Біздің Қостанай Социум

Азаматтық қоғам мен мемлекеттің серіктестігі нығая түсуде

Қазақстанда азаматтық қоғам институттары жылдан жылға нығайып келеді. Соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдардың саны мен ықпалы айтарлықтай артты.

Бұл үрдіс Қостанай облысында да айқын сезіледі – тек соңғы үш жылдың ішінде өңірдегі ҮЕҰ саны 30 пайызға көбейіп, бүгінде олардың қатары мың жарымнан асты.

Азаматтық бастамалар қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық салаларына серпін беріп отыр. Облыстағы үкіметтік емес ұйымдар экология, жастар саясаты, спорт, мәдениет, инклюзия, волонтерлік және әлеуметтік көмек көрсету сияқты 20-ға жуық бағытта жұмыс істейді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар көлемінің артуы да бұл саладағы дамудың айғағы. Осыдан бірнеше ай бұрын Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов азаматтық сектордың қоғамдағы рөлі туралы айта кеткен еді.

– Жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс тетіктерін белсендірек пайдалануы қажет. Төтенше жағдайлар саласында волонтерлікті дамыту, жастарға, мәдениет пен спорт саласына арналған жобаларды ұсыну маңызды. Әрбір аудан мен қала өз тәжірибесін қалыптастырып, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосуы тиіс, – дейді облыс әкімі.

Елімізде биыл азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара ықпалдастықты арттыруға бағытталған ең ірі алаңдардың бірі — XII Азаматтық форум өтеді. Бұл форум тек дәстүрлі кездесу емес, соңғы екі жыл бойы өңірлерде өткен жүздеген пікірталастар мен бастамалардың қорытындысы болмақ.

Костанай облысы Азаматтық альянсының төрайымы Динара Өтебаева атап өткендей, форумның тақырыбы биылғы қоғамдық даму бағытымен үндес.

— «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекеттің ынтымақтастығы» деген атаудың өзі қоғам мен биліктің тең серіктес екенін көрсетеді. Соңғы уақытта елдің барлық өңірінде өткен аймақтық форумдарда біз маңызды мәселелерді талқыладық, азаматтық бақылау, цифрландыру, өзін-өзі басқару, инклюзия, медиация сияқты бағыттарда нақты ұсыныстар дайындалды. Сол идеялар енді республикалық деңгейде қаралады, – дейді ол.

Айта кету керек, тамыз айында Қостанай қаласында өткен форумда азаматтық қоғамның дамуы мен үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. «Азаматтық белсенділік – тиімді қоғамдық бақылау құралы» атты форумның басты мақсаты — қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді арттыру, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау және азаматтардың ел өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау болды.

Шараға облыстық және қалалық ҮЕҰ өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары, жастар ұйымдары мен сарапшылар қатысты. Қатысушылар ҮЕҰ қызметінің ашықтығы мен тиімділігі, олардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындаудағы жауапкершілігі, сондай-ақ жаңа заң қабылдаудың маңызы туралы пікір алмасты.

Форумда азаматтық сектордың алдында тұрған өзекті мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, қаржыландырудың тұрақтылығы, кадрлық әлеуетті арттыру және халық арасында азаматтық белсенділікті дамыту жолдары сөз болды.

Жаңа заң жобасы

Биылғы форумның басты ерекшелігі – ҮЕҰ қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру.

— Қазір жаңа «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» базалық заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама аймақтардағы кездесулерде де жиі көтерілді. Себебі қолданыстағы кейбір нормалар кедергілер тудырады, ал жаңа заң қоғамдық сектордың дамуына серпін береді деп сенеміз, – деді Динара Өтебаева.

Оның айтуынша, форум аясында арнайы жұмыс тобы құрылып, заң жобасы бойынша ұсыныстар жинақталып жатыр. Әр облыс өз тәжірибесіне сүйеніп нақты мысалдар мен түзетулер енгізуде.

— Біз үкіметтік емес ұйымдардың пікірін ескеріп, нормативтік базаны жетілдірсек, азаматтық сектордың дауысы әлдеқайда анық естіледі. Бұл – «тыңдайтын мемлекет» қағидасының нақты көрінісі, – деп толықтырды сарапшы.

Қоғамдық форум

Азаматтық форумдар тек әңгіме алаңы емес, нақты шешімдердің бастауы. Бұған дейінгі форумдар нәтижесінде «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдар қабылданды. Бұл – дәл осы алаңда туған идеялардың жемісі. Сонымен қатар форумнан кейін де ұсыныстардың жүзеге асуын бақылап, мониторинг жүргізетіндігін атап өтті. Бұл жүйелілік азаматтық қоғамның даму деңгейін көрсетеді. Маманның пікірінше, азаматтық сектордың ең әлсіз буыны – ауылдық жерлердегі ұйымдар.

— Ауылда белсенділер бар, бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. Гранттар аз, жобалар арасындағы үзіліс ұзақ, кейде мамандар жетіспейді. Үлкен қалалардағы ұйымдар тәжірибелі әрі ресурсы мол болғандықтан, бәсекелестік тең емес. Сол себепті ауылдық ҮЕҰ үшін арнайы жеңілдетілген шарттар қажет, – деді ол.

Утебаева атап өткендей, институционалдық қолдау тек қаржыландырумен шектелмеуі тиіс. Ұйымдарды ұйымдастырушылық, құқықтық және әдістемелік тұрғыдан да дамыту маңызды. Бүгінгі таңда азаматтық қоғам белсенділігі әр салада байқалады.

— Біз ресурс орталығы ретінде көптеген шағын ұйымдарға кеңес беріп, олардың жобалық құжаттарын дайындауға көмектесеміз. Дегенмен әлеуетті арттырудың әлі де үлкен мүмкіндігі бар. Инклюзия саласындағы ұйымдар кәсіби тұрғыдан күшейіп келеді. Сондай-ақ экологиялық қозғалыстар, зооқорғау бастамалары, мәдени мұраны сақтау, тіпті жылқы тұқымдарын қорғауға бағытталған бірлестіктер пайда болды. Бұл – азаматтардың жаңа формадағы белсенділігінің дәлелі, – дейді Динара Өтебаева.

Оның айтуынша, жастар да бұл бағыттан шет қалмаған. Қазір жастар энергия мен жаңа идея әкеледі, ал аға буын тәжірибесі мен тұрақтылықпен бөлісуде. Екі буынның бірлесе жұмыс істеуі қоғамға тың серпін береді. Бұл – Костанай облысына тән жақсы үрдіс.

Халықаралық әріптестік

Форум бағдарламасында қайырымдылық форумы, цифрлық трансформация, жасанды интеллектті дамыту, этика және қоғамдық бақылау тақырыптары қамтылған. Сонымен қатар халықаралық «ШОС және халықтық дипломатия: жаһандық өзара іс-қимыл келешегі» атты алаңда азаматтық қоғамның халықаралық әріптестіктегі рөлі талқыланбақ. Форум соңында дәстүрлі түрде «Таңдау» қоғамдық сыйлығы мен ҮЕҰ үздік жобалары марапатталады.

— Бұл марапаттар ұйымдардың еңбегін мойындау ғана емес, жаңа идеяларға шабыт береді. Әрбір ҮЕҰ өз еңбегінің қоғам тарапынан бағаланатынын сезінуі тиіс, – деді Динара Утебаева.

Қорытындылай келе, сарапшы азаматтық сектор мен мемлекеттің өзара әрекеттестігі елдің демократиялық дамуындағы маңызды тетік екенін атап өтті. Азаматтық қоғамның дауысы естілетін ел – дамыған ел. Бастысы – қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогты сақтау. Егер әрбір бастама ескерілсе, халықтың да, мемлекеттің де әлеуеті артады.

Костанай облысының ҮЕҰ өкілдері алдағы форумнан үлкен үміт күтуде. Себебі бұл алаңда айтылған ұсыныстар мен пікірлер ертеңгі күннің нақты шешімдеріне айналуы әбден мүмкін.

Бүгінде облыс көлемінде қоғамдық кеңестер құрылып, олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бұл — билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың дамуының айғағы.

Сонымен қатар, Қостанай өңірінде үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған ресурстық орталықтар мен «ҮЕҰ үйлері» жұмыс істейді. Мұнда тәжірибе алмасу, әлеуметтік идеялар жәрмеңкесі мен шағын гранттар байқаулары ұйымдастырылады. Мұндай жобалар азаматтық белсенділікті арттырып, ауыл-аймақтардағы қоғамдық бастамалардың дамуына жол ашып отыр.

Жалпы, Қостанай облысындағы ҮЕҰ қызметі – қоғам өмірінің маңызды бөлігі. Олар халық пен билік арасындағы көпірге айналып, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосуда.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77