Бұл әулет жайлы көптен бері қалам тартсам деп жүр едім. Соның сәті келіп, арнайы тілдестім. Өйткені, руханиятымызда Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбековты білмейтіндер кем де кем. Ол кезінде киелі Торғай өңірінде алғаш рет ауданаралық театр құрып, оның басшысы болғаны зиялы қауымға аян.
Тектіден дарыған асыл қасиет
Біртуар дарын иесі сонау толарсақтан саз кешкен Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің қуатты жырларымен жұртшылықты барынша жігерлендіріп, намысын оятты, болашаққа деген сенімдерін нығайтты.
Табиғи талантты атамыз қанды майданнан кейін бірқатар жауапты қызметтерде де болды. Қазағы қалың Торғайдағы Амангелді Иманов мұражайына жетекшілік етті. Үлкен сенім артылып, ауылдық кеңеске төраға болып тағайындалды. Ал айтыс өнеріндегі орны ерекше. Қаншама құнды поэмалар мен күйлердің авторы атанды. Баспадан бірнеше тағылымды жинақтары да жарық көрді.
Міне, осы айтулы тұлғаның ұрпақтары да қазіргі таңда еліміздің түрлі аймақтарында әу баста таңдаған мамандықтары бойынша жемісті қызмет атқарып, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай адал қызмет етіп жатыр.
Бүгін біз өзінің дара болмысымен, айрықша қарым-қабілетімен, кісілік асыл қасиеттерімен өшпес ізін қалдырған бабамыздың туған немересі Райхан Мәлікзадақызы жайлы сыр шерткелі отырмын.
Кейіпкерім дәріс беретін Қостанай шаһарындағы № 11 аралас мектебіне ат басын бұрдым. Оны сыныбында кездестіріп, көптен ойымда жүрген сауалдарымды қойып, нақты жауабын алдым.
Байқағаным, Райхан осындай қайталанбас руханият саңлағының ұрпағы болса да өзін өте қарапайым ұстайды екен. Әрбір сөзінен жастайынан тәлімді-тәрбие алғандығы, ұлтымыздың қызына тән ибалылығы мен инабаттылығы, үлкен мен кішінің қадір-қасиетін жетік білетіндігі айқын көрініп тұрды.
Ең бастысы, өзінің жүрегі қалаған мамандығын терең меңгергендігі, күнделікті қазақ тілі мен әдебиетінен жүргізетін сабағын шексіз сүйетіндігі сезіну қиынға соқпады. Ой-өрісінің кеңдігі, көркем әдебиетіміз бен тарихымызға айрықша ден қоятындығы таңдандырды.
Ол Нұрхан Ахметбековтың туған перзенті Мәлікзаданың аяулы қызы. Өзі Жангелдин ауданына қарасты Торғай селосында айналасындағы ағайындарына аса сыйлы отбасында дүниеге келді.
Сұхбаттасым ізгілікті қастер тұтқан шаңырақтағы өскен сегіз баланың кенжесі болып шықты. Алайда, үйдің ең кішісі екенмін деп еркелікке салынған жоқ. Ес білгеннен зерделілігі, бір естігенін ұмытпайтындығы, білімге деген іңкәрлігі де баршаны тәнті ететін.
Жалпы, жанұядағы балалардың бәрі де ән мен күйге, әдебиет пен мәдениетке, өнерге шексіз ынтызар болып қалыптасты. Ұстаздық әрі кез-келген кісіге қона бермейтін ұлағатты кәсіпке өте бейімділік танытты. Ол ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып, жалғасты. Жанұядағы қыздар Зәуреш, Ғайнеш те педагог. Оған белгілі дәрежеде ардақты әкелері Мәлікзаданың әмбебап қырлары әбден ықпалын тигізген секілді.
Өйткені, ол тәлімі мол ұстаз, журналист, театр қызметкері болумен қатар, ауданда жас домбырашылар мектебін ұйымдастырып, қазақ өнерін биікте асқақтатуға барын салған қажырлы азамат-ты. Оның бойындағы осы асыл қасиеттер отбасындағы перзенттеріне де жұқты.
Ал, шаңырақтың ырыс-берекесін келтірген анасы Тұрағал да білім ордасында кітапханашы болып, отағасына сенімді серік болумен бірге келешекте ақын-жазушы боламын деген өскелең жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес.
Ата-аналары осындай жүректері мейірімге толы, жансарайлары кемел кісілер болған соң ба, олардың өмірін нұрландырушы ұл-қыздары да «Тәрбие тал бесіктен» дегендей, көрген-түйгендерін басшылыққа алып, қазақтың білім-іліміндегі телегей теңіз інжу-маржандарынан ерте сусындады.
Осы өзіміз бүгін сыр шертіп отырған Райхан мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, күллі қазақ елі ардақ тұтқан абыз аталары Нұрхан Ахметбековтың классикалық шығыс үлгілерінің желісіне орайластыра шығарған бірнеше дастандарын ынта қоя оқыды.
Олардың арасында «Есім сері», «Қарға», «Күләндам», «Амангелді» секілді шығармаларының мазмұнына, көтерген өзекті мәселелеріне айрықша ден қойды. Көрнекті ақынның «Жасауыл қырғыны» дастаны оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алып, 1951 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны белгілі.
Балауса қыз мектеп қабырғасында жүргенде бабасының «Күй басы», «Июнь толқыны», «Жеңіс» секілді күйлерінің халық арасында үлкен сұранысқа ие болғанын мақтаныш тұтты. Аталарының есімін аудандық мәдениет үйіне, орта мектепке, көшеге берілгенде қандай қуанды десеңізші. Оның атына кір келтірмеу – Нұрекеңнің ұрпағының тіршіліктегі басты мақсаты болды.
Жастайынан білімге құштарлық танытты
Өңірдегі тәжірибелі ұстаздың бірі – Райхан Мәлікзадақызы жергілікті жердегі білім ордасын өзге құрбылары секілді ойдағыдай тәмамдаған соң, алдына ұстаз болып, ұлтымыздың жастарын терең білім нәрімен сусындатуды, тәлім-тәрбие беруді алдына арман етіп қойды.
Бұл көксеген игі ойы жүзеге асты. Аймақтағы қаншама қазақтың ұлдары мен қыздарын түлетіп ұшырып, үлкен өмірге жолдама берген Арқалық қаласындағы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтқа студент болып қабылданды.
Әрқашан да тиянақты, сабаққа тыңғылықты қарайтын бойжеткен жоғары оқу орнының қабырғасында да алдыңғы қатарлы жастардың санатынан табылды. Таңдаған кәсібінің қыр-сырына жете мән берді.
Оның замандастары өздерін шын мәнінде бақытты сезінетін. Себебі, оларға уақытпен санасу дегенді білмейтін, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбалары бар көркем сөз зергерлері Сейіт Кенжеахмет және Жұмаш Сомжүрек тәлімгерлік етті. Олар талапты жастарға теориялық білім берумен қатар әрбір өткізілетін лекцияларын күнделікті өмірмен тығыз байланыстыратын әрі қызықты өткізетін. Сондықтан да болар, сабақ барысында кәдімгі шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнайтын.
Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне оралды. Осы жерде табан аудармастан жиырма төрт жыл Шоқан Уалиханов атындағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен балаларды оқытып, өз саласы бойынша талай биіктерді бағындырды.
Білім ордасындағы 5-11 сынып оқушылары ұстаздарының біліктілігінің арқасында өздерінің қабілеттерімен дараланып, көзге түсті. Бірқатары ұстаздарына еліктеп, оның жолын қуды. Сол тәлім алған балаларының арасынан Арайлым Қыпшақбаева өнегелі ұстаз болып қалыптасты.
Ізденімпаз Ақбілек Сәбитбек те ұстазының сенімін ақтады. Қазақ тілі және әдебиеті пәнін игеріп, сол саланың қыр-сырын бір кісідей меңгерді.
Осындай өзінен тағылым алған кешегі шәкірттерін әрдайым мақтанышпен өзгелерге үлгі етіп отырады.
Осы арада Райханның жүргізген дәрістерінде қаламгерлік бейімділіктерімен көзге түскен дарынды жастар арасында журналистика мамандығын таңдаған шәкірттері де баршылық. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетелік.
Кешегі талапты бозбала Айтуар Зейнолла аталған мамандықты алып шықты. Ал Аягөз Қожабекова сонау оқушы кезінен аудандық «Біздің Торғай» газетіне мақалалары шығып, жас тілші атанған-ды. Оның шағын мақалаларынан, тақырып таңдауынан, мәселе көтеруінен егер тынымсыз еңбектенсе, келешекте жақсы қалам иесі шығатындығына шүбә келтірмейтін.
Сол кезеңдерде мұның алдын көрген бір шәкірті Айзат Хамит қос рет облыстық «Абай оқулары» байқауында эссе жазудан топ жарып, жүлдегер атанды. Оның дидарынан қуаныштың нышанын көрудің өзі тәлімгер ұстаз үшін бір мәртебе болатын. Ондай елеулі сәттер өте көп. Бәріне тоқталу әсте мүмкін емес.
Немересі Жанайым өмірін нұрландырды
Қасиетті Жангелдин ауданының орталығы Торғай селосындағы жылдардың бұл үшін бергені мол. Өзінің таңдаған мамандығының нағыз хас шебері дәрежесіне көтерілді. Аудандық сертификатталған мұғалімдердің тренері ретінде үлкен беделге ие болды.
Ол осы қызметте жүріп, әріптестеріне қазіргі заманға сай әдістемелік бағыт-бағдар бере отырып, өзінің бойындағы адами, кәсібіне шексіз адалдық қырларымен өнеге көрсетті. Тынымсыз ізденіс үстінде болды. Дара қасиеттерінен үлгі алған әріптестері мен жас мамандар әлі күнге дейін сыйласады, ерекше құрметпен қарайды. Адам баласы үшін бұдан артық бақыт бола ма?
Ұзақ жылдардағы атқарған жауапты жұмысы атаусыз қалған жоқ. Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ Жангелдин аудандық әкімінің, жергілікті білім бөлімінің алғыс хаттарына ие болды. Бірақ ол өзі үшін үлкен награда – шәкірттерінің жоғары жетістігі, халықтың көрсеткен шынайы ілтипаты деп түсінеді.
Әңгімеміздің арқауына айналып отырған білікті маман қазіргі таңда жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, облыс орталығындағы аралас орта мектепте ұстаз. Жаңашыл әрі ізденімпаз мұғалім мұндағы қазақ сыныбына қазақ тілі және әдебиетінен, орыс сыныптарына қазақ тілінен дәріс береді.
Қостанай шаһарына қоныс аударғалы көп болған жоқ. Жақсы адамға қайда да бір кісілік орын бар. Өзінің бойындағы жайсаң мінезі, жоғары кәсіби шеберлігінен де болар, әріптестерінің арасында сыйлы әрі беделді. Шәкірттері де әрбір сабағын асыға күтеді. Ол оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста.
Аталмыш білім ордасының басшысы Айбек Молдабеков те өз саласын жетік білетін азамат. Ол да мемлекеттік тілдің өз тұғырына көтерілуіне, ұжымның жұдырықтай жұмыла жұмыс істеулеріне тікелей ұйытқы болып келеді. Мақсаты – тәуелсіз елдің білімді де ұлтжанды азаматтарын тәрбиелеу.
Райхан қарындасымыз мектептегі танымдық-тағылымдық жағы мол пайдалы басқосулардың мәні мен маңызына, оқушылардың ой-өрісінің уақыт талабына сай дамуына лайықты үлес қосуды өзінің басты парызына санайды.
Мәселен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы қарсаңында білім ордасындағы әріптестері бірігіп, «Ұлттың ұлы ұстазы» деген тақырыпта маңызды кездесу өткізді. Оған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көрнекті ақын, талантты ғалым Серікбай Оспанов, Ахметтанушы, белгілі қаламгер Ибраһим Ағытайұлы, қалалық білім бөлімінің әдіскері қатысты.
Кеш өте әсерлі өтті. Ұстаздар мен оқушылар руханияттың құндылығын арттыруға ықпалын тигізіп жүрген беделді кісілердің дуалы ауыздарынан қаншама кітаптан табыла бермейтін ой-толғаныстар мен естеліктерді естіп, жан сарайларын байытты.
– Мұғалім мектептің жүрегі. Ұлтжанды шәкірттің білімді де білікті, парасатты әрі жан-жақты болып қалыптасуы ұстаздардың өз мамандығына деген сүйіспеншілігіне, ана тіліне деген құрметіне де әбден байланысты. Қазіргі таңда біз әрбір шәкіртімізге заманға сай дәріс берумен қатар, оларды тәуелсіз мемлекетіміздің нағыз патриоттары етіп тәрбиелеуге бүкіл қажыр-қайратымызды арнауымыз керек. Сонда ғана біздің республикамыздың мәртебесі әлемде асқақтай түседі,- дейді Райхан Мәлікзадақызы.
Қостанайлық Райхан Мәлікзадақызы еліміздегі өнеге тұтар әрі беделді ұстаз ғана емес, Мағжан есімді ұлдың сүйікті анасы. Оның есімін ата-әжелері сәби жарық дүние есігін ашқанда, ертең үлкейгенде қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтай ел ардақтысы, ұлт мақтанышы болсын деген ырыммен қойған екен.
Олардың сол тілектері қабыл болған секілді. Мағжан оңашада өлең жазып, жыр жолдарын ақ қағаз бетіне түсіргенді жаны сүйеді. Бірақ, ешқашан да басылым беттерінде жариялауға асыққан емес. Соған қарағанда орынсыз мақтанды ұнатпайтын секілді.
Райханның осы сүйікті ұлы Кәмила есімді қазақтың көркем қызымен тағдырын қосып, анасын үлкен қуанышқа бөледі. Қазіргі таңда жас жұбайлардың Жанайым есімді алтын асықтай бүлдіршіндері бар. Әжесі жұмыстан келгенде кішкентай немересін мейірлене иіскегенде күні бойы шаршағанын лезде ұмытады. Одан артық қандай бақыт болушы еді.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
cурет кейіпкерден
алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
