Өкінішке қарай өмірде барлық ана балалы болу бақытына кенелмеген. Кейде денсаулық болмай, балалы болуды аңсайтындар көп
Ондайда дәрігердің, емшінің табалдырығын тоздырып, отбасын сәби үнімен толтырғысы келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында «Аңсаған сәби» бағдарламасы туралы алғаш рет айтты. Экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтіп, 7 мыңға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал оған дейін экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасы тек тегін медициналық көмек көлемінде жүргізілетін еді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әрбір бесінші-алтыншы отбасы бір перзентке зар екен. Кейбір отбасылар ажырасып жатады, кейбірі мәселенің шешімін іздейді. Әдетте, оның шешімі біреу. Ол – халық арасында ЭКО атанған экстракорпоральды ұрықтандыру. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аса қымбат осы медициналық көмекті мұқтаж отбасыларға қолжетімді етті. Қолы жете алмай жүргендер кезекке тұрып, бағын сынады. Қуаныштысы, балалы болып, отбасын бақытқа кенелтіп жатқандар жылдан-жылға артып келеді.
–«Аңсаған сәби» бағдарламасы елімізде 2021 жылдан бастап қолға алына бастады. Жыл сайын республика бойынша 7 мың квота бөлінеді. Бұл өте жақсы бастама. Осы бөлінген квотаны диспансердегі кезекте тұрған әйелдер санына қарай әр өңірге бөледі. Біздің облысқа 2021 жылдан бастап бөлінген квота саны жыл сайын артып келеді. Осы төрт жылдың ішінде 900-ден астам квота берілген екен. Осы мыңға жуық квота игеріліп, жолдамамен жіберілген 300-ден астам әйел жүкті болған. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Себебі жүктілік бір дегеннен бола бермеуі де мүмкін, – дейді облыстық аурухананың медико-генетикалық бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы, акушер-гинеколог Светлана Владимировна.
Светлана Сиразетдинова осы салада 30 жылдан артық еңбек етеді. Небір жағдайларды көрген. Ерлі-зайыптылар көбіне бала сүйе алмай қиналғанда үміттті үзбей дер уақытында қаралу керек дейді дәрігер. ЭКҰ арқылы бала көтеру үшін де белгілі шарттары бар екен.
– Осы квотаны алу үшін ерлі-зайыптылар тұрғылықты жері бойынша емханаларға барады. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. Одан әрі біздің бөлімге келеді. Біз кезекке қоямыз. Қазіргі кезде ЭКҰ-ға жолдама алудың көрсеткіштер қатары көбейді. Бұрын қандай да бір талаптары болатын. Сол шеңберден асып шыға алмайтынбыз. Егер әйел түтікшесі бітеліп қалған болса немесе жоқ болса, ер адамдардың ұрығы сапасыз болса, тағы басқа да бала көтеруге кедергілер болса, бірнеше рет түсік тастаған әйелдер болса қаралып қорытынды жасалады. Бұрын жас жағынан шектеу болған, қазір оның бәрі алынып тасталды. Бірақ гормон, ер адамда спермограмма сай болуы тиісті. Ем алушы тізімге қарай өзіне ыңғайлы қаланы таңдайды. Себебі белгілі бір уақыт бойы сол жақта болуы керек. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы, – дейді Светлана Сиразетдинова.
Биылғы жылы Қостанай облысына 270 квота берілген. Квота жыл аяғына дейін әлі игерілуде. Жыл соңына дейін әлі уақыт бар. Қараша айына дейін бөлінген квота түгелімен игеріліп, кезектегі әйелдер жолдама алулары тиісті. Бірақ өмірге ұрпақ әкелу – тек әйелдердің проблемасы емес. Өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Біздің қоғам отбасында бала болмай жатса бірден әйелді кінәлап, бар ауыртпашылықты артамыз. Ал статистика бойынша бедеу әйел мен белсіз еркектің саны қатар артып келеді екен. Сондықтан баланың болмауына тек әйел емес, еркек те себепкер.
–Дәл қазіргі уақытта 400-ден астам отбасы кезекте тұр. Ал еліміз бойынша шамамен 17 пайыз әйел бедеулік бойынша тіркелген. Оған көптеген себеп бар. Көбіне жыныстық қатынас арқылы берілетін инфекциялық аурулар себепші болып жатады. Одан да басқа себептер жетерлік. Гормондық жетіспеушіліктер, ер адам тарапынан да ұрықтың сапасыздығы да көп кездеседі, – дейді дәрігер. – Ерлі-зайыптылар бір жыл бойы сақтанбай жыныстық қатынасқа түссе де бала көтере алмаса бұл бедеуліктің басы. Қандай жағдай болмасын бір жылдан артық бала көтере алмаса дәрігерге қаралуға кеңес берер едім. Біздің облыстық медико-генетикалық бөлімге келуге болады. Әрине, ЭКҰ-ға бәрі сай келе бермейді. Сондықтан біздің дәрігерлер бәрін алдын-ала қарайды, саралайды. Сосын барып шешім шығарамыз. Кейбіреулер емделіп жүріп те жүкті болып жатады. ЭКҰ-ға жетпей-ақ көтеретіндер бар. Ал өзгелерде онсыз болмай жатады.
ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы болуы және МӘМС болуы шарт. Мамандар мына жағдайларда ғана науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы.
–ЭКҰ-ға жібермес бұрын біз әйелді тексереміз. Зертханалық сараптамалар жүргізіледі. Бастысы МӘМС болса болды. Бұл өте жақсы бағдарлама. Қаншама жұбайларға балалы болуға жол ашты. Егер осы жолмен бала көтерер болса миллионнан артық қаражат қажет болар еді. Барлық адамдарда ондай қаражат бола бермейді. Бір рет барып, сәбилі болып, енді екінші баланы жоспарлап жүргендер де бар. Жақында ғана осындай отбасы келді. Олардың бағдарлама арқылы туған балалары екі жасқа толып қалған. Енді екінші балаға дайындалып жүр. Осы төрт жылда 300-ден астам әйел бала көтерсе, олардың арасында егіз туғандар да жетерлік. Тіптен үшем туғандар да бар, – дейді Светлана Владимировна.
Балаға зәру отбасылардың жылдан-жылға артқанына қарамастан репродуктивті медицинаның мүмкіндігі де жоғарылап, жан-жақты дамып келеді. Елімізде ЭКҰ жасаудың барлық мүмкіндігі бар. Ал оған тегін қол жеткізуге жол ашқан бағдарламаның болғаны қуантады. Шаңырақты шайқалтпай ұстау үшін әрекет етіп, барлық мүмкіндікті қолданып көру керек. Бірақ денсаулық бізге берілген аманат. Осы аманатты қадірлей білейік. Ұрпақ көбейсін. Шаңырақ шайқалмасын.
Аий ӘБДІЛДА,
суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77