Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр.
Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Биыл облыста жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері 769 жол апаты тіркеліп, 45 адам көз жұмған, ал 1056 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Мамандардың айтуынша, апаттардың басым бөлігі халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда болған. Бұған жүргізушілердің жылдамдықты асыруы, жол ережесін сақтамауы, мас күйінде көлік жүргізуі және жол жағдайының нашарлығы негізгі себеп болып отыр.

Жол апаты артып келеді
Облыста биыл жол-көлік оқиғаларының саны күрт өсті. Ресми деректерге сүйенсек, ең көп апат халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда тіркеліп отыр. Мәселен, 2024 жылы мұндай жолдарда небәрі 29 апат орын алса, биылғы көрсеткіш екі еседен артып, 68-ге жеткен. Өсім – 134,5 пайыз. Салдарынан 26 адам қаза тауып, тағы 117 адам жарақат алған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда қаза болғандардың саны үш еседен аса артқанын көрсетеді (+225%).

Ал жергілікті маңызы бар жолдардағы жағдай біршама тұрақтырақ болғанымен, өсім мұнда да байқалады. Былтыр 17 апат тіркелсе, биыл 26 дерекке жеткен. Салдарынан 45 адам жарақат алып, 3 адам көз жұмған. Қаза тапқандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға азайған (2024 ж. – 5).
Жол апатының әр екінші дерегі облыс орталығының аумағына тиесілі. Мұнда бір жылда 305 оқиға тіркеліп, олардың жартысына жуығы – жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайлары (123 дерек).
Жүргізушілердің жауапсыздығы
Ресми деректерге сүйенсек, жол апаттарының негізгі себебі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы.
Статистикаға қарағанда, барлық апаттың 96,4 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болған. Яғни 543 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 33 адам көз жұмып, 753 адам жарақат алған. Бұл көрсеткіш апаттың басты себебі тәртіп бұзушылық екенін айқын көрсетеді.
Ал жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған оқиғалар жалпы статистиканың небәрі 2,5 пайызын құрайды. Дегенмен бұл да елеусіз қалдыруға болмайтын көрсеткіш, өйткені әрбір оқиға – бір отбасының қайғысы.
Табиғаттың тосын мінезі де әсер етуде
Апаттардың тағы бір себебі – ауа райы мен климаттық жағдайлар. Қар басу, көктайғақ, боран сияқты қолайсыздықтар жол қозғалысына айтарлықтай қауіп төндіреді. Мәселен, биыл жолдың қанағаттанарлықсыз жағдайында 17 апат тіркеліп, 1 адам қаза тауып, 31 адам жарақат алған. Салыстырмалы түрде 2024 жылы мұндай жағдай 7 рет қана болған еді.
Жолдағы қауіпсіздік – барлығына ортақ міндет. Статистикаға сүйенсек, апаттың алдын алу – бірінші кезекте жүргізушілердің қолында. Ал ауа райының қолайсыздығы мен жол сапасының нашарлығы тек қосымша қауіп төндіреді. Сондықтан тәртіп пен сақтық – жолдағы әрбір адамның өмірін сақтайтын басты кепіл.
Полиция не дейді?
Қостанай облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич бұл мәселеге қатысты пікір білдірген еді.

– Апаттардың басты себебі жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы. Көп жағдайда жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту секілді заңбұзушылықтар қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Біз жүргізушілерді әрқашан сақ болуға, рөлге отырмас бұрын өз өмірі мен өзгелердің өмірін ойлауға шақырамыз, – дейді ол.
Оның айтуынша, алдағы уақытта профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы шаралар жалғасын табады. Статистика жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтамауы негізгі себеп екенін көрсетсе, полиция тарапынан апаттың алдын алу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Жаңа технологиялар тосқауыл болмай тұр
Жол қауіпсіздігін күшейту үшін мамандар да қарап отырған жоқ. Жыл басынан бері облыс аумағында 12 профилактикалық іс-шара мен акция өткізілген. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдарымен, Мемлекеттік кірістер департаментімен және Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп 56 рейд жүргізілген. Нәтижесінде заңсыз тасымалға қатысты 170 дерек анықталған.
Сондай-ақ, 692 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталып, 591 адам жүргізуші куәлігінен айырылды. Шамамен 700 көлік айыптұраққа қойылған.

Жол қозғалысын қадағалауда жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда облыс аумағында «Ekin Patrol», «Оракул», «Паркрайт», «Бинар», «EkinXSpotter» сияқты заманауи жүйелер жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері пилотсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) да қолдана бастады.
Тек дрондардың көмегімен биыл 53 қарсы жолаққа шығу дерегі тіркелген. Бұл әдіс жүргізушілердің жасырын заңбұзушылықтарын анықтауда тиімді болып отыр.
Облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич жол қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстарды үнемі бақылауда екенін айтады.
– Жүргізушілердің тәртіп бұзуы – апаттардың негізгі себебі. Біз профилактикалық шараларды күшейттік, рейдтер өткіземіз, жаңа бақылау жүйелерін қолданамыз. Дрондардың көмегімен жасырын бұзушылықтарды тіркеу тиімді нәтиже беруде. Бірақ жыл сайын айыппұл көлемі, бақылау артқанымен, өкінішке қарай, заң бұзушылар азаймай отыр. Сондықтан біз жүргізушілерді жауапкершілікті сезінуге, жолда тәртіп сақтауға шақырамыз, – дейді маман.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді облыстық полиция департаменті ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
