Біздің Қостанай

«Ағартушы аманатына адал азамат»

Мерейтой иесінің құрметіне арналған кездесу

Облыстық Ы. Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінде ардагер-ұстаз, «Құрмет» белгісі ордені мен «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері және «ҚазССР Халық ағарту ісінің үздігі», Қостанай қаласының Құрметті азаматы Беген Көпештің 85 жасқа толуына орай «Ағартушы аманатына адал азамат» атты кездесу кеші өтті.

Беген Қаженұлы Қостанай қаласының білім беру саласына еңбек сіңірген ардагер-ұстаз, білім берудің шебер ұйымдастырушысы, өз ісіне адал берілген, биік дәрежелі кәсіби маман.

– Ұлағатты ұстаз, Ыбырай Алтынсариннің ізбасары деп айтуға болады. Ы. Алтынсарин мектебінде бірнеше жыл мұғалім, кейін сол мектептің басшысы да болған еді. Бұл кешке зиялы қауым өкілдері , ағаймен бірге мектептің ыстық-суығына көніп, қаншама жылдар бірге еңбек еткен ардагер ұстаздар мен тәрбиешілер келді. Осы мектепті бітіріп шыққан түлектер құттықтауға келіп отыр, – дейді облыстық Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінің қызметкері Шынар Досмағанбетова.

Іс-шараға білім беру саласының озық қызметкерлері, ардагер ұстаздар, еліміздің өркендеу жолында еңбек етіп жүрген шәкірттері қатысты.

– Ы. Алтынсарин мектебінде 20 жылдан артық қызмет атқардыңыз. Біздің кезімізде қаншама түлектерді оқытып шығардыңыз. Міне, 85 жас мерейтойыңызбен құттықтаймын, жүз жасаңыз, – деп Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев құттықтады. Оған қоса облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтау сөзін жеткізді.

Бірге жұмыс істеген әріптестерінің айтуынша, ардагер ұстаз біраз жылдан бері құрметті демалыста отырғанымен, мектептен қол үзген жоқ. Өзі еңбек еткен дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатқа аптасына, айына бір бас сұғып, мұғалім-шәкірттермен кездесіп, ақыл-кеңесін айтып отырды. Тіпті демалыс күндері келіп балаларға физика пәнің үйретіп жүрді.

Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатында 40 жылға жуық ұстаздық еткен Беген Қаженұлының тәлімін көрген жүздеген шәкірт бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр. Олардың көбі өз саласында жоғарғы жетістіктерге жетіп, табыс биігін бағындырған елдің қалаулы азаматтары.

Аяжан СЕРІК,
фотоны түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77