Цифрлық технологиялар бүгінде қоғамның барлық саласына дендеп енді. Сол салалардың ішінде ең үлкен өзгерістердің бірі сот жүйесінде байқалады. Бұрын сотқа арыз беру үшін құжат жинап, мекемеге бару, кезекте тұру қажет болса, бүгінде барлығы бірнеше минутта онлайн жасалады.
Бұл – Қазақстанда 2014 жылдан бастап жұмыс істей бастаған e-Sud электрондық сот жүйесінің жемісі. e-Sud – азаматтарға сотқа арыз-шағымдарын, өтініштерін қашықтан тапсырып, іс барысын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Ол сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз етуге, уақытты үнемдеуге және қағазбастылықтан арылуға бағытталған. Жүйеге кіру үшін пайдаланушы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеледі немесе eGov.kz порталы арқылы кіреді. Осыдан кейін жеке кабинет ашылып, онда арыз толтыру, құжаттарды тіркеу, мемлекеттік бажды онлайн төлеу және сот процесін бақылау мүмкіндігі беріледі.
Сотқа түсетін барлық материал электронды түрде тіркеліп, судьяға сол сәтте қолжетімді болады. Бұл қағаз құжат айналымын азайтып, істердің тез қаралуына ықпал етеді.
Қостанайлық адвокат Жасгүл Тоғжанованың айтуынша, e-Sud жүйесінің енгізілуі заң саласындағы мамандардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетті.
– Бұрын сотқа арыз беру үшін азаматтар құжаттарымен бірге бірнеше рет барып, уақытын жоғалтатын. Қазір барлығы онлайн жасалады. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Интернет пен ЭЦП болған жағдайда сотқа барудың қажеті жоқ. Сонымен қатар электронды форматта құжат жоғалту қаупі болмайды, бәрі жүйеде сақталады, – дейді ол.
Адвокаттың айтуынша, электрондық сот істерді қарау мерзімін де қысқартқан. Бұрын іс тіркелгеннен кейін бірнеше күннен соң ғана қарауға жіберілетін. Ал қазір арыз жүйеге түскен бойда судьяға жетеді. Бұл процесті айтарлықтай жылдамдатады және ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сот аппараты қызметкерлері электрондық жүйенің тиімділігін атап өтті. Олардың сөзінше, e-Sud жүйесіне көшу сот ісін жүргізудің жаңа деңгейіне шығарды.
– Бұрын қағаз құжаттар өте көп болатын, олардың ішінен қажетісін іздеу көп уақыт алатын. Қазір барлығы электрондық форматта сақталады. Бұл тек уақытты ғана емес, кеңсе қызметкерлерінің жүктемесін де азайтты. Сонымен қатар жүйе автоматты түрде хабарламалар жіберіп, тараптарды процестің әр кезеңінен хабардар етеді. Яғни, адам факторын азайтып, қателіктерді болдырмайды, – дейді олар.
Пандемия кезінде онлайн сот отырыстары кеңінен қолданылып, бұл жүйенің маңыздылығын дәлелдеген. Электрондық соттың негізгі артықшылықтары – қолжетімділік, ашықтық, жеделдік және қауіпсіздік. Қолданушылар интернет арқылы арыз беріп, барлық процесті үйден шықпай бақылай алады. Қағазбастылық азайғандықтан уақыт пен қаражат үнемделеді. Сондай-ақ ЭЦП арқылы тіркелу жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл азаматтардың жеке деректерін қорғауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, e-Sud сот органдары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды да жеңілдетті. Бұрын түрлі мекемелерден сұратылған анықтамалар мен хаттар қағаз түрінде жүретін болса, қазір олардың бәрі электронды түрде жіберіледі.

Дегенмен, жүйе жетілдіруді қажет етеді. Кейбір пайдаланушылар жүйеге кіргенде техникалық ақауларға немесе құжаттарды жүктеу кезінде қиындықтарға тап болады. Сондай-ақ кей өңірлерде интернеттің баяу жұмыс істеуі де белгілі бір кедергі туғызады. Соған қарамастан, Жоғарғы сот пен Әділет министрлігі жүйені жаңғырту жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта e-Sud басқа мемлекеттік базалармен біріктіріліп, жаңа қызмет түрлері қосылады.
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан бойынша e-Sud арқылы 3,2 миллионнан астам өтініш тіркелген. Бұл жалпы сотқа түскен істердің шамамен 87 пайызын құрайды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 1,8 миллионнан асты. Қостанай облысы бойынша былтыр электрондық форматта қаралған істердің саны 148 мыңды құрап, оның ішінде азаматтық істердің 65 пайызы толықтай e-Sud арқылы жүргізілген. Онлайн режимде өткен сот отырыстарының үлесі 60 пайызға жеткен. Бұл жүйенің тиімділігі мен халық сенімінің артқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, e-Sud жүйесі тек сот жұмысының тиімділігін арттырумен шектелмейді, ол қоғамның құқықтық мәдениетін де көтеруге ықпал етеді. Азаматтар сот процесінің қалай жүретінін көріп, заң алдындағы жауапкершілікті сезінеді.
Мұның бәрі әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді.
Е-Sud – Қазақстандағы сот жүйесін жаңа деңгейге шығарған маңызды бастама. Ол азаматтарға уақыт үнемдеп, сотқа қолжетімді болуға жағдай жасайды. Электрондық сот төрелігі – бұл тек цифрлық шешім емес, ол – әділдіктің заманауи форматы. Болашақта сот ісін жүргізудің барлық кезеңі толығымен онлайн режимге ауысуы әбден мүмкін. Сол кезде «қағазсыз сот» ұғымы еліміз үшін қалыпты жағдайға айналып, цифрлық әділдік күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болады.
Қазіргі таңда цифрландыру – заманауи қоғамның даму бағытын айқындайтын басты үрдістердің бірі. Мемлекетімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – сот жүйесін жаңғыртуға арналған «e-Sud» ақпараттық жүйесі. Бұл – әділ сот төрелігін қамтамасыз етуде және азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыруда маңызды құрал.
Сот органдарының мәліметінше, қазіргі таңда істердің 90 пайыздан астамы «e-Sud» жүйесі арқылы жүргізіледі.
Облыстық соттың өкілінің айтуынша:
– e-Sud жүйесі – әділ сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз ететін тиімді тетік. Азаматтар үшін бұл жүйе өте ыңғайлы, кез келген өтінішті үйден шықпай-ақ жолдап, процестің барысын қадағалай алады. Мұндай формат жемқорлық тәуекелдерін де азайтады.
Шынында да, электрондық форматтың басты артықшылығы – айқындық пен ашықтық. Барлық өтініштер мен шешімдер арнайы базаға енгізіледі, яғни «құжат жоғалып кетті» немесе «іс созылып кетті» деген жағдайлар болмайды.
Сонымен қатар, «e-Sud» азаматтардың уақытын, қаржысын және жүйкесін үнемдеуге көмектеседі. Бұрынғыдай сот отырысына бірнеше рет барудың, қағаз жинаудың, кезек күтудің қажеті жоқ. Ең бастысы – бұл жүйе әділдікті жедел әрі ашық қамтамасыз етуге бағытталған.
Тиімді, бірақ түйткілсіз емес
Әрине, цифрландыру – уақыт талабына сай жасалған игі бастама. «e-Sud» сияқты электронды жүйелер халықтың өмірін жеңілдетіп, әділдікке жол ашты. Дегенмен, кез келген жаңа технология секілді, оның да өзіндік қиындықтары бар. Кейде азаматтар жүйеге кіре алмай, техникалық ақауларға тап болады. Мысалы, сайттың жұмысында уақытша үзілістер орын алып, электрондық өтініштер уақытында тіркелмей қалуы мүмкін. Бұл сот процесінің мерзімін сәл кешіктіріп жатады.
Қостанайлық заңгер Жасгүл Тоғжанованың айтуынша:
– Жалпы алғанда, e-Sud жүйесі сотқа қатысуды жеңілдетті. Бірақ кейде жүйе баяу жұмыс істейді немесе мүлде ашылмай қалады. Әсіресе, ауылдық жерлерде интернет байланысы тұрақсыз болғанда қиындықтар туындайды. Мұндай жағдайларда адамдар дәстүрлі қағаз форматқа қайта жүгінеді.
Мұндай техникалық мәселелер уақыт өте шешімін тауып келеді. Мемлекет сот жүйесін цифрландыру бағытында жүйенің серверлік қуатын арттырып, жергілікті жерлердегі интернет сапасын жақсартуға күш салуда. Сонымен қатар, заңгерлердің айтуынша, электронды форматқа көшу кәсіби құқықтық сауаттылықты да талап етеді. Барлық азамат бірдей компьютермен немесе мобильді қосымшамен жұмыс істей алмайды. Сондықтан мамандар арнайы оқыту курстарын өткізуді де маңызды деп санайды.
Қорыта айтқанда, цифрландыру – қоғамның дамуындағы үлкен қадам. Бірақ оның толыққанды жұмыс істеуі үшін техникалық тұрақтылық пен азаматтардың цифрлық сауаттылығы қатар жетілуі тиіс. Сонда ғана «e-Sud» жүйесі әділдікті барынша тиімді әрі қолжетімді ете алады.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
және ашық ақпарат көзінен
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
