Біздің Қостанай Социум

Өңірдің мақтанышы Беген Көпеш жайлы толғаныс

Үстіміздегі жылғы жаңа оқу жылы қостанайлық ұстаздар үшін үлкен қуанышпен басталды. Өйткені, бүкіл саналы ғұмырын өскелең ұрпаққа тиянақты білім беруге арнаған абыз ақсақал Беген Көпеш Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы құрметті атағына ие болды.

Марапатты облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жиында салтанатты түрде табыс етті.

Жалпы, өмірден түйгеніміздей, адам жасымен емес, өзінің туған жері мен Отаны үшін атқарған өнегелі істерімен бағаланады. Өзіміз өмірден көріп жүргеніміздей, әдемі қартаюдың өзі де үлкен өнер. Бір қуаныштысы, мұндай көпті көрген, кейінгі жастарға адал жұмысымен үлгі көрсетіп келе жатқан ардақты ағаларымыз арамызда аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі бүгінгі кейіпкеріміз.

Бекеңді өңірде білмейтіндер кемде-кем. Себебі, ол жастайынан өз мамандығына адалдық танытып, талай шәкірттеріне үлкен өмірге жолдама берген біртуар жан. Оның іскерлік, азаматтық қырлары өз алдына бөлек әңгіме.

Кейінгі жастар оны өзіне тәлімгер тұтады. Ұлағатты ұстаздың бай тәжірибесінен үйренуге асығады. Ол да білгені және түйгенімен бөлісуге қашан да дайын. Сондықтан да оған болашақ мұғалімдер қашан да үйір.

Осы арада ардақты ағамыздың өмір жолын оқырман қауымға баяндап бермес бұрын оның сонау сағымдай бұлдырап артта қалған кезеңдеріне қысқаша шолу жасап өткеніміз де артық болмас.

Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Беген Қаженұлы облыс орталығына жақын маңда орналасқан яғни Қостанай ауданына қарасты Шоққарағай деп аталатын қазақы ауылда дүниеге келді. Балалық балғын шақтары осы киелі қоныста өтті.

Мәселен, Көпешовтер әулетінің басшысы марқұм Қажен атамыз өз заманының алдыңғы қатарлы азаматтарының бірі болғандығын оның көзін көрген көнекөз кісілер айтудан жалықпайды. Бұл қарапайым тұлға кезінде қатардағы қарапайым маман болды. Өзінің қайсарлығының арқасында колхоз басқармасының төрағасы сынды жауапты қызметті де абыроймен атқарды.

Оның жан-жары Қамар апамыз алты баласын ешкімнен кем етпей өсірді. Азаматының алаңсыз қызмет атқаруына жағдай жасап, үй шаруасын ұршықша дөңгелетті. Келген қонақтарын жылы жүзбен қарсы алып, қазақ әйеліне тән мейірбандылығы мен қонақжайлылығын көрсетті.

Ата-анасынан көп жайды бойларына сіңірген ұл мен қыздары да өмірден өз орындарын тапты. Бәрі де жоғары білім алды. Мысалы, Қайырбай Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы атанса, Күләнда қаржыгер, Жұмагүл байланыс саласында қызмет атқарды.

Елді-мекендегі бастауыш мектепте білім алуды бастаған ол 1948 жылы Қостанай шаһарындағы бұрынғы Жамбыл атындағы (қазіргі Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты) қазақ орта мектебіндегі белсенді де екпінді шәкірттердің бірі болды. Оны аяқтаған соң педагогтардың қара шаңырағы болып табылатын Қостанай мемлекеттік педгогикалық институтының студенті атанды.

Жас жігіттің бойындағы ұйымдастырушылық, жаңашылдыққа құштарлық секілді асыл қасиеттері сол кездің өзінде айқын сезілді. Осынау жоғары оқу орнының физика-математика факультетін ойдағыдай тәмамдады. Содан кейін жас маман Әулиекөл ауданындағы «Сұлукөл» асыл тұқымды мал зауытындағы орта мектепте кәдімгі қатардағы мұғалім болып еңбек жолын бастады.

Әрине, осындағы екі жылдың ішінде өзінің таңдаған кәсібін терең меңгеріп, әріптестерінің алдында білімді де болашағы жарқын маман ретінде өзін таныта білді. Бұдан сон өзге бозбалалар секілді әскер қатарына шақырылып, өзінің азаматтық борышын өтеді.

Содан кейін өзі түлегі болып табылатын қазіргі Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырды. Мұнда сол баяғы физика және математика пәндерінен шәкірттеріне дәріс берді.

Беген Қаженұлы бастапқыда қатардағы мұғалім болса, уақыт өте білім ордасының оқу ісі жөніндегі орынбасары, содан кейін мектеп-интернаттың басшысы болып тағайындалды. Осының бәрі де сайып келгенде, ұлтжанды азамат, білікті басшы болып қалыптасуына ықпал етті.

Бір сөзді, күнделікті әріптестерімен сыйласа қызмет атқарған педагог мұндағылардың да арасында үлкен беделге ие болды. 1971 жылы өзі басқаратын білім ордасы республика тарихында бірінші рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Өзі де осындай орденге ие болып, кеудесіне тақты.

Келесі жылы аталмыш мектеп-интернат Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне мүше болды. Мұның ұстаздық озық тәжірибесі күллі Одаққа танылды. Өзі жетекшілік ететін ұжымдағы көптен қызмет атқаратын ұстаздарды ардақтады, жас мамандарды шеберлікке баулыды.

Оның ғұмырында 1984 жыл ерекше орын алады. Себебі, дәл осы кезеңде сонау бір кездері Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған мектеп-интернатқа ғасыр толды. Директор ретінде оған жан-жақты дайындалып, әріптестерін ортақ іске жұмылдырды.

Осылайша білімнің қара шаңырағының 100 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Оған әрине, алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар, өздерінің шынайы жылы лебіздерін білдіріп, мұның ұйымдастырушылық қабілетіне жоғары бағаларын берді.

«Еңбегіне қарай өнбегі» демей ме? 1985 жылы бұл «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын иеленді. Сондай-ақ білім ордасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы қуанышты сәттер ағамыздың жүрегінде мәңгілік сақталып қалды.
Ұстаздық оңай кәсіп емес. Сондықтан онымен жүздескен кезімізде бұл жан-жақтылықты қажет ететін мамандықты таңдауына жас кезінде не себеп болғанын да сұрадық. Өз саласының нағыз білгірі атанған тұлғаның бұған жауабы да әзір.

Біз әдетте «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп босқа айтпаймыз. Беген аға жоғарыда тілге тиек етілген оқу орнында білім алып жүрген кезінде ұжымда жалықпай қызмет атқарған тәлімгерлер Дәулет Ыбыраев, Мырзахмет Шайхин мен оның жан-жары Мүршида Шайхимова, Шараф Исмагилова секілді өз мамандығының майталмандарынан көп жайды үйренді.

Олардың шәкірттеріне деген қарым-қатынасы, дәріс беру тәсілдері әрдайым мұның көңілінен шығатын. Сондықтан болар, өскенде сол аяулы жандардай ұстаз болуды армандайтын. Математик Қапаш ағасы мұның келешегінен көп үміт күтетін.

Аталған мектеп-интернатта адал жұмыс істеп, жерлестерінің арасында үлкен құрмет пен беделге ие болған Беген Қаженұлы жылдар өте облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында жауапты қызмет атқарды. Сол кезде де оның өз ісінің нағыз білгірі ретіндегі атақ-даңқы күллі облысқа тарады.

Ол зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырған жоқ. Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде де тыңдырған жұмыстары ауқымды.

Парасатты жан аталмыш кеңестің бір басшысы ретінде алдына түрлі өтініш-тілектермен келетін облыс орталығындағы соғыс және еңбек ардагерлерін үнемі жылы жүзбен қарсы алып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына мүмкіндігі келгенше қолдау көрсетуге тырысты.

Сол күндері шындығы керек, Бекең де күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытты. Өйткені, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне лайықты ілтипат білдіру мен қамқорлық жасауды өзінің басты парызым деп түсінді.

Баршаға мәлім, облыста кешегі Ұлы Отан соғысынан оралмай, топырақ жат жерде бұйырған талай боздақтардың есімдері өңірден шыққан «Зерде» кітабына енгізілді. Онда олардың өмірбаяндары мен кейінгі жас ұрпақтарға өнеге болар қасиеттері мен көрсеткен ерліктері жазылды.

Бекеңнің тағы бір өзгелер үлгі алатын қыры – қос тілде көсіле сөйлеп, еркін жаза алатындығы. Өзімен бір сұхбаттасу барысында өздеріне кезінде орыс тілі пәнін жүргізген Прасковья Александровнаның сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайтынын, оның жарқын жүзін үнемі сағынышпен еске алатындағын да мақтанышпен тілге тиек етті.

Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, Қостанайдың ардақты ақсақалы Беген Қаженұлы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында да өңірдегі барша әріптестерінің сүйікті адамына айналды. Бай тәжірибесі және біліктілігінің арқасында осында өңірдегі мектеп басшыларын оқытуға, этно-педагогиканы дамытуға айрықша назар аударды. Бұған бірнеше рет өткізілген конференциялар да нақты айғақ бола алады.

Айтулы ұстаздың ерекше атап өтер өнегелік тұстарына келетін болсақ, ол қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен мұрасын өзіне бағыт-бағдар тұтты. Тынбай ізденіп, оның мағыналы ғұмырынан тағылым алды. Жастайынан оның тәрбиелік-тағылымдық маңызы зор шығармаларын көп оқыды.

Даңқты жерлесіміз әрі қазақ халқын ілім мен білімге шақырған қайталанбас тұлғаның педагогикалық идеясын өзінің өмірлік темірқазығы етті. Оны мектепте бірге тонның ішкі бауындай араласа жұмыс істеген әріптестері жақсы біледі.

Кейіпкеріміздің балалық шағында мұның санасына барлық ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді сіңірген асыл әжесінің де алар орны айрықша еді. Өйткені, көкірегі ояу, көңілі сара ғазиз жан мұның жадына ес білгеннен Ыбырайдай біртуар тұлғаның халық үшін істеген қыруар істерін, ұлт балаларын оқытуға үндеген азаматтық қырларын үнемі айтып отыратын. Бұл да өсе, қалыптаса келе ұлы ағартушының жолын жалғастырып, ұстаздық қызметтің мәртебесін көтеруге барын салды.

Қызмет барысында Торғайдағы Алтынсарин ашқан білім ордаларында болып, оны өз көзімен көрудің де бергені мол. Өзі ұзақ жылдар басшылық еткен мектеп-интернатта арнайы музейдің дүниеге келуіне де мұрындық болды. Кезінде бұл білім ұясы өңірдегі ана тілімізде шәкірттерге дәріс берген бірден-бір қара шаңырақ атанғанын зиялы қауым ұмыта қойған жоқ.

Қайраткер тұлғаның тікелей ықпалы және бастамасымен облыс орталығында Ыбырай атамызға арналып ескерткіш ашылды. Ол жыл сайын ұлы тұлғаның дүниеден өткен күнінде қаланың бір шетінде орналасқан кесенеге мәдениет қайраткерлерімен бірге баруды дәстүрге айналдырды. Жиналғандардың алдында Алтынсариннің ағартушылық қызметі, мағыналы ғұмыры жайлы тебірене сөз сөйлейтін. Жергілікті әріптестері ағамызды «Ыбырайдың ізбасары» деп орынды мақтан етеді. Ол мұндай құрметке әбден лайықты.

Жергілікті ағайындар әрдайым оның қайраткерлік, адамгершілік қырлары мен педагогикалық қызметін жоғары қояды. Үнемі ардақты ағамыздың өмірлік, мақсаткерлік, ұлтжандылық ақыл-кеңестеріне сүйеніп отырады.

Қостанай қалалық мәслихатының арнайы шешімімен осыдан біраз жыл бұрын оған «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Оның бір ерекшелігі әрқашан да өзін бір қалыпты әрі сабырлы ұстайды. Өңірде мемлекеттік тілдің дамуына да сөзімен де, ісімен де лайықты үлесін қосты. Баспасөз қызметкерлерімен де тығыз байланыста болды. Әдебиет пен өнерімізге де құрметпен қарайды.

Сөздің реті келгенде қазіргі таңда қазақтың ұлы ақыны Сырбай Мәуленовтың есімі беріліп, еліміздегі таңдаулы білім ордаларының біріне айналған гимназияның 1990 жылы Беген Қаженұлы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың ішінде бастауыш мектеп ретінде ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол кезде зиялы қауым өкілдері өздерінің ұл-қыздарын жетектеп алып барғаны бізге белгілі.

Беген аға отбасында да өзін бақыттымын деп есептейді. Өмірлік серігі Үміт апамызбен бір шаңырақтың астында қос аққудай жараса тату-тәтті, сыйластықта тіршілік кешті. Өздері екі перзенттеріне тағылымды тәрбие берді. Солардан алтын асықтай немерелер сүйді. Олар ел құрметіне бөленген мейірбан аталарын өздеріне өнеге етеді.

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев кезінде «Алты Алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» деген. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Өзіміз жиі айтып жүретіндей, барлық мамандық иелері қандай лауазымдық қызмет атқармасын, ұстаздың алдында бас иеді. Олардың даналығын, кісілігін, биік парасатын әрдайым жоғары қояды.

Арамызда ғұмыр кешіп жатқан Беген Көпеш те қандай құрметке болсын лайықты жан. Онымен кездесіп, сыр шертудің өзі бір ғанибет.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
cурет ғаламтордан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77