Жыл сайын жаз айлары келгенде мыңдаған мектеп түлегі үшін үлкен бір белес басталады – жоғары оқу орнына түсу науқаны. Бұл кезеңді көпшілік жай ғана құжат тапсыру немесе ҰБТ тапсырумен шектелмейді деп біледі.
Шын мәнінде, бұл – әрбір жас үшін өмірлік маңызды шешім қабылдайтын шақ. Себебі, алған мамандығы, оқыған университеті оның болашағына, кәсіби дамуына және өмір жолына тікелей ықпал етеді. Әрбір түлек мемлекеттік грантқа ілініп, тегін оқуды армандайды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары ұпай жинап, ата-анасының үмітін ақтау – олардың басты мақсаты. Бұл – жай ғана оқу ақысына байланысты мәселе емес. Көптеген жас үшін грант ұтып алу – өзінің еңбегін дәлелдеу, білімге қабілеттілігін көрсету, қоғамдағы орнын табу мүмкіндігі.
Алайда, мемлекеттік грант саны шектеулі екені баршаға белгілі. Жыл сайын конкурсқа қатысушылар саны артып келе жатса да, бөлінетін орындар барлығына бірдей жетпейді. Мәселен, республика көлемінде жыл сайын 80 мыңнан астам грант бөлінгенімен, талапкерлер саны 150-200 мыңға дейін жетеді. Яғни, әрбір екі түлектің бірі ғана тегін оқу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Бұл статистика жастар арасындағы бәсекенің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда грантқа ілінбеген түлектер ақылы бөлімде оқуға мәжбүр болады. Бірақ жоғары оқу орнының ақысы аз емес. Әсіресе, өңірлік университеттердегі техникалық, медициналық немесе заңгерлік мамандықтардың құны орташа есеппен жылына 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады. Бұл – көптеген отбасы үшін үлкен қаржылық салмақ.
Әсіресе ауылдық жерлерден шыққан, әлеуметтік жағдайы төмен, бірақ білімге құштар жастар үшін бұл – ауыр соққы. Себебі, ата-аналары көбіне ауыл шаруашылығымен айналысады немесе қарапайым қызмет атқарады. Мұндай жағдайда бір баланың оқу ақысын төлеу бүкіл отбасы бюджетіне әсер етеді. Кейде тіпті жастар жақсы балл жинап тұрса да, қаржы тапшылығына байланысты оқудан бас тартуға мәжбүр болады.
Дегенмен, соңғы жылдары мемлекет те, жергілікті билік те, тіпті университеттердің өздері де бұл мәселенің шешімін қарастыруға тырысуда.
Әлеуметтік жағдайы төмен түлектерді қолдау үшін түрлі бағдарламалар енгізілуде. Университеттердің ішкі гранттары, жеңілдіктер, облыс әкімінің гранттары, «Қазақстан халқына» қорының гранттары – жастардың тегін білім алуға деген мүмкіндігін кеңейтті.
Бұл үрдіс – Қазақстанда білімнің қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда басты мақсат – дарынды жастардың қаржы мәселесіне бола арманынан бас тартпауын қамтамасыз ету. Өйткені, әрбір білімді жас – елдің ертеңгі интеллектуалдық капиталы.
ЖОО жеңілдіктері
Университеттердің ішкі гранттары – оқу орнының өз қаржысынан бөлінетін көмек. Бұл жүйе Қазақстанда бұрыннан бар, бірақ соңғы жылдары Қостанайда айтарлықтай дами түсті. Мұндай гранттардың мақсаты – білімге ынтасы зор, алайда мемлекеттік грантқа ілінбеген жастарды қолдау.

Алдымен академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті. Бұл университет облыстағы ең белсенді әлеуметтік қолдау көрсететін оқу орындарының бірі. Биыл ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін 10 ішкі грант бөлінді. Университет қабылдау комиссиясы бұл қадамның маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Барлық бала мемлекеттік грантқа түсе алмайды. Бірақ олардың арасында өте алғыр, ынталы жастар бар. Біз ішкі гранттар арқылы осындай балаларды қолдауға тырысамыз. Бұл – тек білім беру емес, олардың болашағына жасалған инвестиция, – дейді қабылдау комиссиясының өкілі.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті. Бұл өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны студенттерге түрлі жеңілдіктер ұсынады. Бұрын ректор гранты және «Мәртебе», «Мерей», академик Кенжегали Сағадиев атындағы грант сияқты атаулы бағдарламалар болған. Қазір олар тоқтатылғанымен, әлеуметтік жеңілдіктер жүйесі сақталған.
– Көпбалалы отбасылардан шыққан, мүгедектігі бар немесе әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге арнайы жеңілдіктер береміз. Бұл толық грант емес, бірақ олардың оқуын жалғастыруына үлкен демеу, – дейді қабылдау комиссиясы.
Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті. Бұл университет талапкерлерді ерекше жүйемен ынталандырады. ҰБТ нәтижесіне қарай бірінші оқу жылына 30-дан 100 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Ал «Алтын белгі» иегерлері мен 91 балдан жоғары жинаған талапкерлер төрт жыл бойы тегін оқып, шәкіртақы алады.
– Біздің мақсатымыз – үздіктерді тарту. Олардың еңбегі бағаланатынын көрсету – болашақта білімге ұмтылатын жаңа буынды тәрбиелеудің жолы»,– дейді қабылдау комиссиясы.
Осылайша, Қостанай университеттері студенттерге түрлі қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Бұл жастардың елде қалып, туған өңіріне қызмет етуіне септігін тигізеді.
Әкім гранты
Әкім гранттары – жергілікті атқарушы биліктің бастамасы. Ол өңірдің нақты сұранысына қарай бөлінеді. Мақсаты – кадр тапшылығын жою және жастарды туған жерінде қалдыру. 2024-2025 оқу жылында Қостанай облысы әкімдігі 3 грант бөлсе, 2025-2026 оқу жылына бұл көрсеткіш 12 грантқа артты. Бұл – жастарға берілетін қолдаудың өскенін көрсетеді.
Ел көлемінде де айтарлықтай өзгеріс бар: 2025 жылы ұлттық «Күшті өңірлер – тұрақты даму» жобасы аясында 4500-ден астам әкім гранты бөлінді. Оның ішінде Қостанай, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қаржыландыру көлемі 30 пайызға өскен.
Грант бағыттары да кеңейді. Бұрын педагогика мен техника салаларына берілсе, қазір экология, агроөнеркәсіп және әлеуметтік жұмыс мамандықтары енгізілді. Бұл – өңірдің дамуына қажетті кадр даярлаудың тиімді тәсілі.
Әлеуметтік көмек
«Қазақстан халқына» қоры – елдегі ең ірі қоғамдық қорлардың бірі. Қордың басты мақсаты – әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету. Соның ішінде білім гранттары ерекше орын алады. Бұл гранттарға мемлекеттік грантқа түсе алмаған, бірақ жағдайы қиын отбасылардан шыққан талапкерлер ие бола алады. Қор толық оқу ақысын өтейді, кейде шәкіртақы да тағайындайды. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне 2025-2026 оқу жылында 15 грант бөлінді.

– Қордың гранттары жастардың өмірін өзгертті десе болады. Көптеген бала оқуын жалғастырып, маман болуға мүмкіндік алды, – дейді университет өкілдері.
Қостанайда жастар үшін білім алудың жаңа мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Егер бұрын талапкерлердің жалғыз ғана сенері – мемлекеттік грант болса, қазір жағдай біршама өзгерді. Университеттердің өздері бөліп отырған ішкі гранттар, өңірлік әкім гранттары және «Қазақстан халқына» қоры арқылы берілетін гранттар жас түлектерге үлкен қолдау болып отыр.
Бұл гранттар ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен, бірақ білімге құштар жастарға бағытталған. Мысалы, ауылдан шыққан жас талапкер мемлекеттік грантқа іліге алмаған күннің өзінде университет ішкі байқауына қатысып, оқу ақысының 25%-дан 100%-ға дейінгі мөлшерін жабатын грант иегері бола алады. Ал әкім гранттары өңір үшін қажетті мамандықтарға бөлініп, кейін түлектердің жергілікті жерлерде жұмыс істеуіне ықпал етеді. Бұл – бір жағынан жастарға қолдау, екінші жағынан аймақтың кадр тапшылығын шешудің жолы.
Сонымен қатар, мұндай гранттар аймақтың дамуына да оң әсер етеді. Қаржылай қолдау алған түлек арманынан бас тартпай, қалаған мамандығын меңгеріп шығады. Кейін ол Қостанайдың әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени өміріне үлес қосатын маманға айналады. Білім беру жүйесіндегі осындай балама гранттар – жеке студенттің ғана емес, тұтас өңірдің болашағына жасалған инвестиция деуге болады. Қостанайдың тәжірибесі жастарға қанат бітірудің жарқын үлгісі болып отыр. Жастар арманын жүзеге асыра отырып, елдің даму стратегиясымен үндеседі. Бұл – қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің, жастардың әлеуетін толық ашудың тиімді жолы.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
