Біздің Қостанай

Тіл – таусылмайтын байлық

Ана тілі – ар өлшемі

Қанымызға сіңісті, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын өзіміздің мемлекеттік тіліміз. Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті.

Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ.

Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қазақ тілін тәуелсіздік алған 29 жылда қандай деңгейде білеміз? Қазақстанда тұратын қазақстандықтардың қазақшасы қалай? – деген заңды сұрақ туындайды.

«Тіл туралы» Заңдағы Қазақстан халқын топ-тастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» – дегінген. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі.

Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Ол тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларынан да көрініс тапты. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне деген қамқорлық аз болған жоқ. Қазақ тілінің дәрежесін осы құжаттарда көрсетілгендей деңгейге жеткізсек, көңіліміз жұбанар еді.

Себебі, ұлттың болашағы, елдіктің ертеңі, ұрпақтың келешегін ойлаған әрбір саналы азамат бұл жайдан сырт қалмас. Егемендігімізді алғаннан кейін мәдениетімізге, әдебиетімізге, салт-дәстүр-імізге, тілімізге айрықша мән беретін күн туды.

Елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге де, мемлекеттік тілді дамыта түсуге ешқандай кедергі жоқ. Кез келген тілді меңгеру мәселесіндегі басты шарт – адамның өзінің ішкі ой-ниеті мен қажеттілігі. Жетпей тұрғаны – адамдардың ықыласының аздығы. Осы ықыласты оятып, қазақ тілін қоғамдағы бірінші қажеттілікке айналдыру керек.

Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.

Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ұлт мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты.

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі. Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіруші құндылықты факторға айналу қажет.

К.ШАРИПОВА,
Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының мұғалімі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77