусындау – әрбір ұрпақтың парызы. Сондықтан да Абай күні – тек өткенге тағзым ғана емес, келешекке жол бастайтын, ұлтты бірлікке, парасаттылыққа үндейтін ұлы мереке.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77