Басқарма басшылығы мен медициналық ұйымдардың жетекшілері халықпен бетпе-бет кездесіп, көкейде жүрген сауалдарына жауап берді. Мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – тұрғындардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеру арқылы медициналық қызметтің сапасын арттыру
Халықпен ашық диалог
Қабылдауға келгендердің бірі – Гүлшат Мұқанова. Ол ұзақ жылдан бері қан қысымынан зардап шегіп жүр. «Көптен бері мазалап жүрген мәселемді айтып, нақты жауап алдым. Осындай қабылдаулар халық үшін өте пайдалы екен», – дейді тұрғын.
Жиын барысында азаматтардың көбі тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін көтерді. Әсіресе созылмалы аурумен ауыратындар дәріні уақытылы алу жайына алаңдаулы. Бұл сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитов жауап берді:
– Дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін басқарма өзі шешпейді, бұл процесс «СК- Фармация» ЖШС арқылы жүзеге асады. Дегенмен, біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі таңда қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті, – деді ол.
Сонымен қатар жиын барысында медицина қызметкерлеріне арналған баспана мәселесі қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина бұл ұсыныстың өзектілігін атап өтті:
– Алдыма келген бірінші азамат облыста «дәрігерлер үйін» салу мүмкін бе деген мәселе көтерді. Әрине, бұл ойланарлық ұсыныс. Мен мұны облыс әкіміне жолдаймын. Қолдау тапса, кадр тапшылығын шешуде көп көмек болар еді, – деді ол.
Жиынға қатысушылардың пікірінше, осындай ашық қабылдаулар жиі өтіп тұрса, саладағы кемшіліктер жедел анықталып, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі арта түспек.
Ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған шаралар
Дәл осы күні облыстық аурухананың конференц-залында «Қостанай облысының денсаулық сақтауды дамытудың жай-күйі мен негізгі бағыттары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өткен болатын. Баспасөз конференциясында басқарма басшысы Еркебұлан Баязитов облыстың медициналық мекемелеріндегі жағдайға тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Ол медициналық кадр тапшылығы, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы және алдағы жоспарлар жайлы баяндады.
Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы жеті айында сәби өлімі көрсеткіші 8,3 промиллені құрады. Демек, 39 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 17,8 пайызға төмендеген. Өткен жылы бес айдың ішінде 53 сәби шетінеген болатын.
Ал ана өлімі биылғы жеті айда 21,2 промиллені құрап отыр. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмен – 44,1 пайызға азайған. Дегенмен туу деңгейінің жалпы төмендеуі аясында ана өлімі бойынша бір ғана жағдайдың өзі пайыздық көрсеткішті күрт өсіріп жіберетіні айтылды.
Ана мен бала денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар бастамалар қолға алынуда, соның ішінде «Салауатты ана» пансионаты іске қосылды, жүктілікке ерте араласу орталықтарын құру жұмыстары басталды және заманауи медициналық жабдықтар сатып алынып, емдеу сапасын арттыру шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстық аурухананы толық реновациялау, емханаларға жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ кардиохирургия қызметін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар басталған.
Өңірге жас мамандар қажет
Іс-шара барысында облыстың денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайы, негізгі көрсеткіштері мен даму бағыттары жөнінде өзекті деректер ұсынылды. Бүгінде өңірде шамамен 14 мың медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 1800-ге жуық дәрігер, 5400 орта буын медицина қызметкері бар.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облысқа 94 дәрігер мен 252 орта буын медицина қызметкері келіп жұмысқа орналасқанымен, кадр тапшылығы әлі де сақталуда. Қазіргі есеп бойынша дәрігерлердің жетіспеушілігі 158 адамды, орта медицина қызметкерлері бойынша тапшылық 168 маманды құрап отыр.
Денсаулық сақтау саласында жас мамандарға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттік гранттар бөлу, әлеуметтік қолдау көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы шаралар жүйелі түрде іске асырылуда.
– Әрине, жас мамандарға сұраныс жоғары. Өкінішке қарай, жергілікті жастар медицина саласына көптеп келмей отыр. Ал сырттан келген жас мамандардың басым бөлігі біраз уақыттан соң өз өңірлеріне қайта оралып жатады. Біз қарап отырған жоқпыз, қолымыздан келгенше барлық жағдайды жасап жатырмыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитов.
Оның айтуынша, облыста белгілі бір бағыттарда маман тапшылығы айқын сезіледі. Мәселен, балалар гепатологы мүлде жоқ. Осыған байланысты Ақтөбе, Астана және Көкшетау облыстарының мамандарымен байланыс орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ онко-гематолог маманы да облысқа қажет.
– Қазір негізінен акушер-гинеколог, педиатр, терапевт және реаниматолог дәрігерлерге сұраныс жоғары. Әсіресе аудан орталықтарына білікті мамандарды жұмысқа орналастыру қиын болып тұр. Оларға әлеуметтік пакет ұсынып, тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесіп жатқанымызбен, тұрақтап қалу жағы оңайға соқпайды, – деді Еркебұлан Баязитов.
Бар жақсы – балаларға
Жиында көптен бері қоғам назарында тұрған облыстық балалар ауруханасының жағдайы да сөз болды. 2019 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары созылып, нысан әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген. Бұрынғы мердігермен арадағы дау сотқа жеткенімен, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Бүгінде балалар ауруханасы коронавирус кезінде салынған уақытша ғимаратта орналасып, тұрғындарға толыққанды медициналық қызмет көрсетіп отыр.
Бұл сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитов жауап берді.
– Мен бұл қызметке жақында келгеніммен, аталған мәселені бірінші күннен бастап назарға алдым. Қазіргі таңда нысан облыстық құрылыс басқармасының балансында. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өтуде. Сол себепті нақты құнын айтуға әлі ерте. Дегенмен, бұл аурухана біз үшін аса қажет. Балалар уақытша ғимаратта орналасқандықтан, қажетті төсек-орын саны жеткіліксіз, медициналық қызметтің толыққанды жағдайы жасалмаған. Сондықтан бұл нысан міндетті түрде аяқталады. Әйелдер мен балалар денсаулығы – біздің басты басымдықтарымыздың бірі, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол облыс орталығында балаларға арналған тіс емханасының да жағдайына тоқталды. Қазіргі стоматологиялық мекеме ескі әрі шағын ғимаратта орналасқан.
– Өкінішке қарай, қаладағы кейбір медициналық ғимараттардың жағдайы талапқа сай емес. Балалар тіс емханасы да соның қатарында. Балалар ауруханасы іске қосылған соң, бұл бағыттағы жұмыстарға да көңіл бөлінеді. Біз тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін бар күшімізді саламыз, – деп атап өтті Еркебұлан Баязитов.
Қостанай облысында денсаулық сақтау саласы көптеген қиындықтарға қарамастан даму үстінде. Ана мен бала денсаулығын қорғау, жас мамандарды тарту, заманауи технологияларды енгізу және медициналық инфрақұрылымды жаңғырту – басты басымдықтар қатарында. Сала басшылығының айтуынша, алдағы жылдары жаңа жобалар жүзеге асып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы арта түспек.

Ая Әбділда, суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
