Экономика

Кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қажет

Жеке кәсіпкерлікті қолдау – ел дамуының кепілі

Бүгінде Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті сәтті дамытуға барлық жағдай жасалуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша мақсатты әрі жүйелі саясат жүргізу – елдің экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі.

Қостанай бүгінде қарқынды дамып келе жатқан қала. Әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімі үшін негізгі міндеттердің бірі – тұрғындар мен бизнеске қолайлы, заманауи қалалық орта қалыптастыру. Осы мақсатта сауда инфрақұрылымын дамыту, бей-берекет сауданы ретке келтіру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін жаңарту және қаланың сыртқы келбетін жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұның барлығы Қостанайдың инвесторлар үшін де, тұрғындар мен қала қонақтары үшін де тартымды болуына ықпал етеді.

Биылғы жылдың соңғы жеті ай ішіндегі жағдай бойынша Қостанай қаласында 35 046 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2024 жылы – 31 786) 10,2%-ға артық. Оның ішінде, 6 298 – заңды тұлға, 28 554 – жеке кәсіпкер, 194 – шаруа және фермер қожалығы.

Бүгінде шағын бизнес кәсіпорындары 79 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға көп. Бұл деректер МСБ-ның қаланың экономикасын қалыптастырудағы және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқын көрсетеді.

– Біздің басты мақсатымыз – бизнестің өркендеуіне қолайлы жағдай жасау. Қаламыздағы кәсіпкерлік секторы жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына және қаланың тұрақты дамуына жол ашады, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы М.Қазкеева.

Қазіргі кезде елімізде жеке кәсіпкерліктің дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге әртүрлі жеңілдіктер мен арнайы жеңілдетілген несиелер ұсынылып отыр. Бұл қолдау тетіктерінің басым бөлігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ халықтың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру. Жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін бизнес-жоспар құру, қаржыны тиімді басқару, салықтық жеңілдіктер алу сияқты бағыттарда тегін оқыту курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, ауыл шаруашылығына қатысты жобаларды қаржыландыру, жас кәсіпкерлерге арналған гранттар беру жұмыстары да жолға қойылған.

Мамандардың пікірінше, кәсіпкерлікті қолдау шаралары ел экономикасының дамуына зор үлес қосуда. Себебі шағын және орта бизнес – халықтың әл-ауқатын арттырудың, жаңа идеяларды іске асырудың, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтерудің негізгі тетігі болып табылады.

Жеке кәсіпкерлік – тек табыс көзі ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды тиімді пайдалану – әрбір кәсіпкердің жауапкершілігі мен мүмкіндігі.

Ая ӘБДІЛДА,
сурет ЖИ арқылы жасалды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77