Депутат мандаты – тек мәртебе емес, сонымен қатар ел мен жер алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір халық өкілі өзінің әр ісі мен әрбір сөзі үшін жауапты. Ел сенімін арқалаған жан сол сенімнің үдесінен шыға білсе, нағыз абырой мен құрметке ие болады
Бұл жолы біз ел сенімін арқалап, қалалық мәслихат депутаты болып сайланған Тоты Айтмағанбетовамен әңгімелестік. Ол – тек депутат қана емес, тіл жанашыры, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени өмірінен хабардар, халықтың тұрмыс-тіршілігіне етене араласып жүрген жан.
Сұхбат барысында біз қала тұрғындарын толғандырған мәселелерді, қоғамдағы өзекті тақырыптарды, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы өзгерістерді, тіл саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарды талқыладық. Тоты Айтмағанбетова өзінің тәжірибесі мен өмір жолынан алынған мысалдар арқылы халыққа адал қызмет етудің қыр-сыры, депутаттық қызметтің жауапкершілігі, сондай-ақ бүгінгі күннің маңызды мәселелері жайлы ой бөлісті.
–Тоты Әбдібекқызы, халық қалаулысы болудың да өзіндік жауапкершілігі бар. Депутат болудағы мақсатыңыз қандай?
– Депутат болудағы басты мақсатым – елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізу арқылы сол мәселелердің шешілу жолдарын табуға ықпал ету. Қай әкім, қай халық қалаулысы болсын, ең әуелі халықтың көкейінде жүрген өзекті проблемаларды шешуге атсалысып, елдің алғысына бөленсе, одан асқан баға жоқ.
Атқарып жатқан жұмыстар бірқатар бағыттарды қамтиды. Соның ішінде мемлекеттік және жергілікті бюджеттік бағдарламалармен жұмыс істеу, нақты көмек көрсету шараларын ұйымдастыру, қаланы абаттандыру, экологияны сақтау, қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға қатысты белсенділікті арттыру, жастардың тың идеяларына қолдау білдіру. Онымен қоса мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жаңа жобаларды іске асыру да басты мақсатым. Қазақ тілін ауызекі тұрмыста қолдануға арналған клубтар мен алаңдар ашу, тіл үйренушілерге әдістемелік көмек беру арқылы кедергілерді жою, қаланың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге арналған жобаларға бастамашы болу.
Өз сайлаушыларымның барлық талап-тілектеріне құлақ асып, әр өтінішін жеке назарға алу – менің басты парызым. Қала тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнату үшін әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, кері байланысты үнемі қамтамасыз етуге тырысамын. Себебі халықпен ашық диалог – тиімді шешімдердің кілті. Менің негізгі ұстанымым – халықтың сенімін ақтау,
–Әйел адам ретінде саясатта немесе қоғамдық салада қызмет етудің ерекшеліктері қандай?
– Әрине, әйел адамға саясатта оңай емес. Бірақ бүгінде бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты қолдау бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әйелдердің саясаттағы, қоғамдағы орнын айрықша атап көрсетіп келеді. Бұл – бізге үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейді. Әйелдің табиғатына тән жанашырлық, қамқорлық, ұқыптылық сияқты қасиеттері қоғам мәселелерін көтеруге, нақты шешімдер ұсынуға ықпал етеді деп ойлаймын.
Мен «Аманат» паритясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесімін. Бұл сала – халықтың күнделікті өмірімен, тұрмысымен тығыз байланысты. Сондықтан өтініштер де, көтерілетін мәселелер де аз емес. Коммуналдық қызметтердің сапасы, жол ақысының құны, көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға көрсетілетін қолдау – бәрі осы саланың аясында қарастырылады.
Соңғы үш жылда қаншама қоғамдық қабылдау өткіздік. Арыз-шағымдардың басым бөлігі тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жол, су, жылу, қоғамдық көлік бағыттарына байланысты болды. Барлық өтініштерге бейжай қарамай, жауапты органдармен бірлесе отырып, шешу жолдарын қарастырып келеміз.
Әрине, депутаттық жұмысыммен қатар мен «Аманат» партиясы жанындағы қоғамдық қабылдауларға белсене қатысамын. Мұндай кездесулер – халықпен тікелей байланыс орнатудың тиімді тетігі. Себебі адамдар өз мәселесін тікелей айтып, нақты көмекке үміт артады. Біз сол сенімді ақтауымыз керек.
– Әлеуметтік салада қандай бағыттарға ерекше назар аударасыздар? Бүгінгі күні соның ең маңыздысы неде?
– Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы – басты назарда. Қостанай қаласы бойынша 20 тұрғын үйдің ауласын аралап, олардың жағдайына сараптама жүргіздік. Аулалардың талапқа сай еместігі, әсіресе балалар алаңқайларының қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл мәселе бойынша қала әкімінің атына ресми хат жолданды. Нәтижесінде бірқатар аулалар жөнделіп, балалар ойын алаңдары жаңартылды. Бұл – тұрғындармен бірлесе атқарылған жұмыс пен уақтылы көтерілген мәселенің нақты шешім тапқан үлгісі.
Тұрғындармен кездесулер барысында көбінесе балалар алаңдарының тозығы жеткені, ойнауға қауіпті екені жиі айтылды. Кейбір аулаларда мүлде алаңқай болмаған, ал кейбірінде темір конструкциялар босап, бетондары қопарылып, қауіп төндіріп тұрғаны байқалды. Біз бұл мәселені тексеріп, фотосуреттермен және сараптамалық сипаттамалармен бірге қала әкімдігіне жолдадық. Мұндай нақты деректерге негізделген ұсыныстың нәтижесінде бірнеше ауланың инфрақұрылымы жаңартылып, заманауи әрі қауіпсіз ойын элементтері орнатылды.
Бұл тек сыртқы көрініс емес, бұл – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Ата-аналар тарапынан алғыс айтылып, кей аулаларда тұрғындардың өздері де белсенділік танытып, көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Осы арқылы жергілікті қоғамдастықтың белсенділігі де арта түсті деп айтар едім.
Біз бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпаймыз. Қаланың өзге де шағын аудандарындағы аулалар назарда. Алдағы уақытта бұл тәжірибені кеңейтіп, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаңа ұсыныстар дайындау жоспарда бар.
– Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты қандай бастамалар көтерілді?
– Өзім мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында бірнеше нақты жобаларға бастамашы болдым. Себебі тіл – ұлттың жаны, рухы. Оны дамыту әрбір азаматтың борышы деп есептеймін. Соңғы жылдары қала тұрғындарына арналған ашық форматтағы тіл үйрену клубтарын ұйымдастырдық. Бұл – ресми немесе академиялық форматтағы сабақ емес, күнделікті өмірде қажет болатын қарапайым ауызекі сөйлеуді меңгеруге арналған еркін алаңдар. Мұндай кездесулер әсіресе орыс тілді азаматтардың, жастардың қызығушылығын тудырып отыр.
Сонымен қатар қазақ тілінде еркін сөйлеуге ынталы жастарды қолдау мақсатында түрлі мәдени және танымдық іс-шаралар, пікірсайыстар, поэтикалық кештер ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралар тілге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге нақты үлес қосуда.
Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда қазақ тілінде қызмет көрсету сапасына да назар аударылуда. Тілдік кедергілерді азайту үшін ақпараттық жадынамалар, аудармасы дұрыс жазылған көрнекі материалдар, түсіндіру жұмыстары да қатар жүруде.
Басты мақсат – қазақ тілін меңгеру үрдісін қиын әрі күрделі емес, қолжетімді және қызықты етіп ұсыну. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі тіл тағдыры – ел тағдыры.
–Әлі де қандай мәселеге ден қойып, шешімін тапса дейсіз.
– Жалпы, депутаттар елдің жайын жеткізіп қана қоймай, оған қатысты қаражаттың бөлінуіне де атсалысады. Бұған дейінгі атқарылған жұмыстар жеткілікті болғанымен, шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Мен үшін ең алдымен қаланың әлеуметтік жағдайы алаңдатады. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға ерекше мән беремін. Қалада туындап жатқан кез келген мәселені көшпелі комиссиямен барып, көзбен көріп, сол жерде талқылаймыз. Халықтың өтініш-тілектерін, ескерту-шағымдарын тікелей тыңдап, олардың орындалуын қадағалаймыз. Егер тұрғындар тарапынан наразылықтар болса, оны жасырмай, тиісті деректермен бірге жоғары билікке жеткіземіз. Мақсатымыз – әрбір мәселенің нақты шешімін табу, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру.
–Әңгімеңізге рахмет, сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан
Ая ӘБДІЛДА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
