Біздің Қостанай

Ақын әлемі: Өмірі өнермен өрілген

Қазақстанның халық ақыны – Әсия Беркенова 70-жаста

Халқымыздың бекзат өнерінің бірі – айтыс. Сонау, ХХ ғасырда халық жадынан өшіп бара жатқан өнерге жарығын түсіріп, қайта жаңғыртып, биік деңгейге көтерілуіне зор үлесін қосқан ақындардың алдыңғы қатарында Әсия Беркенова тұр. Сол кезеңде күллі Қостанай жұртшылығының мақтанышына айналып, бүгінде сыйлы кісілердің қатарында тұратын, ел арасында қадірі артқан халық ақыны – 70 жасқа толып отыр.

Кейіпкеріміз Әсия Әйіпқызы Әулиекөл өңіріндегі Сұлукөл деп аталатын ауылда дүниеге келді, ал өскен ортасы Ноғайкөл ауылы.

– Менің балалық шағым Ноғайкөл деген шағын ауылда өтті. Нағашы атам Жұмағали өте өнерлі кісі еді, домбырашы және түйін түйген ұста адам болды. Ол кісі мені кішкентайымнан домбыраға баулып, домбыраның құлағына ағаштан ойып жасалған ортекелерді іліп, күй тартқанда олар билейтін. Мен оған қатты қызығып, атамнан домбыра үйрендім. Қазақта «басына жастап қою» деген ырым бар, әжем үнемі маған сол ырымды жасайтын. Анам Ақтас та әнді жақсы айтатын. Ол кісінің әдемі қоңыр даусы бар-тын. Мен де кішкентайымнан әнге әуес болып өстім. Ауылдың шағын клубында үлкендер жиылып концерт қоятын, сонынан мені шығаратын. Қолдан жасалған орындыққа шығып ән айтушы едім. Сол кездерде сырнайға да қызығып, анам сатып алып берді. Сырнаймен өзімше қосылып ән шырқаушы едім, – деп балалық шағын еске алады кейіпкеріміз.

Бастауыш сыныпты бітірген соң, Әсия Әйіпқызы Әулиекөлдегі Шоқан Уәлиханов мектебінде оқуын жалғастырады. Талантты қыз мұнда ұстазы Сағындық Досмағамбетовтен тәлім алды. Сағындық ағай домбырашылар ансамблін құрып, драма үйірмесін ашқан. Әсия Әйіпқызы осы мектептің үлгілі өнерпазы болды.

Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған Әсия Әйіпқызы Науырзым ауданына қарасты Өлеңді орта мектебінде ұзақ жыл ұстаздық етті. Шәкірттерге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ақындық өнері әуелден бар Әсия 1980-ші жылдары айтыс өнері қайта жаңғырған тұста, өз ауылында өткізуге ұсыныс жасайды.

– Ол кезде теледидар да дұрыс көрсетпейді. Алматыда өткен айтысты әйтеуір баспасөз бетінен оқыдық. Содан біздің үйдің отағасы «Сен осы айтысқа неге қатыспайсың. Мынау сенің қолың ғой. Отырған жерде бірден суырып салып, еркін өлең шығарасың» – деді. Ол кезде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүрген кезім. Бірде Аудандық оқу бөліміне есеп тапсыру үшін барғанымда, сол кездегі мәдениет бөлімінің басшысы Есетай Қалқаев деген азаматты кездестірдім. Бірден: «Есетай, біз неге осы айтыс өткізбейміз. Басқа жерлерде айтыс өтіп жатыр ғой, біз де ұйымдастырайық» – деп ем, ол күлді. – Кім айтысады, айтысатын адам қайда? – деді. – Біреуіне мен айтысайын, – деп ем, – Сен орыс тілінің мұғалімісің ғой, қалай айтысасың? – деді. – Ол жағын өзім қолға аламын, мен айтысам. Бізде Әбілқасым Тәңірбергенов деген кісі бар – қазақ тілінің мұғалімі. Ол да өлең шығарады. Аңсаған Төрин бар. Ол да өлең шығаратын кісі. Мінеки, үш айтыскер бір ауылдан шығып тұрмыз. Бас ақынға Ғаппас Тұралин ағамыз бар, – деп ем. Ә-ә! Мынау ойланарлық нәрсе екен деп, кәдімгідей тосылып қалды, – дейді Әсия Әйіпқызы айтыс сапарының бастау кезеңі жайында.

Осылайша аудан-аудандарда айтыс өткізіле бастады. Кезек Науырзым ауданына да жетеді. Ол айтысқа Әсия Әйіпқызы да қатысып, Қасымхан Алдабергеновпен сөз қағыстырады. Одан кейін облыстық айтыстарға қатысып, соның бәрінде де жеңімпаз атанды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтысқа барды. Алматы төрінде алмастай жарқыраған алдаспан тілді ақынның есімі осы айтыстан соң дүйім қазақ еліне танылды. Айтыс өнеріндегі Әсия дәуірі осылай басталған еді.

Әсия Әйіпқызының айтыстағы имиджі бөлек, мақамы да ерекше болды. Сахнада әркез ұстамды болды. Жеңіл ұйқасқа бол алдырмай, әйел заты болса да, қарсыласымен салмақты айтыс жасай білді.

– Мені көрермендердің көбісі «қардың қызындай», «қатып қалған», «күлмес ханның қызы» деген сияқты сыртымнан айтып жүретін. Айтыста да көбіне қарсыласымнан еститінім осы еді. Мүмкін менің сахналық имиджім осылай қалыптасқан болар. Бірақ мен ойлаймын әдейі жасап алған жоқпын деп. Бұл менің өзімнің табиғатыма, әсіресе ұстаздық мамандығыма өте сәйкес бет-бейне, келбет шығар. Өйткені сабаққа кірердің алдында дәлізде өзіңнің әріптесіңмен сыныпқа жеткенше жымиып сөйлесіп келе жатсан да, сыныпқа кірген сәттен бастап, сабақ барысында ұстаз ретінде өзіңді жинақы ұстамасаң болмайды ғой. Осы әдет маған қалыптасып қалған болуы керек. Сахналық келбетім де осылай жасалды. Бірақ маған айтыста өте дөрекі қарсылас кездескен емес. Шорабек Айдаровпен жақсы айтыс болды. Қатимолла Бердіғалиевпен айтысымыз ерекше шықты деп айтар едім. Әсіресе, Бекарыс Шойбеков, Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы деген сынды ақындармен айтысқан ұнайтын. Олармен айтысымыз сыйластыққа құрылатын. Олар аялап, көтеріп, мерейіңді өсіріп отырып айтысатын. Сондай-ақ, Серік Құсанбаев, Абаш Какеновтер інілік ізетке толып, әзілі орынды айтыс жасай алатын. Бірде, Таразда 1996 жылы Жамбыл бабамыздың 150 жылдығына айтыс болды. Сонда марқұм болған Есенқұл Жақыпбекпен айтысқа түстім. Есенқұл өзі әзілге бейім болатын, айтыс барысында да әзілдесіп отырып, елді де күлдіріп, өзіміз де еркін айтысқан едік. Кейін Есенқұл, Әсия айтыста күледі екен деп, сахна сыртында айтып жүр. Әр нәрсені сұсыңмен емес ақылмен қабылдағанды жөн көремін.

Ал, айтыстағы мақамымның авторы жоқ деп ойлаймын. Мен оны мысалы, ең бірінші айтысқа шыққан кезде жазған жырымды домбыраға салып айтып жүргем, шумақтарды айтып соған түрлі әуенге келтіріп. Кейін өздігінен осы мақам туды деп айтар едім. Мен оны біреуден алдым деп те ойламаймын, өзіме қайдан келгенін де білмеймін. Осы әуенге өзім салып, әрі қарай алып кеттім. Бірақ оның иесі бар деп айта алмаймын, маған ешкім үйреткен де жоқ, мен біреуден үйренген емеспін. Өз ішімнен осы әуен кенеттен туды. Сондықтан, әзірше иесі өзім. Бірақ ол маған қайдан келді мен оны білмеймін. Ал, қазір әуеніне қарап тыңдаушы ешкімді айыра алмай қалды. Кезінде мені әуеңімнен танитын, Әселханды әуенінен танитын, Серік Құсанбаевті әуенінен танитын. Сондықтан, әуеннің ерекшелігімен айтыстың тарихында жүрміз. Әр ақынның өзінің әуені, әуезі, мақамы ерекшеленіп тұрғаны жақсы шығар деп ойлаймын, – дейді Әсия Беркенова.

Әсия Әйіпқызы қазіргі таңда республикалық, халықаралық айтыстарда қазылар алқасы мүшелігінде жүреді. Сондай-ақ, Қостанай ақындарына әркез ақыл-кеңесін беріп, айтыстағы анасына айналды.

– Әр заманның өз сұрқылтайы бар. Мен жергілікті ақындарға сын айтудан аулақпын. Бірақ, ақыл айтуға хақым бар. Сахналық өнер өнегеге толы болуы керек. Өйткені ол көпке арналған өнер. Бастысы сөз әрине. Сонымен қатар, киген киім, сахнадағы отырыс, сөз бен мақам жарасымын табу керек деп есептеймін. Біздің жергілікті ақындар үлкен сахнаға шыға алмай жүр. Үлкен сахна жауапкершілікті арттырады. Өзара айтыса бергеннен ақын өспейді. Өйткені, олардың өз асханасы бар. Өздері түсінеді менің нені меңзеп отырғанымды. Қазір, тек Айбек Қалиевті ғана Қостанайдың атынан ел таниды. Ал, шәкірт жөнінде айтсам, алдымен біздегі ақын болып туған жас ақындар, өздері талпынып өлең шығарып, айтысуға талпынып алдыма келеді. Бар ақылымызды айтамыз. Бірақ «анау менің шәкіртім, мынаны мен ақын қылдым» деп лепіргенді жақтырмаймын. Сөз көмегіміз тиген шығар, бірақ олардың ақындығы Алла берген сыйы, – дейді Әсия Беркенова.

Әсия Әйіпқызы 2000-шы жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жанынан «Өнер студиясын» ашты. Орталық бүгінде жастар шығармашылығын шыңдайтын нағыз өнер мектебіне айналған. Студияда талапкер ақындармен қатар, өнерлі жастар тәлім алады. Мұнда «Бәдрисапа» би тобы, вокал сыныбы, домбырашылар ансамблі жұмыс істейді. Бүгінде есімдері республикаға танымал талай талантты жастар осы «Өнер студиясынан» түлеп ұшты. Олар түрлі салада қызмет етіп жүргенімен, ақындық, әншілік өнерден қол үзген жоқ.

– Ахаң атындағы оқу орын жанынан «Өнер» студиясын ашып, сонда жетекшілік етіп жүрмін. Бұл студияның тәлімін өзіңде алдың. Бойында тарыдай өнері бар жастарды тәрбиелеп, таудай қылып шығарып жатырмыз десем артық айтқаным емес. Біз берген Қоғамдық сертификатпен жұмыс істеп жүрген түлектеріміз көп, олар маған мақтаныш. Студияның ықпалымен мамандығын өзгерткен студенттеріміз баршылық. Айталық, Азамат Малышев Алматы консерваториясын бітіп, қазір опера және балет театрында солист. Ал, ол шет тілі мамандығында оқыған болатын университетте. Фариза Аюпова, Сымбат Ерік деген қыздарымыз би үйірмесін бітіріп, қазір қоюшы-хороеграф болып жұмыс істеп жүр. «Өнер» студиясы өнерпаздарға кәсіби әрдайым көмегін аямайды, – деп өзінің жұмыс барысынан ақпарат бере кетті апай.

Айтыс арқылы елге танылған Әсия Беркенова бүгінде 70 жасқа толып отыр. Сол заманда отбасы мен айтысты қатар алып жүрген өнер иесінің отағасына алғысы шексіз. Сонау 1990-жылы «Қазақстанның халық ақыны» атағын иеленген Әсия Әйіпқызы бүгінде де құрмет-мадақтан кенде емес. Бүгінде, «Қостанай облысының құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Әсия Беркенова, осы марапаттардың бәрінен халықтың берген бағасының зор екендігін айтады.

– Отбасы бар әйел-анаға айтыс үшін үйден жырақ кетіп, жол жүре беру оңай емес. Ол жағынан жолдасымнан көп қолдау көрдім. Оған рахмет айтудан жалықпаймын. Менің өнердегі жетістігім екеуімізге тең деп білемін. Әйелдің 70-ке келдім деп жар салуы біреулерге ерсі көрінуі мүмкін. Бірақ, мен үшін бұл өте қымбат жас! Себебі менің әке-анама бұйырмаған жас… Ең бастысы 70-ке берер есебім дұрыс болса екен деймін. Әр адам өз ақыл-парасаты жеткенше өмір сүреді. Мен де солай, біреулерге ұнап, біреулерді кейітіп жүрген болармын. Ең бастысы ешкімге қиянат жасамауға тырысамын, – деп қорытты Әсия Беркенова.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77