Культура Новости

Ақбар қажы Жолбарыс Баязид құрметке бөленді

Қостанайда Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Ақбар қажы Жолбарыс Баязидтің 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

Кешке Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Қонысбайұлы Жүндібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шыңғысұлы Бектұрғанов, Қостанай облыстың мешітінің өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет, кеш иесінің сыйлас замандастары, зиялы қауып өкілдері, кәсіпкерлер, қала тұрғындары қатысты.

Көптеген жыр жинақтардың авторы, «Құрметті Қажы» алтын төсбелгісінің иегері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Ақбар қажы Жолбарыс Баязид пен абыз ақсақалымызбен 62 жыл отасқан өмірлік серігі, «Құрметті Қажы» алтын төсбелгісінің иегері Зейнел қажы Мұқашқызы сахна төріне шақырылып, құттықтауларды ыстық ықыласпен қабылдады.

Қостанай облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетовтың арнайы құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Марат Қонысбайұлы Жүндібаев оқып беріп, сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ, Елордадан арнайы құттықтай келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шыңғысұлы Бектұрғанов сөз сөйледі.

–Құрметті Болбарыс қажы Баязид, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Сонымен бірге мен екі тапсырманы арқалай келдім. Біріншіден ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөнінде комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімованың арнайы құттықтау хатын табыс етсем. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагер» деген төсбелгісін табыстасам. Бұл төсбелгіде «Игілік, Абырой, Даңқ» сөздері бар, ал сіз осыған жеткен адамсыз, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шыңғысұлы.

Құрметті кеш иесін сырттан да құттықтаулар жолдап, лебіздерін білдірушілер қатары аз болмады. Мәселен, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Сіздің сұңғыла сөз сырына үңілуіңіз, өлең әлеміне іңкәрлігіңіз оқырман қауымды бей-жай қалдырған емес.

Қарымды қаламыңыздан туған «Бақытымның бұлағы», «Жыр-ғұмыр», «Жыр-дүние», «Жыр мен сыр», «Ақиқаттың ақ шыңы», «Аққу сезім» сынды бірқатар жыр кітаптарыңыз бен ноталарымен бірге жарық көрген «Махаббат оты сөнбейді» атты әнге арналып жазылған өлеңдеріңіздің жинағын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын қорына қосылған мол мұра, рухани қазына деп есептейміз» депті.

Енді бүгін осы жинақтардың қатарына жарық дүние есігін ашып тұрған «Махаббатпен жаралған адамзатпыз» жыр жинағы да еніп отыр деп құттықтау хат жолдаған. Ал қазақтың әлемге танымал классик жазушысы Мұхтар Мағауин де абыз ағасына деген көлемді құттықтауын мұхиттың арғы бетінен жолдап отыр.

АҚШ-тан Наталья Найбургер, Вашингтоннан Бакауушиндер әулеті, Мэриленд штатынан Мәлика Самат және осы Құрама штаттарынан Баязид әулетінің замандасы, достары Дервидтер отбасы, сондай-ақ, Германиядан Винсент пен Майя Шилб әулеті арнайы хат жолдаған екен.

Кеш барысы мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндермен өрліп отырды. Сонымен қатар ақынның поэзиясына да кезек беріліп, көрерменге ұсынылды.

Кеш соңында мерейтой иесі сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға, қолдау білдірген облыс әкімі Архимед Бегежанұлына ізгі лебізін білдірді. Өзінің өлендерін, жырларын ыстық ықыласпен қабыл алған жыр сүйер қауымға, сыйлап, құрметтеп қанынасып отырғандарға рақмет айтты.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77