Біздің Қостанай Социум

Жаназадағы ысырап: дәстүр ме, даңғаза ма?

Ысырапшылдыққа жол бермеудің жолы қандай?

Адам өмірінің бұл дүниедегі ең соңғы сапары – жаназа. «Тумақ бар жерде – өлмек бар» деген халық даналығы өмір заңын айқын көрсетеді. Қазақ халқы әрқашан дүниеден өткен жанын қадірлеп, дәстүрге сай шығарып салуды борыш санаған.

Ислам діні өлік жөнелту рәсімінде қарапайымдылықты, ысырапқа жол бермеуді қатаң ескертеді. Құран кәрімде де, пайғамбарымыздың хадистерінде де «ысырап – харам» деп анық айтылған. Соған қарамастан, бүгінде ел ішінде «қатардан қалмау», «елден кем болмау» деген түсінікпен жаназа кезінде шектен тыс шығынға жол беріліп жатқаны жасырын емес. Ас беруде немесе жетісі, қырқы, жылдық секілді рәсімдерде даңғаза тойға бергісіз дастарқан жаю үрдіске айналып барады. Бұл жағдай қаралы шаңыраққа ауыртпалық әкеліп қана қоймай, қоғамда да теріс көзқарас туындатуда. Қайғыдан қан жұтып отырған шаңырақтың тағы да ауыр қаржылық салмаққа батуы дұрыс па? Бүгінгі мақаламызда осы жайды тарқатпақпыз.

Жаназа рәсімдерін стандарттау қажет пе?

Ет жақынынан айырылып, қабырғасы қайысып отырған жандар үшін өлім – үлкен сын. «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөздің мәні де осындайда айқын сезіледі. Адам дүниеден өткенде, туыстары оны соңғы сапарға шығарып салуды өздерінің ең үлкен борышы деп біледі. Сондықтан да әркім қолынан келгенін аямай, бар мүмкіндігін салып, марқұмды дәстүрге сай қастерлеп аттандыруға тырысады.

Алайда мұндай сәтте ысырапшылдықтың орынсыз екенін көпшілік білсе де, «қатардан қалмайық», «елден кем болмауымыз керек» деген оймен артық шығынға барады. Жаназа рәсімі кейде бәсекеге ұласқандай әсер қалдыратыны жасырын емес. Негізгі мақсат – марқұмның жаназасын шығарып, рухына Құран оқу екенін ұмыт қалдырып, көзге көрінер даңғазаға бой алдыратындар аз емес.

Бұл туралы мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та: “Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр. Ысыраптың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?!» – деп жазды жеке парақшасында.

Мешітте салттық қызмет көрсету орталығы ашылуда

Қалалық мешіттің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Ермек Ыдырышевтың айтуынша, ҚМДБ-ның тапсырмасымен, Жайлаубай ата мешіті мен облыстық мешіттің жанынан арнайы салттық қызмет көрсету орталығы ашылған. Оның басты мақсаты жерлеу рәсімін бизнеске айналдырып, халыққа қыруар шығын салатын жағдайларға тосқауыл қою және бұл істі бірізділікке салу.

– Қазіргі таңда елімізде мұндай қызметпен айналысатын жүзден астам орталық бар екен. Бағалары да әр қилы. Кейбірінде жерлеу рәсімінің құны 1–2 миллион теңгеге дейін жетеді. Ашылған орталықта барлық қызмет қолжетімді бағада ұсынылады. Марқұмды арулап жуындыру, жаназа рәсімін өткізу, жерлеу, зират тұрғызу – бәрі де бір жерден қамтылады. Жуындыруға қажетті жабдықтардың бәрі осы орталықта бар. Бұрынғыдай базар аралап, керек-жарақ іздеудің қажеті жоқ, – дейді Ермек Ыдырышев.

Орталықтың толыққанды жұмысының жүруі келешектің еншісінде. Қазіргі таңда мешіт тарапынан орталық жұмысы үшін қала аумағынан арнайы жер сұралған. Егер жер берілсе, ортақ талаптар қойылып, барлық азаматтарға теңдей жағдай жасалмақ.

– Мұндай тәжірибе басқа облыстарда жүзеге асып жатыр. Біз де халыққа шариғат талаптарына сай, тиімді әрі қолжетімді қызмет көрсетуді көздеп отырмыз, – дейді мешіт өкілі.

Мұндай қызметтің болғаны да жақсы, тек құнықпаса болғаны…

Мәйітті жер қойнына тапсырғаннан кейінгі тағы бір үлкен міндет – зират тұрғызу мен қоршау жасау. Бұл да айтарлықтай қаражатты талап етеді. Қазіргі таңда бұл іспен жеке агенттіктер тұрақты түрде айналысып отыр. Олар марқұмды жуындырудан бастап, қабір қазуға, жерлеуден кейінгі ас беруді ұйымдастыруға дейінгі қызмет түрлерін ұсынады.

Анық-қанығын білу үшін біз де бірнеше хабарландырудағы нөмірлерге қоңырау шалып көрдік. Бір агенттіктің менеджері бағаны былайша тарқатып берді: жерлеу орнына жеткізетін катафалк – 35 мың теңге, табыт – 25 мың теңге, қабір қазу – 60 мың теңге, ақ мата – 35 мың теңге, жаназа рәсімін өткізу де бар. Барлығын қосқанда шамамен 300 мың теңгеден асады екен. Бұған қоса құлпытас орнату шығыны тағы бар. Оның құны қолданылатын құрылыс материалына және қосымша безендіру жұмыстарына байланысты әртүрлі белгіленеді.

Желіде мұндай компаниялардың жарнамасы қаптап жүр. Әлеуметтік желіден бастап, қарапайым хабарландыру сайттарына дейін «жаназа қызметі», «зират салу», «құлпытас орнату» жөнінде ұсыныстарға толы. Алайда олардың көпшілігінің қызметі заңдық тұрғыдан реттелмеген, яғни жартылай заңсыз жұмыс істеп отырғаны жасырын емес. Өйткені елімізде салттық қызмет көрсетуді біріздендіретін нақты заң әлі күнге дейін жоқ деуге болады.

Құлпытастар орнату мәселесінде де ортақ тәртіп қалыптаспаған. Мәселен, Еуропа елдерінде зираттарға қойылатын құлпытастың биіктігі мен еніне дейін арнайы талаппен бекітілген. Ал бізде ондай норма жоқ. Соның салдарынан әркім өз қалауынша жасайды: бірі шетелден қымбат мәрмәр тастар алдырса, енді бірі арнайы тас қалаушыларды шақырып, сәнді ескерткіш тұрғызады.

«Бізде бірыңғай талап жоқ. Сондықтан әркім өз шамасына қарай жасайды. Біреулер бағалы тастарға тапсырыс береді, енді біреулер қарапайым нұсқасын қояды. Негізінде, біз үшін бастысы – марқұмның аты-жөні мен өмір сүрген жылдарының жазылуы ғана жеткілікті. Бірақ өз басыма қиындық түскенде осындай қызметке жүгіндім. Бір жағынан ыңғайлы. Өзің жақыныңнан айрылып, есеңгіреп жүргенде кәбір қазатындарға хабарластым. Өз құнына бәрін әзірлеп қояды екен. Қара күзде немесе қақаған қыс ішінде жер қазу да оңай емес екені белгілі. Сондықтан оның пайдасы да бар. Тек құнығып кетпесе болды», – дейді сөзге араласқан әріптесім.

Туысын соңғы сапарға шығарып салу үшін несие алатындар да жетеді. Себебі, адам қайтқан мезеттен бастап, жылына дейін бәрі де қаражатқа келіп тіреледі.

– Әрине, мына заманда жерлеуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Дастарқан мәзірі, жыртыс тарату жайы көп талқыланып, бірізділікке келе жатқан сияқты. Енді бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек екені анық. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпытасқа кісінің аты-жөні жазылса да жеткілікті сияқты. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мұфтият бұл істі де назардан тыс қалдырмай, қолға алып ҚМДБ-ның жанынан арнайы «QAMQOR-SHARAPAT» атты салттық қызмет көрсету орталығын ашып өлікті жөнелту мен зират мәдениетін бір ізділікке келтіру мақсатында қызмет жасап жатыр.

Мақсат – бірізділікке салу

Шоқан Әмірханов, қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы:

– Өмірде қуанышпен бірге қайғы-қасіреттің де болатыны белгілі. Осы жағдайға сай мүфтияттың «Қамқор – Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы өз жұмысын атқарып жатыр. Ең басты мақсат – бірлікке, бірізділікке шақыру. Ол өз алдына жеке бөлім ретінде жұмыс істейді. Сондықтан бұл бөлімде өлім-жітімге қатысты барлық рәсімдер шариғатқа сай әрі қолжетімді бағада атқарылады. Мұндай орталықтар бүгінде еліміздің әр облыс орталығында ашылып жатыр. Қаламыздағы Жайлаубай ата мешітінің жанынан да осындай орталық ашылып облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітімен бірлесе жұмыс істеп бастады.

Орталықта мәйітті сақтайтын арнайы мәйітхана және жуындыру орны қарастырылған. Мәйітхана алты адамға арналған. Оның өз құны бар: шамамен бір күнге – 10 мың теңге. Мәйітті жуындыру құны – 15 мың теңге. Бұл қаражат мешітке емес, кеткен шығындарды жабуға жұмсалады. Ал намаздауға ешқандай ақы алынбайды, ол садақа ретінде халық қалауынша беріледі. Бірақ ол беруге міндетті емес. Сонымен бірге бұл орталық жағдайы жоқтар мен сәбилерге тегін қызмет жасайды.

Қазіргі кезде кейбір жерлерде зират көтеру жарысқа айналып кеткені жасырын емес. Шариғатта күмбез тұрғызу, үлкен ескерткіш қою, міндетті түрде мал сою деген талап жоқ. Бастысы – қарапайымдылықты сақтау. Осыған байланысты халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Зиратты біркелкі етіп, көктастың көлемін де ортақ үлгіге келтіру қарастырылуда. Дастарқан жаю дәстүрін де біртіндеп ретке келтіріп жатырмыз, халық та соған түсіністікпен қарай бастады. Жалпы Исламда тірінің өлінің алдында төрт ақысы бар деп айтылады:- арулап жуу, кебіндеу, жаназасын сауатты шығару және жерлеу. Осы жағдайларға шығын шығарып, талаптар орындалса жеткілікті. Дініміздің талабы – қарапайымдылық, ысырапқа жол бермеу және қайғы үстіндегі жанұяға ауыртпалық салмау.

Ая ӘБДІЛДА,
сурет кейіпкер мұрағатынан алынды
және «НК» мұрағатынан


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77