Біздің Қостанай Правопорядок

Апаттың алдын алу – әуеден басталады

Десе де дрондар жеткіліксіз болып отыр

Қостанай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа технологиялар былтырдан бері қолданыла бастады.

Басты мақсат жолдағы тәртіпті күшейту. Тәртіп дұрысталса адам өлімі азаятыны да белгілі. Алайда Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізде 2 мыңнан астам адам жол апатынан қаза тауып, 20 мыңнан астамы жарақат алады екен. Мұның бәрі де жәй ғана статистика емес, жүздеген отбасының қайғысы мен тағдыры екені белгілі.

Дронда жеткіліксіз

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дрондарды пайдалану тәжірибесі Қостанай облысы Полиция департаментінде 2024 жылдан бастап енгізілген.

Осылайша жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол қозғалысын қадағалауда заманауи технологияларды қолданудың жаңа кезеңі басталды. Дегенмен, қазіргі таңда Полиция департаментінің өз балансында дрондар жоқ. Сол себепті жолдағы тәртіпті бақылау кезінде төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың иелігіндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарына жүгінуге тура келеді.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта Полиция департаментін арнайы дрондармен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бұл қадам жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, апаттардың алдын алуға және оқыс жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Алайда дрондардың нақты қашан және қандай көлемде алынатыны әзірге белгісіз.

– Полиция департаментіне тиесілі дрондардың нақты қашан және қанша көлемде алынатыны әзірге белгісіз, – дейді Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы Олеся Бабич. – Бүгінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біз Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдіктердің дрондарына жүгінуге мәжбүрміз. Дегенмен, алдағы уақытта Полиция департаменті өз міндеттерін тиімді орындау үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Әуеден бақылау нәтижесін беруде

Бүгінде ұшқышсыз ұшу аппараттары, яғни дрондар, азаматтық секторда кеңінен қолданыла бастады. Бұл технологиялар түрлі салаларда тиімділігін көрсетіп, бақылау мен талдаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.

Алайда биылғы жылы Қостанай облысында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері айтарлықтай артқан. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша облыс аумағында 193 304 құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,9 пайызға көп. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар саны 22,7 пайызға (44-тен 54 адамға дейін), ал жарақат алғандар 24,6 пайызға (1095-тен 1364 адамға дейін) көбейген.

Мұндай деректер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қосымша шаралар қабылдау қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Осыған байланысты өңірде заманауи технологияларды енгізу бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жолдағы тәртіпті бақылау және апаттардың алдын алу мақсатында дрондарды пайдалану тәжірибесі қолға алынған. Бұл қадам жол қауіпсіздігін арттырумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу ісін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.

Өткен жылдан бастап облыста дрондар арқылы жол қозғалысын бақылау тәжірибесі қолға алынды. 2024 жылы дрондар 22 рет әуеге көтеріліп, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 20 дерегін анықтаған. Биыл Қостанай – Әулиекөл – Сұрған бағытындағы трассада 78 дрон ұшырылымы жүзеге асырылып, соның нәтижесінде қарсы қозғалыс жолағына шығудың 59 дерегі тіркелген.

Мәселен, Жолдағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында облыста 25 профилактикалық іс-шара мен акция өткізілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша (жүргізу құқығынан айырылған күйінде көлік басқару) 53 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, әкімдіктермен, Мемлекеттік кірістер департаментімен және ҚАЖ жүйесімен бірлесіп заңсыз тасымалдауға қарсы 68 рейдтік іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде 273 құқық бұзушылық анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 254,5%-ға өсім көрсетеді. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, заманауи технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналып келеді.

Басты мақсат – жазалау емес, апаттың алдын алу

Қостанай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында заманауи технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде. Мамандардың айтуынша, жолдағы тәртіпті қамтамасыз етудегі басты мақсат – жазалау емес, апаттың алдын алу.

– Интеллектуалды бейнебақылау жүйесімен жабдықталған дрондар құқық бұзушылықты нақты уақытта тіркеп, мәліметті бірден патруль қызметіне жолдайды. Бұл әдіс жолдағы тәртіпті күшейтудің тиімді тетігі болып саналады. Сонымен қатар, дрондар адам факторын азайтып, жолдағы тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді. Олар кең аумақты қамти алады және жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін дәлелді түрде тіркейді. Бұған қоса, тәулік бойы жұмыс істейтін дрондар жол қозғалысын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Олеся Бабич атап өткендей, жол қауіпсіздігі – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі.

– Егер әр азамат өз міндетіне салғырт қарамаса және жаңа технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалансақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға толық мүмкіндік бар, – дейді полиция өкілі.

Жолдағы қауіпсіздік әр жүргізушінің ортақ жауапкершілігі. Дрондар жазалау құралы емес, адам өмірін сақтау тетігі. Қостанай облысында бұл тәжірибе өз жемісін беріп, жол мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Халықаралық тәжірибеден алынған

Бүгінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде дрондарды пайдалану әлемдік тәжірибеге айналып отыр. АҚШ-та 2013 жылдан бастап полиция қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана бастаған. Дрондар апат болған аймақтарда бейнебақылау жүргізіп, із-түзсіз жоғалған немесе іздеу салынған адамдарды табуда таптырмас құралға айналды. Оларға орнатылған жоғары сапалы камералар тәуліктің кез келген уақытында, тіпті түнгі мезгілде де бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Дегенмен, мұндай тәсіл қоғамда екі түрлі пікір туғызған. Кейбір тұрғындар полицейлердің дрондарды пайдалануын адамның жеке өміріне қол сұғу деп санап, бұл жүйеге сын көзбен қарайды. Сондықтан қауіпсіздік пен азаматтардың құқығын сақтау арасындағы тепе-теңдікті ұстау маңызды мәселе.

Ал Мексикада дрондарды қылмыстық мақсатта қолдану деректері тіркелген: қылмыскерлер ұшқышсыз аппараттар арқылы есірткі тасымалдаған. Бұл жағдайға жауап ретінде жергілікті билік «ақылды дрондар» жүйесін енгізіп, дрондарды аулайтын дрондар арқылы заңсыз әрекеттердің жолын кескен.

Ая ӘБДІЛДА,
cуреттерді Қостанай облысы ПД ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77