Культура Новости

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың «Шаңырақ» жастар театры Мұхтар Әуезовтың «Абай» спектаклін сахналады

Қойылым Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналды

Спектаклге оқу орын ректоры, проректорлар, институт директорлары, профессорлық оқытушы құрам, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Қойылымның қоюшы режиссері әрі «Шаңырақ» жастар театрының жетекшісі «Еңбек ардагері» медальінің иегері Айсауле Әбдешқызы. Ол кісі бұл спектакльге үш ай уақыт дайындалғанын айтады.

– Бұл қойылымға қазан айынан бастап дайындық жүргіздік. Желтоқсанның 25-і күні спектакл толық дайын болды. Алайда, студенттердің демалыс уақытына тұс келіп қалды. Кейін студенттер демалыстан оралған соң, қорытынды дайындық жұмыстарын жүргізіп, қойылымды ақпан айына белгіледік. Спектаклді студенттер сахыналағандықтан, барынша жастарға икемдеуге тырыстым. Жастар арасындағы орын алатын кикілжіндерді, жас ерлі-зайыптылар арасындағы түсінбеушілікті қалай шешуге, қалай ушықтырмауға болады дегендей, жастарға ой саларлық бағытта ышқамдадым. Сондай-ақ, қойылымның тағы бір өзегі, қазақ халқы жік-жікке бөлінбей, біріміздің етегімізден тартпай тату-тәтті ғұмыр кешсін деген мағынада болды. Қойылым барысында екі тобықтының арасындағы, ағайының арасындағы өзара тартысты, сырттан келген Айдарды итеріп екі арада дау туындап, тартысқа түсуі баяндалады. Кейін Айдар өз ғашығына қосылады, алайда қастандықтың кесірінен дүние салады. Абай болса әкесінің жасағаны үшін халықтан өзі кешірім сұрайтынын жеткізеді. Осының барын алып келіп, ең сонында татулыққа бейімдеп әкелдім, – дейді Айсауле Әбдешқызы.

Айта кетейік, «Шаңырақ» жастар театры 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, алайда осы жыл аралығында бір жарым жылдай қаржының тапшылығынан театр жұмысы тоқтап қалған болатын. Енді міне тамырына қайта қан тарап, оқу орын ректоры Алма Іргебайқызы өзі бас болып қолдау білдіретінін жеткізді.

– Ерекше лебізімді ұжымға білдіргім келеді. Спектакл барысында мен өзімді оқу орын мәжіліс залында емес, құдды бір театрда қойылым тамашалап отырғандай сезіндім. Тіпті студенттер сахыналап жатқаны да бір сәт естен шығып кетті. Өйткені біздің студенттер кәсіби актерлерше ойнай білді. Шығармашылық ұжымға табыстар тілеймін. Айсауле Әбдешқызына алғыс айтамын. Театрға қолдау болады, – деді ҚМУ ректоры Алма Дощанова.

Абай рөлінде Жәнібек Сұлтанбек есімді ҚМУ-дың 2-курс студенті сомдады.

– Ең алдымен Айсауле Әбдешқызына алғысымды білдіргім келеді. Абай рөліне мені таңдап алғаны үшін, негізінен осында жүрген жігіттердің қай-қайсы да лайық еді осы рөлге. Өз басым Абай рөліне дайындық барысында қосымша ақпарат көздерінің көмегіне жүгіндім. М.Әуезов театрында қойылған «Абай» спектаклінде Абай рөлін сомдаған белігі актер Азамат Сатыбалдыдан барынша тәлім алуға тырыстым, – дейді Абай рөлін сомдаушы Жәнібек Сұлтанбек.

Абайдың жары Әйгерімнің рөлінде ҚМУ-дың Заң мамандығы бойынша 3-курс студенті Жансая Төлендіқызы.

– Менің спектаклде сомдаған рөлім Абайдың жары, ел анасы Әйгерім. Жауапкерлішікті өте жоғары деп сезіндім. Айналамдағыларға қамқор болып, мейірімімді төгу керек. Сөйлейтін жерде сөйлеп, тәкәпарлық танытаны жерлері де болады. Мысалы, Тәкежан (жағымсыз кейіпкер) өзімнің қайыны-ағам болса да, мен оны жақтырмай, Абайдың қолдаушысы болып тұрдым. Дайындың басында менде өзге рөл болатын, кейін режиссер маған Әйгерімнің рөлі көбірек келеді деп, осы рөлі берді. Берліген рөлді жақсы алып шығуға барынша тырыстым, – дейді Жансая Төлендіқызы.

Оқу орын профессоры Қалқаман Жақып пен білгілі ақын, жазушы, публицист, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет сөз алып, лебіздерін білдірді.

– Университетімізде тарихи тұлғаға арналған, тарихи оқиғаның куәгері болдық. Шынында да, мен де саханада біздің студенттер екенін ұмытып кеттім. Кәдімгі бір кәсіби санынаның шеберлері ойнаған сияқты сол Абайдың дәуірінен бірақ шықтым. Студенттер қай рөлді де жақсы дәрежеде сомдады. Бір сөбен айтатын болсақ Абайдың ұлы гумманист екенін дәлелдеді. Өзінің жұбайы Әйгеріммен ізгі қарым-қатынасы, жастардың ғашықтық сезімдерді де кеңінен қамтылған. Абайдың өз басында, өзінің өмір сүріп отырған әлеуметтік ортасындағы небір қайшылықтарға мойымай, қазақтың келешегі қандай болу керек деп айтқан Абайға дейін де, одан кейін де ешкім болған жоқ, – деді Қалқаман Жақып.

– Жалпы жастарға рахмет. Әр қайсын бөліп жаратыны жоқ, өздеріне берілген рөлді сәтті алып шықты. Сүйсініп отырдым. Бұл біздің университеттегі, Абай танудағы, Абай ілімін одан әрі дамытудағы кезекті бір кезең деп білемін. Өйткені, біз Абайды әлі танып болған жоқпыз. Абайдың 150 жылдығын 25 жыл бұрын тойласақта Мұхтар Мағауин жазғандай, Абайдың алдында әлі де қарыздармыз. Абайдың текстологиясын әлі дұрыстай алмай келеміз. Мысалы, Абай айтады «Махаббатсыз дүние дос» дейді, оны біз шығармаларында, қайта басылымдарында «Махаббатсыз дүние бос» деп жазып жүрміз. «Махаббат» дегенді тура түсінбеу керек, ол Аллаға деген махаббат. Шынында «махаббатсыз дүние бос» емес, Махаббаттсыз – «дүние» «дос» «мүлік» «дос», Абай осыны айтып отыр, – деді ақын Ақылбек Шаяхмет.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77