Ол үшін қандай талап, ережелер бар?
«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты Әлихан Бөкейханның сөзі әрбір мемлекеттік қызметшіге арналғандай. Десе де бүгінде мемлекеттік қызметкер болу оңай емес.
Бұл жолда үнемі өзін жетілдіру, заңнаманы терең білу, халықпен тиімді қарым-қатынас орнату, қоғам мүддесін бәрінен биік қою секілді өзіне ғана тиесілі талаптары бар. Сонымен бірге, заманауи мемлекеттік қызметші тек құжаттармен жұмыс істейтін маман ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші, қоғамның сенімін арқалаған тұлға болуға тиіс. Осы орайда, мемлекеттік қызметке келгісі келетін жастар нені білуі керек? Оның жолдары қандай? Біздің бүгінгі әңгімеміз осы өзекті мәселелер төңірегінде өрбиді.
Тест тапсыру оңай ма?
Айдана Мараттың жасы 27-де. Мемлекеттік қызметші болу бала күнгі арманы. Осы мақсатқа жету жолында ол екі рет тест тапсырып көрген. Алайда әзірге жолы болып, бағы жанған жоқ. Екеуінде де қажетті балды жинай алмады. Дегенмен, Айдана мұның да өзіндік себептері бар екенін айтады.
–Тестті қазақ тілінде тапсырдым. Өткен жылы бір рет сынақтан өткен едім, бірақ сәтсіз болды. Биыл тағы да тәуекел етіп, бағымды сынап көрдім. Биылғы өзгеріс әр үш күн сайын қайтадан тест тапсыруға болатыны қуантты. Енді дайындалып, тағы да тест тапсырамын, – дейді Айдана.
Жаңа талап пен формат
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік лауазымдарға жасы зейнеткерлік межеге жетпеген, кәсіби және жеке қасиеттері мен біліміне сай азаматтар қабылданады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы міндетін атқарушы Аслан Ембергеновтің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдану жүйесі толығымен автоматтандырылған форматқа көшкен.
– Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі пилоттық режимде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін іске қосты. Енді үміткерлер eqyzmet.gov.kz платформасы арқылы онлайн форматта тәулік бойы (24/7) конкурсқа қатыса алады. Бұл тәсіл үміткерлер үшін барынша қолайлы әрі ашық мүмкіндік ұсынады. Қазақ тілінде де нақты әрі дұрыс аудармасы беріледі, – дейді Аслан Есболатұлы.

Тестілеу кезінде бұрынғыдай 9 емес, тек 4 негізгі нормативтік-құқықтық акт қамтылады. Олар: Қазақстан Республикасының Конституциясы; «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң; «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі.
Сонымен қатар, үміткерлер мәтіндік және сандық тапсырмаларды орындай отырып, логикалық және аналитикалық қабілеттерін көрсетеді.
Тестілеудегі әділдік пен ашықтық
Аслан Ембергеновтің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі барынша заманауи және ашық форматта жүргізілуде.
– Жаңа жүйенің ең үлкен артықшылығы – прокторинг жүйесінің енгізілуі, – дейді ол. – Бұл жүйе арқылы тестілеудің барлық кезеңдері бейнебақылауда болады. Яғни, әрбір үміткердің әрекеті қадағаланып, тестті басқа адамның орнына тапсыру немесе сырттан көмек алу сияқты жағдайларға жол берілмейді. Осылайша адам факторы барынша азайып, тестілеу барысы әділ әрі айқын өтеді. Барлық нәтижелер автоматты түрде жүйемен есептеліп, тексеріледі. Бұл өз кезегінде сенім мен ашықтықты қамтамасыз етеді, – дейді Аслан Ембергенов.
Сонымен қатар, тестілеуден кейінгі әңгімелесу кезеңі де бейнебайланыс арқылы өткізіледі. Бұл тәсіл өңірлік шектеулерді жойып, елдің түкпір-түкпірінен келген үміткерлерге тең мүмкіндік береді.
– Әңгімелесу барысында үміткердің тек кәсіби дайындығы ғана емес, оның мінез-құлқы, коммуникативтік қабілеті, шешім қабылдау дағдылары мен қызметтік этикаға сай болуы да бағаланады. Бұл кезең мемлекеттік қызметке тек білімді ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, адал да ашық азаматтардың іріктелуін қамтамасыз етеді, – дейді ол.
Осылайша, жаңа форматтағы іріктеу жүйесі мемлекеттік аппаратқа жаңа буын – кәсіби әрі әділ қызметшілерді тартуға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңашылдықтар мен жеңілдіктер
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесіне бірқатар жаңа тетіктер мен жеңілдетілген механизмдер енгізілген. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, кадр саясатын жаңарту және жастардың мемлекеттік қызметке келуін ынталандыру.
– Ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – жоғары оқу орындарының үздік түлектері үшін «кедергісіз қабылдану» мүмкіндігі, – дейді ол. – Егер түлектің GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болса, ол аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындала алады. Бұл бастама жастардың әлеуетін тиімді пайдаланып, мемлекеттік аппаратты жаңа идеялар мен энергиямен толықтыруға бағытталған. Мысалы, Қостанай облысында 53 түлек осындай жеңілдік арқылы мемлекеттік қызметке қабылданған, – дейді Аслан Ембергенов.
Сонымен қатар, жүйеде бірқатар басқарушылық және ұйымдастырушылық өзгерістер де енгізілген. Атап айтқанда, жекелеген басшы лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау тетігі пайда болды – бұл кәсіби тәжірибесі жоғары, беделді мамандарды жылдам тартуға мүмкіндік береді; қызметкерлерге қатысты шаралар күшейтіліп, оларды төмендету немесе жұмыстан босату тәртібі жеңілдетілді; «келісімшарттық қызметші» ұғымы енгізілді – бұл нақты жобаларды іске асыру үшін уақытша мамандарды тартуға жол ашады.
Аслан Ембергеновтің айтуынша, мұндай жаңашылдықтар мемлекеттік қызметті жеңіл, ашық және нәтижелі етуге ықпал етеді.
– Қазір басты мақсат жастардың мемлекеттік басқару ісіне қызығушылығын күшейту. Мемлекеттік қызмет – қоғамға пайда әкелетін, сенім мен жауапкершілікті талап ететін сала. Сондықтан енгізіліп жатқан әрбір жаңалық осы бағыттағы реформалардың нақты көрінісі, – дейді ол.
Кадрлық әлеует пен кәсіби даму
Қостанай облысының Мемлекеттік қызмет істері департаменті аймақтың кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында жоғары оқу орындары мен колледждермен жүйелі әрі тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы басты мақсат – жастар арасында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, қоғамға адал қызмет ететін жаңа буынды қалыптастыру және мемлекеттік аппараттың сапалы кадрлармен толықтырылуын қамтамасыз ету.
– Біз жастар арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттыру, аймақтық кадр резервін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізіп келеміз, – дейді Аслан Есболатұлы.
Оның айтуынша, жастармен кездесулер, семинарлар, ашық дәрістер мен кәсіби бағыттағы форумдар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Бұл шаралар болашақ мамандардың мемлекеттік басқару жүйесімен ерте танысуына және өз әлеуетін осы салада сынап көруіне жол ашады.
– Қазір біз аймақтық кадр резервін қалыптастырумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, этика мен әдеп нормаларын сақтау мәдениетін нығайту, цифрлық дағдыларды дамыту бағыттарына басымдық беріп отырмыз. Себебі заманауи мемлекеттік қызметші тек заңнаманы білетін емес, сонымен қатар жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын, қоғаммен ашық байланыс орната білетін маман болуы тиіс, – дейді Аслан Есболатұлы.
Мемлекеттік қызмет – жауапкершілігі мен талаптары жоғары сала. Бұл жолды таңдаған адам ел мүддесін бәрінен биік қоюы тиіс. Мемлекеттік қызметші тек заңды орындаушы ғана емес, халықтың сенімін ақтаушы тұлға. Қазіргі жүйе бәсекеге қабілетті, заманауи форматтағы, кәсіби және адал мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған.
– Мемлекеттік қызмет — бұл ұлтқа қызмет етудің ең жауапты жолы. Әрбір қызметші өз ісінің маңызын сезінгенде ғана қоғам мен мемлекет дамиды, – дейді ол.
Ая ӘБДІЛДА,
суретті түсірген Лариса БОЖКО және А.Ембергеновтің жеке мұрағатынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
