Қазақстан Ішкі істер министрлігі цифрландыру үдерісін жалғастырып, «Egov Mobile» қосымшасында жаңа сервис – «Заң және тәртіп» қызметін іске қосты. Енді азаматтар құқық бұзушылықтар туралы тікелей полицияға хабарлап, жылдам әрекетке жол аша алады.
Қосымшаның басты бетінде арнайы белгіше пайда болып, ол арқылы жол ережесінің бұзылуы, қоғамдық тәртіпсіздік, отбасындағы зорлық-зомбылық немесе өзге де оқиғалар жөнінде хабар жіберуге мүмкіндік берілген. Пайдаланушыдан күрделі рәсім талап етілмейді, қосымшадағы нұсқаулықтар түсінікті әрі жеңіл. Сонымен қатар сервис тек «Egov Mobile»-де ғана емес, Halyk Bank пен Kaspi.kz сияқты кең қолданылатын банк қосымшаларына да енгізіліп, қолжетімділік ауқымын кеңейтті.
Қостанай облысында жаңа сервис іске қосылғаннан бері шамамен 100-ге жуық шағым түскен. Оның ішінде 30-ы жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына, 22-сі қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарға қатысты болса, қалғандары отбасылық жанжалдар мен басқа да жағдайларға байланысты тіркелген. Мәселен, Қостанай тұрғыны мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тұраққа заңсыз қойылған көлікті байқап, суретке түсіріп, нақты мекен-жайын көрсетіп, «Заң және тәртіп» сервисі арқылы хабарлама жолдаған. Бұл ақпарат полицияға дереу жетіп, жүргізушіге қатысты шара қолданылды. Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жаңа сервистің тиімділігін атап өтті.
– Бұл жоба – азаматтар мен полиция арасындағы байланыстың жаңа кезеңі. Қазір кез келген адам оқиға туралы бірнеше секундта хабарлай алады. Ақпарат тікелей кезекші бөлімге түсіп, қызметкерлер бірден әрекетке кіріседі. Мұндай жүйе құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тәртіп бұзушыларға жедел шара қолдануға мүмкіндік береді, – делінген департаменттің түсініктемесінде.
Сонымен бірге ведомство тұрғындарды белсенді болуға шақырып, құқық бұзушылықты көрген жағдайда бейжай қалмай, сервис арқылы хабарласуды азаматтық жауапкершіліктің көрінісі деп атап өтті.
Жаңа қызметтің басты артықшылықтары айқын, ең алдымен жылдамдық – оқиға туралы ақпарат бірден полицияға жетеді. Қолжетімділік те жоғары деңгейде, Egov Mobile-ден бөлек, кең қолданылатын банк қосымшаларында да бар. Форма қарапайым әрі ыңғайлы, фото мен мекен-жайды тіркеу мүмкіндігі бар. Ең бастысы, сервис тәулік бойы жұмыс істейді.
«Заң және тәртіп» сервисі мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған қадам болып отыр. Қостанай облысындағы алғашқы нәтижелер көрсеткендей, тұрғындар бұл қызметті белсенді пайдалана бастады. Енді кез келген азаматтың шағымы полицияға тікелей жетіп, құқық бұзушылықтарға жедел шара қолдану мүмкіндігі арта түсті. Бұл – қауіпсіз қоғам құруға қосылған үлес.
Бүгінде цифрландыру тек жаңа технологияларды енгізу емес, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын күшейтетін маңызды құралға айналды. Қазақстанда соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, «ашық үкімет» қағидаттарын енгізу және мобильді қосымшалар арқылы халықпен байланыс орнату – цифрландырудың басты жетістіктері.
Егер бірнеше жыл бұрын көптеген құжат алу үшін мемлекеттік мекемелерге барып, ұзақ кезекте тұру қажет болса, бүгінде бұл қызметтердің басым бөлігі «Egov» порталы мен мобильді қосымшасы арқылы бірнеше минут ішінде орындалады. Мысалы, баланы балабақшаға тіркеу, тұрғылықты жер бойынша анықтама алу, айыппұл төлеу немесе жеке кәсіп ашу рәсімдері толық онлайн форматта қолжетімді. Бұл тек уақытты үнемдеп қана қоймай, ашықтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.
Цифрландыру саласының тағы бір маңызды жетістігі – түрлі мобильді сервистердің бірігуі. Мемлекеттік қызметтерді тек «Egov Mobile» арқылы емес, сондай-ақ танымал қаржы ұйымдарының қосымшалары арқылы да пайдалану мүмкіндігі бар. Мәселен, бүгінде азаматтар банк қосымшалары арқылы салық төлеп, айыппұлдарды тексеріп, коммуналдық қызметтерді жүргізе алады. Мұндай шешімдер халық үшін ыңғайлы әрі қолжетімді жол ашты.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
