Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің иесі. Олардың білімді, жан-жақты, жаңашыл болып қалыптасуы үшін ұстаздар қауымы аянбай еңбек етіп келеді.
Қазіргі жаһандану заманында білім алудың мүмкіндіктері мол, түрлі инновациялық әдістер мен заманауи технологиялар білім сапасын арттыруға жол ашуда.
Жаңа оқу жылы да таяп қалды. Оқушыларды, әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерді қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл кезең – ұстаздар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды шақ екені белгілі. Жаңа бағдарламалар, жаңартылған оқу құралдары, білім беру жүйесіндегі жаңалықтар мен реформалар – барлығы оқушылардың сапалы білім алуына бағытталған.
Осы орайда біз қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ханыммен сұхбаттасып, жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім беру саласындағы өзгерістер мен алдағы жоспарлар туралы сұхбаттастық.
– Гүлсім Әділханқызы, 2025–2026 оқу жылына қала мектептерінің дайындық деңгейі қандай?
– Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында қаладағы білім беру ұйымдарында ғимараттарды қабылдау жүргізіледі. Бұл кезеңде ең алдымен жаңа оқу жылына дайындықтың жан-жақты деңгейі тексеріледі. Әсіресе, ғимараттардың жалпы жағдайына, жылу, электр, сумен жабдықтау жүйелерінің жұмыс істеуіне, өрт қауіпсіздігіне және санитарлық нормалардың сақталуына ерекше көңіл бөлінеді.
Қабылдау кешенді түрде жүргізіледі: құжаттар тексеріледі, ғимараттарға көзбен шолу жасалады, жабдықтардың жұмысы сынақтан өткізіледі. Бұл ретте Полиция департаменті, ҚЖЭК, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары секілді тиісті мекемелер өкілдері де қатысады.
2025 жылы қабылдау 1–15 тамыз аралығында өтті. Қала бойынша 72 мемлекеттік білім беру нысаны бар. Бүгінгі күні мемлекеттік білім беру ұйымдарының 100 пайызы жылыту маусымына толық дайындық актілерін алды. Яғни, жаңа оқу жылын оқушылар мен ұстаздар еш кедергісіз, қолайлы жағдайда бастайды деп сеніммен айта аламыз.
– Жөндеу жұмыстары мен материалдық-техникалық базаны жаңарту қалай жүргізілді?
– Қолайлы жағдай жасау мақсатында білім беру ұйымдарында жыл сайын жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылы №6 бөбекжай-бақшада үш жылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының соңғы кезеңі аяқталуда. Жоба құны – 830 млн теңге. Сондай-ақ, жалпы білім беретін №122 мектепте 755 млн теңгеге бағаланған екі жылдық күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда (2025–2026 жж.). Осы кезеңде оқушылардың оқу процесі №15 жалпы білім беретін мектеп базасында жалғастырылатын болады.
Жазғы кезеңде ағымдағы жөндеу жұмыстары 25 білім беру нысанында жүзеге асырылды. Оның ішінде 17 мектепте жан басына қаржыландыру есебінен 283 млн теңгеге, ал 8 бөбекжай-бақшада бюджет қаражаты есебінен 74,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жұмыстар аясында шатырларды толық ауыстыру, ғимараттардың қоршауларын жөндеу және жаңарту, төбе мен қабырғаларды әрлеу, ескі терезелерді заманауи энергия үнемдейтін терезелерге ауыстыру, кіреберіс топтарын қайта жабдықтау, жылыту және сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі жүйелерін жаңғырту сияқты жұмыстар атқарылды.
Барлық жөндеу жұмыстары ағымдағы жылғы 20 тамызға дейін толық аяқталып, жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымдары дайын күйде пайдалануға беріледі.
– Барлық мектептерде оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді ме? Оқулықтар жеткізуде қандай да бір қиындықтар бар ма?
– 2025–2026 оқу жылында 4-сынып оқушылары үшін жаңа оқулықтар енгізіледі. Сонымен қатар 7, 8, 9, 10 және 11-сыныптарға арналған 27 пән бойынша (қазақ және орыс тілдерінде оқыту) оқулықтар қайта басып шығарылды. Жаңа және қайта басылған оқулықтарға қағаз және электрондық нұсқадағы тапсырыс толық көлемде (100%) ETANDAU.GOV.KZ электрондық платформасында рәсімделді (барлығы – 92 011 дана оқулық).
Келісімшартқа сәйкес оқулықтар қалаға толығымен жеткізілді. Жеткізу мерзіміне сәйкес барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылы басталғанға дейін оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, оқулықтардың электрондық нұсқалары Оқулық.kz платформасына орналастырылып, мұғалімдер мен оқушыларға қолжетімді етілді. Бұл жүйе қашықтан оқыту мен қосымша дайындық барысында үлкен мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша қандай да бір қиындықтар жоқ. Қалалық білім бөлімінің және жеткізуші ұйымның бақылауында барлық процесс жоспарға сай жүзеге асуда.
– Биылғы оқу жылында мұғалім тапшылығы байқала ма? Қай пәндер бойынша мамандар қажет?
– Жаз айларында кей мектептерде бастауыш мұғалімі, математика және физика мұғалімдері тапшы болды. Бос орындар, әдеттегідей, педагогтердің зейнеткерлікке шығуына, бала күтімі демалысына кетуіне, қызмет саласын ауыстыруына, басқа өңірге қоныс аударуына және өзге де объективті себептерге байланысты қалыптасады. Осыған орай, білім бөлімі педагогикалық жоғары оқу орындарымен және колледждермен тығыз байланыста жұмыс істеп, жас мамандарды тарту, тәжірибелі ұстаздарды ұстап қалу бағытында бірқатар шараларды қолға алып отыр.
Жаз айларында мұғалім тапшылығы бар мектептер конкурс жариялап, маман иелерін жұмысқа тартты. Нәтижесінде мектептер конкурс шешімі бойынша іріктелген қажетті маман иелерін таңдап, жұмысқа орналастырды.
– Жас мамандарды тарту мақсатында қандай шараларды қолға алдыңыздар?
– Жас мамандарды тарту мақсатында педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждермен жүйелі жұмыс жүргізілуде: студенттерге мектептерде тәжірибеден өтуге жағдай жасалады, таныстырылымдар, кәсіби бағдар беру кездесулері өткізіледі, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысу қамтамасыз етіледі.
– Жаңа оқу жылында қандай пилоттық жобалар немесе білім беру жаңалықтары енгізілмек?
– 2024–2025 оқу жылының бірінші жартыжылдығында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай қаласының мектептерінде аппараттық-бағдарламалық кешенді (АБК) енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл бастамаға 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл кешен оқушылардың мектепке келуі мен шығуын бақылап, ата-аналарға дер кезінде хабар беруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында Қостанай қаласында «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске қосылды. Жобаға №6, №15, №21 жалпы білім беретін мектептері мен №13, №14 негізгі орта мектептері қатысып, оқушылардың тамақтануына төлем цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылды. Ата-аналар нақты уақыт режимінде балаларының тамақтану фактісін көріп, мәзірмен танысып, қызмет сапасына баға бере алды. Бұл жүйе ашықтықты, ата-ана мен мектеп арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, білім беру процесіне жаңа деңгейде бақылау енгізді.
Аталған жобаның іске асырылу барысы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Тамара Қасымқызы Дүйсенова Қостанай қаласына іссапары барысында оң бағасын алды. Енді жаңа оқу жылынан бастап Қостанай қаласының ғана емес, облыстың барлық мектептері осы «Әлеуметтік әмиян» және ваучерлік жүйе жобаларына толық қосылатын болады.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 2 мамырдан бастап, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығына сәйкес Қостанай қаласы ваучерлік қаржыландыруды енгізген өңірлердің қатарына қосылды (бұл жүйе Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал және Астана қалаларында да қолданылады).
Ваучерлік қаржыландырудың негізгі мәні – мемлекеттен бөлінетін қаржы тікелей балабақшаға емес, «баламен бірге жүреді». Яғни, ата-ана қай балабақшаны таңдаса, соған қаржы бөлінеді. Бұл тәсіл мектепке дейінгі ұйымдар арасында бәсекелестікті арттырады, қызмет көрсету сапасы да арта түседі.
2025 жылғы қыркүйек айынан бастап бұл жобаға Қостанай облысының барлық мектепке дейінгі ұйымдары қосылады деп жоспарлануда. Бұл қадам мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіруге, сапалы қызмет ұсынатын ұйымдарды ынталандыруға және балалардың тең мүмкіндіктермен сапалы тәрбие мен білім алуына жол ашады.
– Цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану деңгейі қандай?
– Ұлттық білім беру бастамалары аясында Қостанай қаласы да еліміздің өзге қалалары сияқты цифрлық құралдарды белсенді енгізуде. Олардың қатарында Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰБДҚ), «Bilim Class» электрондық журналы, балаларды мектепке және балабақшаға қабылдаудың электрондық жүйесі (egov порталы және «Indigo» платформасы), педагогтердің аттестаттауы жүргізілетін «Ұстаз» платформасы және басқа да жүйелер бар.
Бүгінгі таңда Қостанай қаласының білім беру ұйымдарының 100%-ы жылдамдығы 50 Мбит/с-қа дейінгі кең жолақты интернетке қосылған.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жағдай қалай жасалған?
– Облыста 39 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың толыққанды білім алуы мен әлеуметтенуін қамтамасыз ету мақсатында 39 мектептің (100%) барлығында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Бұл мақсатта пандустар, арнайы жабдықталған сыныптар, логопед, дефектолог, психолог кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар, мектептерде көмекші педагогтар жұмыс істейді, олар балалардың оқу процесіне белсенді қатысуына қолдау көрсетеді.
Интерактивті тақталар, арнайы оқу-әдістемелік құралдар, бейімделген оқулықтар мен қосымша ресурстар қолжетімді. Ерекше балалар үшін жеке оқу жоспарлары әзірленіп, олардың қабілетіне қарай сараланған тапсырмалар беріледі. Сондай-ақ, ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, жүйелі кеңестер жүргізіледі.
– Қазақ сыныптары жайында сұрағым келеді. Олардың қатары көбейді ме?
– 2024-2025 оқу жылында жалпы контингент саны 35 мыңнан астам, оның ішінде мемлекеттік тілде – 7 мыңға жуық бала оқиды. Ал 2025-2026 оқу жылының басына қарай Қостанай қаласында 37 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасағалы тұр. Жалпы оқушылар саны 36 мыңға дейін жетті, оның ішінде 9 мыңға жуық оқушы мемлекеттік тілде білім алады. Биыл мемлекеттік тілде оқитын оқушылар саны 2 мың балаға артты, бұл көрсеткіш 5%-дан астам өсім бар екенін көрсетеді.
Бұл – соңғы жылдары ата-аналардың балаларын қазақ сыныптарына беруге деген қызығушылығының артқанын, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстардың нәтижелі болып отырғанын айғақтайды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында қазақ тілінде білім беретін сыныптардың саны ұлғайып, қосымша педагог кадрлар тартылып, оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Жаңа оқу жылы барша ұстаздар қауымына, ата-аналарға және оқушыларға сәттілік әкелсін!
Ая ӘБДІЛДА,
суретті қалалық білім бөлімі ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
