COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

105301

Выздоровевших

109766

Зарегистрированных случаев

3557

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1796

Летальных случаев

Культура

Абай – 175 жыл: Жас ақындар республикалық байқауда бақ сынабақ

Қостанай өңірінен үш жас ақынға жолдама берілді

Ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай өңірлерде мәдение-рухани бағыттағы шаралар өтуде. Осындай ауқымды шаралардың бірі – ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан республикалық жас ақындар байқауы.

Абай тойы қарсаңында ұйымдастырылған мүшәйра республикалық жас ақындар байқауы аясында Қостанай облысында өткен өңірлік кезең барысында, ұйымдастырушылардың бастамасымен арнайы жас ақындар мен жазушылар үшін шеберлік сағаты онлайн өтті.

Шеберлік сағатты филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы, Халықаралық, Республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, айтыс ақтаңгері, аталмыш байқаудың қазылар алқасының төрағасы Айбек Киікбайұлы Қалиев өткізді.

Тобыл-Торғай өңірінен 34 жас ақын мен жазуға қалам тартып жүрген жас жазушылар әдеби дәрісте қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сыны, сонымен қатар әдебиет жанрлары жөнінде кеңінен мағлұмат алды. Айбек Қалиев өткізген шеберлік сағаты барысында жас қаламгерлер сұрақ қойып, белсенділік танытып отырды. Айбек Киікбайұлы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің шығармашылықпен айналысудағы әдебиетшілер үшін маңыздылығына тоқталды.

Ал, «әдеби жазу дағдыларын дамыту» тақырыбында өткен онлайн тренингті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстан» ТРК АҚ ҚОФ директорының орынбасары, Бас–редакторы, Республикалық, Халықаралық әдеби байқаулардың жеңімпазы Абылай Фазылханұлы Мауданов өткізді. Абылай Фазылханұлы тренинг барысында жас ақындардың өлеңдеріне тыңдап, оған талдау жасады. Өлең жазумен машықтанып жүрген жас ақындармға ақыл-кеңесін беріп, өлеңнің ішкі мазмұны, көркемділігіне тоқталды. Шындалу жолында нендей дүниелерді ескеру керектігін айтты.

«Педагогикалық ғылымдар академиясы» ұйымдастырған мүшәйраға 16-29 аралығындағы Қостанай облысының ақындары бағын сынап, байқауға 34 жас өз шығармаларын ұсынды.

Жарыстың қатысушысы жас ақын Дәулет Жадырасын Абайға өлең арнау барысында көп ізденгенін айтады.

– Абай Құнанбайұлына арналған «Жұмбақ» атты өлеңімнің жазылуына басты әсерін тигізген абайтанушы Мекемтас Мырзахметов десем қате айтпаған болар едім. Ол кісінің сұхбаттарын тыңдай отырып, Абай бабамыздың әлі де ашылмаған қырлары бар екенін, әр сөзінің астарында үлкен мән, мағына жатқанын ұғуға болады. Ол кісі Абайға тек бір бағыттан қарау жеткіліксіз екенін, әлі де зерттелу керек екенін айтып өтеді. Сондықтан да өлеңнің атын «Жұмбақ» деп атаған болатынмын. Яғни, өлеңде Абай бабамыздың асқақ тұлға екенін, астарында ұлылық жасырынғанын айтқым келіп, бабамызды Айзбергке теңеген болатынмын, – дейді жас ақын Дәулет.

Байқаудың шарты бойынша өңірлік кезеңнен үздік саналған үш шығармашылық жұмыс республикалық кезеңге жіберілетін болады. Қазылар алқасының шешімімен Тобыл-Торғай өңірінен Дәулет Жадырасын, Батырлан Сағынтаев, Сәтбекқызы Дәния байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

Іріктеу кезеңінен өткен ақындар 1–20 қазан аралығында өткізілетін әдеби доданың қорытынды кезеңінде Қостанай облысының намысын қорғайтын болады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

ЖҰМБАҚ

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!»

Абай.

Ғақлияттық хақында ғасыр әні,

Шырқалғанда шындық та бас ұрады.

Анау қырда жерленген асыл Баба,

Адамзатқа бір жұмбақ жасырады.

Тылсым құшып теңдессіз ғұмыр сөнген,

Сөздерінің ұқса ғой түбін зердем.

Оны көрем жанымнан және Оған,

Өз жанымды көремін үңілсем мен.

Тән сұрауын тапқанға айыз қанып,

Тереңдікті жүрміз-ау тайыз көріп.

Ұшы ғана ұшанда көрінетін,

Ағараңдап тұр әні Айзберг.

Ағараңдап тұрған ол Бабамтұғын,

Алыптығын көрмесем – қараң күнім.

Астындағы асқақтық ұғындырар,

Ғаламатқа бастайтын ғалам тілін.

Жасырғаны сондағы, ол қай жұмбақ?

Ол жұмбақтың жауабы сондай қымбат.

Кереметті көретін кез келеді,

Тылсымды да ұғатын талмай тыңдап.

Қасиеті – қара сөз, нобайы – өлең,

Абай деген адамзат, Абай – әлем!

Жұмбақ, айтшы: қалай мен өмір сүрем,

Қалай пайда болғанмын, қалай өлем?

Сонша терең екенсің, О, Даналық!

Сәуле түсер ғаламға содан анық.

Құпияңды ақтарсаң, қарсы алдымнан,

Қарсы алады, сананы сарсаң қылған,

Ұлылыққа бастайтын жол ағарып.

Сол жұмбақтың жауабы салтым болса!

Парасаттан биіктеп парқым сонша.

Асқақтығын мұзтаудың сезе алсақ қой,

Тіршіліктің теңізі тартылғанша.

 

Өлең авторы: Дәулет Жадырасын


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77