Сельское хозяйство Социум

Қостанай алқаптарында өнім жинау қарқыны төмен

Қостанай облысында биылғы ауыл шаруашылығы науқаны жоспарланған межеден баяу жүріп жатыр

Бұған ауа райының қолайсыздығы әсер етуде. Дегенмен диқандар қол қусырып отырған жоқ, әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Қазірдің өзінде егіс алқаптарынан алғашқы өнім жиналып, қоймаларға жөнелтілуде.

Биыл өңірде егіс жұмыстары 5,1 млн гектар алқапта жүргізілуі жоспарланған. Оның ішінде дәнді дақылдар – 4,1 млн гектарды (оның ішінде бидай – 3,4 млн га), майлы дақылдар – 873,5 мың гектарды, картоп – 10,5 мың гектарды (оның ішінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің үлесі – 7,1 мың га), ал жемшөп дақылдары – 509,3 мың гектарды (оның ішінде жылдық шөптер – 105,5 мың га) құрайды.

Бүгінде облыстың барлық аудандарында науқан басталып, шаруалар ерте піскен дақылдарды жинауға кірісіп кеткен. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қазіргі уақытқа дейін дәнді дақылдар 62,3 мың гектар жерден жиналып, 62,3 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерден. Сондай-ақ майлы дақылдар 1,8 мың гектардан орылып, нәтижесінде 1,1 мың тонна өнім алынды. Мұнда гектар берекелігі – 6,2 центнерді құрап отыр.

Картоп жинау жұмыстары да қолға алынды. Қазіргі есеп бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары 35 гектардан өнім жинап, қоймаларға 780 тонна картоп тапсырды. Әр гектардан алынған орташа өнім – 222,9 центнер. Ал көкөніс алқаптарының 30 гектарынан 710 тонна өнім жиналып, гектарына 236,7 центнерден өнім берді.

– Күзгі егін жинау ауа райына байланысты. Егер ауа райы қолайлы болса, егін жинау науқаны белгіленген мерзімде аяқталып қалар. Әзірге, алғашқы көрсеткіштер, әсіресе картоп пен көкөніс дақылдарының өнімділігі жаман емес. Жиналған өнім өңір тұрғындарының азық-түлікке деген қажеттілігін өтеп қана қоймай, республикадағы астық қорын толықтыруға да елеулі үлес қосатыны белгілі. Сондықтан күннің райы жақсы болсын деп тілейміз, – дейді Қостанай облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Кенжеғозы Жұмандықов.

 

Ая ӘБДІЛДА, сурет «НК» мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77